Тұсаукесер кездесуінде америкалық Энди Вудфорды ұтқан Асаубаева одан кейін әзербайжандық Айдын Сулейманлы, аргентиналық Фаустино Ора, испаниялық Даниил Юффамен ұпай бөлісті. Бесінші турда Василий Иванчукпен кездесті. Кеңес дәуірінде өзін түбегейлі мойындатып, командалық есепте әлем чемпионы атанып, төрт бірдей Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында топ жарып, әлем чемпионатының финалисі, Еуропа чемпионы, рапид пен блицтен әлем чемпионы атанған 56 жастағы Украинаның майталманымен Бибісара тең ойнады.
Қазір жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұрған ешкім жоқ. Үш ойыншы үзеңгі қағыстырып келеді. Олар – Айдын Сулейманлы, Фаустино Ора, Энди Вудфорд. Әрқайсысының қоржынында 4 ұпайдан бар. 3,5 ұпайы бар Маурицци төртінші орында. Ал Б.Асаубаева үш ұпаймен бесінші сатыға табан тіреді.
Қызғалдақтар еліндегі жарыста барлығы 14 шахматшы бақ сынап жатыр. Олардың тоғызының рейтингісі Бибісарадан жоғары. Соған қарамастан Асаубаева мықтылармен тең дәрежеде айқасады. Фестиваль 1 ақпанда мәреге жетеді.