Азиядағы ең ірі әдеби алаңдардың бірі саналатын көрмедегі ұлттық стендке қазақ әдебиетінің классикалық және заманауи үлгілері, сондай-ақ елдің тарихы мен мәдениетін танытатын басылымдар қойылды.
Мәселен, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбай, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков сынды шоқтығы биік жазушылардың шығармаларын қосқанда жалпы жиырмаға жуық аударма кітап ұсынылған. Ал Абайдың қара сөздері хинди тіліне аударылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге баспагерлер мен аудармашылар ғана емес, Үндістанның жетекші университеттерінде оқитын студенттер де ерекше қызығушылық танытқан.
Тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитовтің айтуынша, қазақ тарихына деген сұраныс айрықша байқалған.
«Бүгінгі Делидегі көрме үндістандық студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе Дели университеті, Джавахарлал Неру университеті, Ганди университеті секілді жоғары оқу орындарының өкілдерінен көп сұрақ қойылды. Олардың басым бөлігі Қазақстан тарихына қатысты болды. Көрмеде ел тарихына арналған кітаптар, қазақ тіліндегі бес томдық «Қазақстан тарихы», Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы туралы басылым, сондай-ақ Мырза Хайдар Дулатидің еңбектері ұсынылды», дейді ол.

Айта кетейік, Үндістандағы халықаралық кітап жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылғалы да жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.
Кітап көрмесіне қатысып жатқан филолог Айнұр Ахметова кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің ағылшын тілді аудиторияға жүйелі түрде таныстырылып келе жатқанын айтты.
Кейінгі жылдары біз Кембридж университеті шығарған екі антологияны ұсынып жүрміз. Оларға ХХ–ХХІ ғасырдағы қазақ авторларының шығармалары енді. Бірі прозаға, екіншісі поэзияға арналған», деді ол.
Ал жас жазушы Әлішер Рахат осындай көрмелерде қазақ әдебиетінің бірнеше тілде ұсынылғаны маңызды екенін тілге тиек етті.
Еске салайық, Нью-Делидегі халықаралық кітап жәрмеңкесі 18 қаңтарға дейін жалғасады. Қазақстан экспозициясын әзірлеуге Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кітапхана және Қазақстанның Үндістандағы елшілігі атсалысқан. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар шетелдік оқырманды қазақ әдебиетімен таныстырып, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтады.