Алқалы жиынды еліміздің әр өңірінде өткізу туралы шешім тек тарихи жадымызға деген құрмет қана емес. Сонымен бірге күн тәртібіндегі жалпыұлттық мәселелерді аймақтардағы белсенді азаматтармен бірлесе талқылауға, халқымыздың бірлігін нығайтуға жол ашқан маңызды қадам болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президенттік қызметіне кіріскен күннен бастап, жұртшылықпен ашық диалогқа басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысының алғашқы шешімдерінің бірі ретінде ел тағдырына бейжай қарамайтын сарапшылар мен азаматтарды біріктірген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы – соның айқын көрінісі.
Президент бастап берген қоғамдық диалогтің аясы кеңейіп, уақыт өткен сайын жетіліп, әрдайым жаңа деңгейге көтеріліп отырды. Сонымен қатар азаматтардың ел болашағына атсалысуға деген ынтасы мен белсенділігін арттыра түсті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бесінші Құрылтайда қоғам мен билік арасындағы ашық диалогқа жоғары баға беріп, келешекте оны конституциялық деңгейге көтеруді ұсынды. Бұл – алты жыл бұрын бастау алып, қоғамды ел басқару ісіне кеңінен тартуға бағытталған саяси реформалардың заңды жалғасы.
Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын басатын Халық кеңесі өзге де маңызды функциялар атқарып, мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығының кепіліне айналуға тиіс. Сондай-ақ ол көпұлтты әрі көпконфессиялы еліміз халқы үшін өз мүддесін білдіретін және қорғайтын жаңа да салмақты құрал қызметін атқарады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бір палаталы Парламентке көшу мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл орайда, еліміздің дамуы үшін аса маңызды жайт алдын ала жарияланып, кейінгі алты ай бойы кеңінен талқыланғанын тағы да атап өткен жөн. Оған қатысты ұсыныстарын білдіруге тек Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері ғана емес, қарапайым азаматтар да мүмкіндік алды. Парламент депутаттары да белсене атсалысқан бұл жұмысқа Президент жоғары баға берді.
2022 жылы конституциялық реформадан бастау алған өзгерістер Парламент өкілеттіктерін айтарлықтай күшейте түскенін ерекше атап өткім келеді. Осы аралықта біз Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының түпкілікті жүзеге асуына жүйелі түрде қадам басып келеміз.
Парламентті одан әрі нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар заң шығарушы органның өкілеттігін бұрынғыдан да кеңейте түседі. Тек партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы Парламент түрлі идеологиялық платформалар мен сайлаушылар мүддесінің жүйелі түрде ұсынылуы арқылы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады.
Алты партиялық фракцияның белсенді жұмысы заң жобалау үдерісі мен парламенттік пікірталастың мазмұнын әлдеқайда күшейткенін Мәжілістің сегізінші сайланымының тәжірибесі көрсетіп отыр.
Әлем тарихында қос палаталы құрылымнан саналы түрде бас тартып, бір палаталы парламентті таңдаған елдер аз емес. Бұл көбіне заң шығару үдерісін жетілдіруге және шығындарды қысқартуға ұмтылатын унитарлы мемлекеттерге тән. Жалпы алғанда, ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемдегі барлық ұлттық парламенттер арасында бір палаталы парламенттердің үлесі тұрақты түрде өскені байқалды. Қазіргі уақытта бір палаталы жүйе ұлттық парламенттердің шамамен 60 пайызын құрайды.
Осылайша, бір палаталы Парламент – біз секілді унитарлы мемлекеттер үшін халықаралық стандарттарға толық сай келетін, уақтылы жасалған қадам.
Парламенттің жаңа атауына қатысты Президент ұсынысы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Парламент – демократияның өзегі. Ал Құрылтай қазақ халқы үшін ежелден дала даналығы мен әділдіктің нышаны, ел тағдыры бірлесе шешілетін жер болған. Қазақстан Парламентін Құрылтай деп атау – ата-баба тарихына құрмет көрсету және дәстүр сабақтастығын сақтау деген сөз.
Мемлекет басшысының Вице-президент институтын енгізу жөніндегі ұсынысы да – прогрессивті идея. Конституция бойынша, бұл – елдегі екінші тұлға ретінде ол мемлекеттің саяси бағытын толық жүзеге асыруға жауапты болады.
Осы бірегей әрі батыл шешім Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекетті демократиялық қағидаттар негізінде құру қағидатын берік ұстанатынын айқын дәлелдейді. Мұндай ұстаным қазақстандықтар мен халықаралық қоғамдастыққа Президент саясатының өзегінде мемлекеттік билік вертикалының тұрақтылығы мен айқындығы тұрғанын анық көрсетеді.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы күн тәртібінде тұрған барлық негізгі мәселені қамтыды. Атап айтқанда, салық кодексі мен цифрландырудан бастап, экология, денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылымды дамыту, жастарды қолдау, сыртқы саясат, патриотизм және резонанс тудырған қылмыстармен күреске дейінгі жайттарға назар аударылды. Сол арқылы Президент қоғамды толғандыратын мәселелерді терең білетінін және оларды шешудегі жүйелі көзқарасын тағы бір мәрте аңғартты.
Айта кету керек, жыл басынан бері Президент халыққа екінші рет бағдарламалық сөз арнап, бүкіл мемлекеттік аппарат пен қоғам жұмысына жоғары қарқын мен нақты бағыт беріп отыр. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында осындай үндеулердің жиі жасалуы қоғамдық көңіл күйді тұрақтандырып, Мемлекет басшысының ел болашағына деген шынайы алаңдаушылығын айғақтайды.
Жалпы, бір палаталы Парламент, Халық кеңесі және Вице-президент институты – Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында қабылданғалы отырған аса маңызды шешімдер. Мән-мазмұны жағынан олар бүкіл саяси жүйені түбегейлі жаңғыртып, жаңа заманауи мемлекет құру дәуіріне жол ашады. Аталған кезеңде Тәуелсіздікті тұғырлы ету мемлекеттің басты құндылығы әрі Президент жүргізіп отырған барлық реформаның бұлжымас бағдары болып қала бермек.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы