Қоғам • 14 Қаңтар, 2026

Трекер, камера, «ақылды» көлік: Депутат деректер қауіпсіздігіне алаңдаулы

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мүтәлі Әбүтәліп Үкіметке депутаттық сауал жолдап, ел аумағында жасырын бақылауға арналған техникалық құрылғылардың бақылаусыз айналымы мен жаңа буындағы автомобильдер арқылы жеке деректердің шетелге кету қаупіне назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Трекер, камера, «ақылды» көлік: Депутат деректер қауіпсіздігіне алаңдаулы

Фото: istockphoto.com

Депутаттың айтуынша, бүгінде елімізде техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмеген әрі тиісті бақылаудан тыс қалып отыр. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылардың нарықта еркін қолжетімді болуы азаматтардың жеке өміріне елеулі қатер төндіріп отыр.

«Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады», деді депутат.

Депутаттың айтуынша, қазір банк картасы мен интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам ақпаратты жасырын алу үшін техникалық құралды оңай сатып ала алады. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 399-бабында мұндай құрылғыларды өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.

Депутат құқық қорғау органдарының рейдтік іс-шаралары барысында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық заттарға жасырылған бейнекамералар, көзілдірік және флешка түріндегі құрылғылардың сатылуы анықталғанын алға тартты. 

«Алматы, Теміртау және басқа да аймақтарда мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда бұл шаралар жүйелі емес, тек жеке жағдайға қатысты. Нарық еш кедергісіз жұмысын жалғастырып, ауқымын кеңейтіп отыр. Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – сырттан қарағанда заңды, кең таралған әрі сәнге айналған жаңа буын құрылғылардың ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы», деді депутат.

Сондай-ақ ол мұндай құрылғылардың қауіпін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате екенін атап өтті. Оның сөзінше, шешуші рөлді құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілі айқындайды.

Депутаттық сауалда жаңа буындағы автомобильдерге, соның ішінде отандық нарықта аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдеріне де ерекше назар аударылды.

«Сонымен қатар жаңа буындағы автомобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалыстары мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар», деді ол.

Мүтәлі Әбүтәліп халықаралық тәжірибеде мұндай электрониканың «қатаң бақылауға алынған» санатқа жататынын еске салды. Онда міндетті сертификаттау мен лицензиялау талаптары қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылуынан қорғайтынын және теріс мақсатта пайдаланудың алдын алатынын атап өтті.

«Қалыптасқан ахуал алаңдатпай қоймайды. Өйткені кез келген азамат жасырын бақылауға алынуы мүмкін. Алайда азаматтарды мұндай жағдайда қорғау механизмдері әлі толық жетілмеген», деді Мутәлі Әбүтәліп.

Осыған байланысты депутат бірқатар нақты шара қабылдауды сұрады. Атап айтқанда:

  • Азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету;
  • Жасырын бақылауға арналған құрылғыларды сатуды сертификаттау және лицензиялауды міндеттеу;
  • Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Бас прокуратураның қатысуымен құрылғылар айналымын бақылау шарасын белгілеу;
  • Еліміздің аумағында сатылатын және пайдаланылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды;
  • Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеу.