Сурет: ru.freepik.com
Биыл көктемде ауылдағы негізгі мектепті үздік аяқтап, оқуын облыс орталығында жалғастырмақ болып жүрген. Атасы мен әжесі немерелерінің алыс сапарға аттануына байланысты ақсарбас атап, ағайын-туысты шақырып, үлкендердің батасын алған.
Бірер күннен соң Бектас қалаға аттанбақ. Есік алдында тұр едік, шығарып салуға жиналған халық Бектастың оқу озаты болуымен қатар, спортқа да бейім екенін, атасы мен әжесіне қолғанат болып отын-шөбін жинасып, қолдарын ұзартып отырғанын жыр қылып айтып жатыр. Бектас үнсіз. Ақсары өңі сәл қызарған. Бәлкім, мақтау сүймейтін шығар. Әлден соң көрші ағасы Қонысбек Бектасты арқасынан қаққан. Разы болған түрі.
– Арқамнан қақпашы, аға, – деді Бектас.
– Неге? – деді Қонысбек ағасы.
– Адамды арқасынан қағуға болмайды. Күш беріп, қуатын арттырып, ынтасын үстеп тұратын құдірет адамның жауырынның үстінде қонақтаса керек. Атам солай деген. Бөгде біреу қақса, үркітіп алмақ. Бұрынғыдан келе жатқан жоралғы.
Қонысбек ағасы қысылып қалған. Алпысты әлдеқашан алқымдаса да сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан қазақы ырым, дәстүрді білмегеніне қысылған шығар. Өзге жұрт та осы ұғымды біле жүрсе етті.
КӨКШЕТАУ