Пікір • Бүгін, 09:10

Мемлекеттілік тарихының бедерлі белестері

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ тарихында құрылтай – кеңес құратын жиын ғана емес, халықтың тағдырына, елдік сапасына жауап беретін өлшем. Ол – көшпелі өркениеттің мемлекет басқарудағы даналығы, ұлт болмысының терең философиясы.

Мемлекеттілік тарихының бедерлі белестері

Ұлттық құрылтайдың күні кеше Қызылор­дада өткен бесінші отырысы – еліміздің саяси тарихында ерекше маңызға ие оқиға. Бұл жиын қоғам мен билік арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен кезек­ті басқосу ғана емес, мемлекеттің басқару жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған стратегиялық шешімдер жарияланған, мазмұнды әрі салмақты құрылтай болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңірінде сөйлеген сөзін еліміздің алдағы ондаған жылдарға арнал­ған саяси бағдарын айқындап беретін бағ­­дарламалық баяндама ретінде қабыл­да­дым.

Президент өз сөзінде қазіргі кезеңді айқын сипаттай отырып, ел дамуының белгілі бір тарихи белесіне жеткенін атап өтті. Бұл – қалыптасқан жүйені сақтай отырып ілгерілеу емес, жаңа сапалық деңгейге өту қажеттігі туындаған сәт. Қоғам өзгерді, азаматтардың саяси санасы өсті, талап күшейді. Мұндай жағдайда бұрын тиімді болған институттар мен басқару тетіктері уақыт талабына толық жауап бере алмауы мүмкін. Президент осы шындықты ашық айтып, саяси жүйені батыл түрде жаңартуға дайын екенін көрсетті.

Мемлекет басшысының баяндамасында көтерілген ең маңызды мәселелердің бірі – Парламент құрылымын өзгерту тура­лы ұсыныс. Президент қазіргі екі палаталы Парламент моделі өзінің бел­гілі бір тарихи кезеңдегі миссиясын орындағанын атап өтіп, ендігі жерде басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бір палаталы Парламентке көшу қажеттігін не­гіз­деді. Бұл ұсыныс мемлекеттік бас­қа­руды оңтайландыруға, заң шығару үде­рісін жеделдетуге және ең бастысы – депутаттардың халық алдындағы жеке жауапкершілігін күшей­туге бағытталған.

Президент пайымынша, бір палаталы Парламент жағдайында әрбір депутаттың қабылданған заң үшін жауапкершілігі нақты әрі айқын болады. Заң шығару үдерісіндегі артық буындар қысқарып, шешім қабылдау уақыты азаяды. Бұл – қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда ерекше маңызға ие фактор. Мемлекет басқаруда жылдамдық пен дәлдік қажет, ал бір палаталы жүйе осы талап­тарға көбірек сай келеді.

Осы реформамен тығыз байланыс­ты тағы бір маңызды бастама – жаңа Парламентке Құрылтай атауын беру туралы ұсыныс. Бұл – Президент сөзінің ең терең әрі идеологиялық тұрғыдан сал­мақты тұстарының бірі. Құрылтай – қазақ тарихында елдің ең маңызды мәсе­лелері шешілген, халықтың еркі мен тағ­дыры талқы­ланған жоғарғы сая­си институт болған. Мемлекет басшысы осы атауды қайта жаңғырту арқылы қазіргі заң шығару­шы билікті ұлттық тарихи санаға жақын­­датуды, халық пен билік арасындағы рухани байланысты күшейтуді көздеп отыр.

Президент қазіргі Ұлт­тық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблея­­­­сының миссиясы аяқталғанын айт­ты. Бұл мәлімдеме – саяси батыл­дық­­тың, жағдайға шынайы баға берудің көрінісі. Аталған институттар тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында және өтпелі кезеңде елдегі тұрақтылықты сақ­тауда, қоғамдық келісімді нығайтуда, этносара­­лық татулықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Бұл – тарихи шындық.

Алайда Қазақстан халқы Ассамблея­­­сы­ның тарих қойнауына аттануы этностар мүддесі ескерусіз қалады деген сөз емес. Этносаралық келісімді сақтау – біздің қоғамның басты басымдықтарының бірі болды және әр кезде болады да.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі Қазақстан – мүлде басқа деңгейдегі мемлекет. Қоғам бұрынғыдай пікір білдірумен ғана шектелмейді, ол нақты шешім­дер­ге қатысуды талап етеді. Сондық­тан кеңесші сипаттағы, рәміздік функциясы басым құрылымдардан нақты ықпалы бар, пәрменді институттарға көшу – уақыт талабы. Бұл қадам – бұрынғыны жоққа шығару емес, керісінше, тарихи миссиясы орындалған құрылымдарды жаңа сападағы институттармен алмас­тыру.

Президент осы логиканың жалғасы ретінде Халық кеңесін құру туралы бастама көтерді. Аталған құрылымның стра­те­гиялық сабақтастығы Халық кеңе­сін­де сақталуға тиіс екенін нақты айтты. Енді ҚХА функционалы Халық кеңесіне өтеді. Оның 42 мүшесін этномәдени бірлестіктер ұсынады. Іс жүзінде бұл бейбітшілік пен келісім мәселелеріне неғұрлым көбірек көңіл бөлуді білдіреді. Бұл жаңа орган қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтудің, халықтың үнін нақты саяси шешімдерге жеткізудің тиімді тетігі ретінде ұсынылды. Халық кеңесі әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің, кәсіби және азаматтық қауымдастықтардың өкілдерін қамтитын, қоғамның шынайы құрылымын көрсететін алаң болуға тиіс.

Президенттің пайымынша, Халық кеңесі кеңес берумен ғана шектелмей, мем­лекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне ықпал ете алатын құрылымға айналуға тиіс. Бұл – азаматтық қоғамды формальды деңгейден нақты саяси серіктес дең­­­­­гейіне көтеру деген сөз. Мұндай орган­­­ның құрылуы биліктің ашықтығын артты­­рып қана қоймай, қоғам алдындағы жауап­кер­ші­лігін де күшейтеді.

Президент ұсынған реформалардың барлығы еліміздің саяси жүйесін тұл­ғаларға тәуелді емес, институттарға не­­гіз­делген басқару моделіне көшіру қағи­­датына сүйенеді. Яғни мемлекеттің бе­рік­тігі жеке адамдарға емес, мықты институттарға арқа сүйеуге тиіс.

Президенттің пайымынша, сая­си реформалар қоғамның рухани жаң­ғы­руымен қатар жүруге тиіс. Егер қоғамның ішкі мәдениеті мен жауап­кершілігі әлсіресе, заңдар мен институттар қаншалықты мінсіз болса да, реформалар нәтижесі толық болмайды. Сондықтан мемлекетті жаңғырту – басқару жүйесін ғана емес, қоғамдық сананы да жаңарту деген сөз.

Жалпы, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай еліміздің жаңа саяси дәуірге аяқ басқанын айқын көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жиындағы сөзі – жекелеген реформалар жиынтығы емес, тұтас мемлекеттік басқару филосо­фия­­­сының жаңаруы. Қызылорда құрыл­тайы ел тарихында ескі саяси модельдер­мен саналы түрде қоштасып, жаңа жауап­кер­ші­лік кезеңіне өткен сәт ретінде қалары сөзсіз.

 

Серік ЕГІЗБАЕВ,

Мәжіліс депутаты,

«Ауыл» партиясының төрағасы 

Соңғы жаңалықтар