Қандасымыздың қарсыласы, 32 жастағы Тихуана қаласының тумасы спорттың бұл түрімен бозбала шағынан шұғылданып келеді. 2011 жылдан бері түрлі жарысқа қатысып жүр. Сол аралықта 34 кездесу өткізіп, 23 рет жеңіске жетті. 16 бәсекеде айқын басымдық танытты. Жеті рет ұтылып, екі жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Мексикалық марғасқаның UFC-де күш сынасып жүргеніне 10 жылға жуықтады. Бұл ретте де елеулі табыстарға қол жеткізді. 2021 жылдың маусымында бразилиялық Дейвисон Фигейредуді қылқындырып тастап, промоушеннің чемпиондық атағын олжалады. Арада жеті ай өткен соң дәл сол файтерден ұтылып, алтын белбеуден айырылды. 2023 жылдың қаңтарында Фигейредумен тағы да айқасты. Бұл жолы Мореноның мерейі үстем болып, чемпиондық тәжді қайта иеленді. Бірақ «Адам өлтіргіш бала» (Брэндонның бүркеншік есімі) сол жылдың шілде айында Бразилияның беткеұстары Алешандре Пантожаға есе жіберіп, тұғырдан түсті.
Брэндон Мореноның UFC-дегі рекорды – 11 жеңіс, 6 жеңіліс, 2 рет тең түсті. Соңғы рет ол былтырғы 6 желтоқсанда Лас-Вегаста жапо-ниялық Тацура Таирадан ойсырай ұтылды. Соған қарамастан қазір Брэндон UFC-дің рейтингінде 5-орында тұр.
А.Алмабаев – Жамбыл облысы, Сарысу ауданының тумасы. Жасы 31-де. Спорттық мансабын 2013 жылы бастады. Сол аралықта 26 рет октагонға шығып, 23 мәрте мерейі үстем болды. 13 қарсыласын есінен тандырды. UFC-дегі рекорды – 6 жеңіс, 1 жеңіліс. Екі жарым жылдан аса уақыт аралығында «Зұлфикар» (Асудың бүркеншік есімі) Оде Осборн (Ямайка), Си-Джей Вейгара (АҚШ), Хосе Джонсон (АҚШ), Матеус Николау (Бразилия), Хосе Очао (Перу), Алекс Перез (АҚШ) сынды спортшыларды сабады. Асудың әлі тек Манел Капеге (Поругалия) жетпеді. Қандасымыз соңғы екі жекпе-жегін жарқын жеңіспен аяқтады. Бұл күндері Алмабаев UFC рейтингінде 7-орынды еншілеп отыр.