Сурет: opennews.kz
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда Шымкентте 1 миллионнан астам адам, яғни халықтың 81,7%-ы МӘМС жүйесіне тіркелген. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеп отыр. Дей тұрғанмен, қалада жүйеге кірмей қалған әлеуметтік тұрмысы төмен 55 362 азамат бар. МӘМС-тегі соңғы өзгерістер дәл осы санаттағы жандарды қолдауға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D, E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Мамандар мұны осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақтылы алуына жол ашатын тиімді реформа деп бағалап отыр.
Жүйе енгізілгелі бері шаһарда медициналық қызметтердің өрісі кеңейді. Бүгінде Шымкентте 177 медициналық ұйым жұмыс істесе, оның 34-і мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік емханалар. Ең бастысы, әр тұрғын өзіне қолайлы дәрігерді немесе емдеу мекемесін қалауынша таңдай алады. №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позиловтің айтуынша, өткен жылы ауруханада 43 науқасқа МӘМС шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Жалпы, соңғы бір жыл ішінде мұнда сақтандыру жүйесімен 14 938 науқас емделіп, оның 7 206-сына түрлі операция жасалған.
«Қазіргі уақытта біздің клиникалық аурухана 530 төсек орыннан тұрады. Стационарда мыңнан астам адам, оның ішінде ғылым кандидаттары мен жоғары санатты дәрігерлер қызмет етеді. Мамандардың дені шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырып келген. Аурухана ең озық диагностикалық құралдармен жабдықталған. Мұнда асқазан-ішек жолдарына, бауыр, өт, өңешке күрделі операциялар жасалады. Дәрігерлеріміз жамбас буынын ауыстыруды, эндопротездеуді толық меңгерді. Бұрын мұндай қиын операцияларды жасатуға тұрғындар Астана, Алматы қалаларына немесе шетелге сабылатын. Қазір урология, бүйрек, зәр шығару жолдарына қатысты операцияның барлық түрі осында жасалады», дейді бас дәрігер.
Емханада құны 995 млн теңге тұратын жаңа рентгендік ангиографиялық қондырғы іске қосылған. Бұл құрылғы 3D кескінінде тамырларды тексеріп, операция үстінде компьютерлік томография жасауға мүмкіндік береді. Осының көмегімен инсульт алған, ми тамырлары мен бас ісіктері бар науқастарға күрделі операциялар жасалып келеді. Бүгінге дейін дәрігерлер трансплантация бойынша көптеген операция жүргізіп, 244 бүйрек пен 32 бауыр ағзасын алмастырған.
МӘМС нәтижесінде бұрын қолжетімсіз болған қымбат операциялар қарапайым халыққа тегін жасала бастады. Мәселен, былтыр Шымкентте 1 жүрек, 17 бүйрек алмастырылды. Олардың әрқайсысының құны 10 млн теңгеге дейін барады. Ал соңғы бес жылда жүрек орталығында 23 науқасқа құны 77 млн теңге тұратын жасанды жүрек қойылды. Қалтасы көтере бермейтін мұндай шығындарды сақтандыру қоры толық өтеп, қаншама адамның өмірін ұзартты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарованың мәлімдеуінше, өткен жылы мыңға жуық науқас жоғары технологиялық көмек алған. Маман МӘМС-ті жинақтаушы жүйемен шатастырмау қажеттігін ескертеді. Әрбір науқас қанша жарна төлесе де, қажетті медициналық қызметтің кез келген түрін толық көлемде алуға құқылы. Сонымен қатар емханалар пациенттерге МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін жекеменшік клиникаларға да жолдама бере алады. Бұл жағдайда қызмет құны Қор тарапынан төленеді, науқас ешқандай шығын шығармайды. Егер науқас қажетті қызметке жолдама ала алмаса, емхана жанындағы Пациенттерді қолдау қызметіне немесе Қорға ресми өтініш білдіруіне болады.
ШЫМКЕНТ