Фото: ашық дереккөз
Reuters мәліметінше, Brent маркалы мұнай бір баррель үшін 63,87 доллар болды. Баға бір күнде 0,8 пайызға өсті. АҚШ-та өндірілетін WTI маркалы мұнай 59,5 доллар деңгейіне жетті. Бұл соңғы бір айдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Нарықтағы басты алаңдаушылық Иранмен байланысты. Елде үкіметке қарсы наразылық күшейіп тұр. Батыс елдері санкцияны қатайтуы мүмкін. Егер Иран мұнайды аз сатса, әлемдік нарықта тапшылық пайда болуы ықтимал. Осы қауіп бағаны көтерді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен байланыс бар екенін айтты. Ол ирандық оппозициямен де сөйлесіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ шерушілерге күш қолдану жалғаса берсе, әскери шара қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Бағаның одан әрі өсуіне Венесуэла cебеп болып отыр. Бұл ел мұнайды қайта көптеп шығара бастайды деген үміт бар. Трамптың айтуынша, Каракас билігі АҚШ-қа санкцияда тұрған 50 миллион баррель мұнай беруге дайын. Қазір компаниялар тасымалдауға кеме іздеп жатыр.
Trafigura компаниясы алғашқы кемесінің осы аптада жүктелетінін хабарлады. Ал Қытайға бағыт алған екі ірі танкер бағытын өзгертіп, кері қайтты. Бұған АҚШ қысымының күшеюі себеп. Қытай Венесуэла мұнайын көп сатып алады. Бірақ «мұнайға айырбас қарыз» жүйесінің болашағы енді бұлыңғыр.
Ресейге қатысты қауіп те нарыққа әсер етті. Украина Ресейдің энергетика нысандарына соққы беріп жүр. АҚШ жаңа санкциялар енгізуі мүмкін. Бұл мұнай жеткізіліміне қауіп төндіреді.
Әзербайжан да мұнай экспортын азайтты. 2025 жылы бұл ел 23,1 миллион тонна мұнай шығарды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24,4 миллион тонна болған.
Соған қарамастан, баға ұзақ уақыт жоғары деңгейде тұрмауы мүмкін. Goldman Sachs сарапшылары мұнай, керісінше, көп өндіріле бастайды деп отыр. Сол себепті нарықта артық көлем пайда болуы ықтимал. Бірақ Иран, Ресей және Венесуэладағы жағдай бағаны құбылтып тұрады.