Құрылтай • Кеше

Халық кеңесі институты: мәні мен маңызы

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтай мінберінен Мемлекет басшысы Халық кеңесін құруды ұсынды. Бұл бастама билік пен қоғам арасындағы байланысты жоғары деңгейге көтеруді көздейді. Ендеше жаңа институтқа қандай міндет жүктеледі? Оның саяси жүйедегі орны қалай көрінбек?

Халық кеңесі институты: мәні мен маңызы

Сурет: gov.kz

Елдегі бірлік пен келісім­нің бірегей үлгісі конституция­лық қағидаттарға негізделген. Әрі билік пен қоғам арасын­дағы қарым-қатынастың қа­лып­тасқан өзіндік дәстүрі бар. Қасым-Жомарт Тоқаев осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсуді көздеп отыр. Осыған орай ол жақын­да Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда жаңа институт құру бастамасын көтерді.

«Реформалардың жаңа ке­зеңінде қоғам дамуының барлық мәсе­лесіне қатысты тұрақты жалпы­ұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа не­месе биік мінбер қажет. Халқы­мыздың ынтымақ-бірлігін ны­ғай­туға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Ұлт­тық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауап­ты миссиялары табыс­ты аяқ­талды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақ­­стан­ның Халық кеңесін құруды ұсы­намын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемле­кет­тілігін және Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын», деді Мемлекет басшысы.

Демек, Халық кеңесі класси­ка­лық өкілді органнан да, кәдімгі қоғамдық кеңестен де өзгеше бо­лады. Оның басты ерекшелігі – жалпыұлттық деңгейдегі сая­си-сараптамалық платформа ретінде жұмыс істейтіндігінде. Яғни бұл институт бір жағынан халықтың үнін еститін, екін­ші жағынан стратегиялық шешім­дерге ықпал ете алатын аралық буын рөлін атқарады.

Президент өз сөзінде Халық кеңесі басқа елдердегі консуль­та­тивті құрылымдардың оң тә­жіри­белерін ескере оты­рып құрыла­тын жаңа мемле­кет­тік орган бола­тынын, оның құ­рамына бар­лық этнос­тың, түрлі санаттағы азамат­тардың және өңірлердің өкілдері кіре­тінін ашып айтты.

Бір жағынан олар қоғамдағы негізгі сұраныстарды, құндылық­тар мен басымдықтарды жүйе­лі түрде анықтап, оларды мем­­лекеттік саясаттың күн тәрті­біне шы­ғаруға ықпалдасады. Осы­­лайша, бұл орган жекелеген топ­тар­дың емес, жалпы­ұлт­тық мүд­денің сүзгісінен өткен позиция­ны қалыптастыруға бейімделеді.

Бұл ретте саясаттанушы Аман Мәмбеталиев Халық кеңе­сінің миссиясы Парла­мент­тің рөлін алмастыру емес еке­нін түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, жаңа орган қоғамдық диа­логтің тұрақты форматын институционалдық тұрғыда бекітуге бағытталған қадам және оған неғұрлым прак­тикалық сипат берудің жолы.

– Мұндағы логика мынада: реформаларды дайындау барысында 500-ден астам ұсыныс және конституция­лық құрылымға қатысты одан да көп бастама түсті, соның ішінде өңірлер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдігі мәсе­лелері де бар. Бұл салмақты талдау механизмі қа­жет екенін көрсетті. Сондықтан Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың – 42, ірі қоғамдық бірлестіктердің – 42 және мәслихаттар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес­тердің 42 өкілін қосу ұсы­нылды. Жаңа институттың басты ерекшелігі – оған заң шығару бастамасы құ­қы­ғының берілуі. Бұл қоғам­дық құрылымдардың саяси үде­ріске қатысу логикасын түбегей­лі өзгертеді. Кеңес аясында әзірленген ұсыныстар енді тек консультативтік форматта ғана емес, заңнама деңгейін­де де қаралу мүмкіндігіне ие болады. Халық кеңесінің мәр­тебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бө­лімімен және конституциялық заңмен реттеледі. Бұл өкілет­ті­ліктің шегін, құрылымын айқын­дай түседі. Қорыта айтсақ, Халық кеңесі түрлі топтардың пікі­рін бірік­тіріп, қоғамдық және өңір­лік сұраныстардың нақты ше­шім­дерде көрініс табуына мүм­кін­дік беретін қосым­ша арна қалып­тасты­рады, ал заң шығару құқығы Парламент­те қалады, – деді саясат­танушы.

Негізі бұл институттың ықпа­лы оның билікті бақылауында емес, билікті жауапкерші­лік­ке ынталандыруда ашыла тү­седі. Мұнда қоғамдық пікір белгілі бір ортада не әлеуметтік желі­дегі эмоциялық реакция деңгейін­де қалып қоймай, нақты жауапты мінберлерде көте­ріледі. Бұл әсіресе өңірлерде аза­мат­тық белсенділікті арттырып, халықтың саяси мәде­ниетін жаңа деңгейге көте­руге де септеседі. Алайда маңыз­ды тұсы, ол жедел саяси реак­ция­дан гөрі терең сарап­тама мен бо­лашақты бол­жау­ға негіз­делген шешімдерді ұсына­тын органға айналуы керек. Бұл ойды Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерт­теу­лер институтының Шымкент қаласындағы өкілі, Өңірлер­мен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы Данара Саранова да қуаттайды.

– Халық кеңесі шешім қабыл­дау жүйесіне кіріктірілген тұрақ­ты қоғамдық-мемлекет­тік орган ретінде көзделіп отыр. Сонымен қатар Прези­дент сөзі барысында маңызды бір шеңбер айқын белгіленді: жаңа институттардың тиім­ділігі басқару үдерісте­рі­нің сапасына тікелей бай­ла­ныс­ты. Заманауи техноло­гиялар мен ұйым­дастырушы­лық жаңа­­шыл­дықтар реттелген рәсімдер, өкілет­тіктер мен жауапкершіліктің нақты бө­лінісі болмаған жағдайда нә­тиже бермейтіні атап өтілді. Осы тұрғыдан алғанда, Халық кеңе­сі де, кез келген жаңа орган сияқ­ты, формалды мәртебесіне емес, мемлекеттік басқару жүйе­сі­нің нақты жұмысына қанша­лықты кіріктірілгеніне қарай баға­ланатын болады. Жаңа орган кері байланыстың орнықты арналарының қалыптасуына бағытталған ауқымды міндетті көздейді. Кеңестің жұмысының тұрақты форматы мен мәрте­бесі қоғамдық ұстанымдарды, со­ның ішінде ішкі саясат пен өңір­лік даму мәселелері бойынша пікір­лерді қандай да бір жағдай бола қал­ған кезде емес, жүйелі түрде еске­руге жол ашады, – деді сарапшы.

Айта кетерлігі, жаңа орган­ның барлық мүшесін Мем­лекет бас­шы­сы өзі тағайын­дайды. Төраға­сын оның мүшелері сайлайды. Ал оның қоғамдық негізде жұ­мыс істеп, ротация арқылы тағайын­далатын екі орынбасары, сон­дай-ақ хатшылық меңгерушісі болады. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады.

«Қазақстан халқы Ассам­блея­сының этносаралық және конфес­сияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңес­ке беріледі. Ішкі саясатты жетіл­діру жөнінде ұсыныстар әзір­леу жаңа ор­ганның негізгі мінде­тінің біріне айналады. Бұл мекеме мемлекеттік идеология­ға қатысты мәселелерді, сон­дай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін тү­сіндіріп, насихаттау жұмы­сымен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін, мемлекет­тік маңызы бар басқа да гума­нитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзыретіне кіреді», деді Президент.

Түйіндесек, Халық кеңесінің тиімділігі үш негізгі фактор­дан көрінетін болады. Бірін­ші­ден, оның құрамының шынайы өкілдік сипаты, онда тек өза­ра жақтаушылар емес, әртүр­лі көзқарастағы тұлғалар болуы міндетті. Екіншіден, ұсыным­дарының нақты саяси салмағы болуы, егер Кеңес ұсыныстары ескерусіз қалса, институт жай формалдылыққа айналады. Үшін­шіден, оның жұмысының ашық­тығы мен қоғамға есептілігі. Өйт­кені Халық кеңесі тек рәміздік немесе имидждік орган ретінде қалып қойса, қоғамның сеніміне де селкеу түседі. Ал керісінше, дербес ойлай алатын, кәсіби әрі ба­тыл пікір білдіретін платфор­маға айналса, бұл институт еліміз­дегі «еститін мемлекет» тұжырым­дамасының нақты іске асқан үлгісі болары анық. Яғни жаңа орган елдегі саяси жүйені қоғамдық қол­даумен күшейтетін құрал болуға тиіс.

Соңғы жаңалықтар