Маңызды бастаманың жүзеге асуына Astana IT University әрі Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті елеулі үлес қосты. Аталған университеттер «IEEE» қызметін дамытуға арналған негізгі алаңдардың бірі ретінде танылып отыр. Айта кетейік, «IEEE» бүгінде әлемнің 190-нан астам елінде 500 мыңнан аса маманды біріктіреді. Елімізде ресми секцияның ашылуы елдің жаһандық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.Сондай-ақ Astana IT University-дің инженерлік білім мен цифрлық инновациялардың жетекші орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.
Осы орайда «IEEE Kazakhstan Section» төрағасы, Astana IT University профессоры Дидар Еділхан: «IEEE Kazakhstan Section қазақстандық инженерлер мен зерттеушілерге IEEE-дің жаһандық сараптамасына, халықаралық кәсіби қауымдастықтарға, озық технологиялық тәжірибелерге тікелей жол ашады. Біздің мақсатымыз – инженерлік таланттарды дамытуға, ғылыми ынтымақтастық пен инновацияларға негізделген тұрақты платформа қалыптастыру. Бұл экожүйенің негізгі қозғаушы күштерінің бірі Astana IT University болмақ», деді.
Жаңа секция электртехника және электроника, ақпараттық технологиялар мен компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект және деректерді талдау, телекоммуникация және киберқауіпсіздік, роботтехника және сабақтас инженерлік салалар сияқты негізгі бағыттардағы мамандарды біріктіреді. «IEEE Kazakhstan Section» кәсіби ортаны дамытуға, ғылыми зерттеулерді қолдауға, халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізуге, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға және отандық ғалымдарды IEEE жаһандық бастамаларына тартуға ықпал етеді.
Секция қызметінде «IEEE International Conference on Smart Information Systems and Technologies» (IEEE SIST) халықаралық конференциясы айрықша орын алады. Бұл форум жыл сайын Astana IT University базасында өткізіледі.
Astana IT University ғылым және инновациялар проректоры Андрей Белощицкий: «Университетіміз бес жылдан астам уақыт бойы «IEEE SIST» конференциясының ұйымдастырушысы ретінде қызмет атқарып келеді. Бұл алаңда ғалымдар, инноваторлар мен индустрия мамандары жасанды интеллект, интеллектуалды жүйелер, үлкен деректерді өңдеу және цифрлық сервистер саласындағы қолданбалы шешімдерді талқылайды. Конференция бағдарламасы зерттеу нәтижелерінің таныстырылымдарын, техникалық сессияларды, шеберлік сабақтарымен өндіріс серіктестерімен кездесулерді қамтиды. «IEEE Kazakhstan Section»-ның құрылуы қатысушыларға бірлескен зерттеулер жүргізуге және «IEEE» халықаралық жұмыс топтарына қосылуға жаңа мүмкіндіктер береді», деді.