Жерлестеріміздің арасынан алғашқы болып жарыс жолына Юлия Путинцева шықты. Ол WTA тізімінде өзінен әлдеқайда жоғары тұрған Беатрис Хаддад-Майямен кездесті. Алғашқы сет бразилиялықтың пайдасына шешілгенімен, екіншісінде біздің спортшының мерейі үстем болды. Үшіншісінде де Хаддад-Майя алда келе жатты. Десек те, шешуші тұста ширақ қимылдаған Путинцева камбэк жасап, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып алды – 3:6, 7:5, 6:3. Көп кешікпей кейінгі кездері айы оңынан туып тұрған Александр Бублик бой көрсетті. Еліміздің ең үздік теннисшісі америкалық Дженсон Бруксбиге адым аштырмады – 6:4, 6:4, 6:4.
Кеше Александр Шевченко швециялық Элиас Имермен күш сынасты. Бұл жолы да жанкүйерлер керемет камбэктің куәсі болды. Отандасымыз бірінші сетті қарсыласына беріп қойғанымен, одан кейінгі үшеуін өз пайдасына шешті – 3:6, 7:5, 6:4, 6:1.
Ұйымдастырушылар тарапынан берілген жеңілдіктің арқасында «Үлкен дулыға» санатындағы қатысу құқығына ие болған Зарина Дияс испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты. Пиреней түбегі өкілі жерлесімізден әлдеқайда мықты екенін жұрт жақсы біледі. Кезінде ол әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтеріліп, бүгінде үздіктер тізімінде 70-сатыда тұр. Ұзақ уақыт бойы жарақатымен арпалысқан Зарина бұл күндері небәрі 276-орынды қанағат тұтып тұр. Бұл бәсекеде Бадосаның басымдығы айқын байқалды. Кездесу 2:6, 4:6 есебімен аяқталды.
Бүгін Елена Рыбакина словениялық Кая Юванмен сайысқа түседі. Сондай-ақ біз Александр Бублик/Александр Шевченко мен Марсело Демолинер (Бразилия)/Жан-Жюльен Роже (Нидерланд), Анна Данилина/Александра Крунич (Сербия) Куинн Глисон (АҚШ)/ Елена Приданкина (Ресей), Андрей Голубев/Александр Недовесов пен Томас Мартин Этчеверри/Камило Уго Карабельи (Аргентина) арасындағы жұптық, аралас жұптар арасындағы сайыстар өтеді. Жастардың бәсекесінде Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Даниэль Тазабеков өнер көрсетеді.