Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан бес жыл бұрын Ұлттық құрылтай деген жаңа бастаманы көтеруінің астарында жатқан негізгі идеяны жұрт енді түсінді. Ұлттың болашағына қажетті ойлар тоғыстыратын жиынды Құрылтай деп атайтын қазақы ұғымға саяси мағына жүктеп, енді халық қалаулылары заң шығаратын саяси органның да тамырына ұлттық рухты сіңіру үшін оны бұдан былай Құрылтай деп атауды ұсынды. Шындығында, Парламент деген халықаралық терминнің мазмұнында ұлттық салмақ жоқ еді. Құрамында негізінен ұлт өкілдері отыратын заң шығарушы органның еуропаша аталуының өзі құлаққа тосын естілетін де, жүрекке жете бермейтін.
Екіншіден, ендігі жерде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық мұраттарды жүзеге асырып келе жатқан Ұлттық құрылтайды бір арнаға тоғыстыратын Халық кеңесі құрылатын болды. Бұл да – халқымызды ұлттық бірлікке бастайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған батыл да нық қадам.
Үшіншіден, бұрын Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелеріне арналған квота болатын. Президент бұл жөніндегі ойын ашық айтты: «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануы керек. Соған сәйкес ҚХА-ның арнайы квотасы алынып тасталады», деді. Бұл – қазіргі көпвекторлы экономикалық саясат ықпалындағы ахуалды таразылап барып айтылған кесімді шешім.
Төртіншіден, қолданыстағы Ата заңымызда «жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықтарды түзеуіміз керек», дей келе Президент мына мәселеге айырықша мән берді: «Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс», деді.
Бесіншіден, құрамында Ұлттық құрылтай мүшелері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері бар жүзден астам білікті азамат болатын Конституциялық комиссия құрылады. Президенттің айтуынша бұл комиссия барлық ұсынысты сараптап, саралап, қорытындылап, нақты өзгерістер жобасын әзірлейді.
Алтыншыдан, мемлекеттік рәміздерімізге айрықша мән беріледі. Өткенде іссапармен Түркияға барғанымда бірден көзіме түсіп, көңілімді түркі халқына деген айрықша сүйіспеншілікке бөлеген көрініс – мемлекеттік мекемелерді айтпағанның өзінде, мемлекеттік тудың ұшақта да, әуежайда да, кітапханаларда да, базарға барсаңыз да, дүкенге кірсеңіз де, көше бойлап жүрсеңіз де айы мен жұлдызы жарасып желбіреп тұрғаны. Әлемнің озық елдеріндегі мемлекеттік рәміздерге деген осы секілді құрметтті көріп, көңіліне түйіп қана қоймай, сол рәміздердің ұлттық рухтың оянуы мен мемлекетшілдік сананың асқақтауына ықпалы зор екеніне көзі жеткен Президент: «...туымызды, елтаңбамызды көліктерде, үйлерде, көшелерде және елімізде немесе шетелде өтетін спорттық және басқа да іс-шараларда дұрыс пайдалану маңызды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде, ерекше қуаныш сезіледі. Бұл арқылы еліміздің азаматтарының бірлігі мықты, ұлт ретінде тұтас екеніміз айқын көрінеді», деді. Демек, алдағы күндерде мемлекеттік рәміздеріміз туралы заңға да жаңа нормалар мен ережелер қосылады.
Әлбетте, Президент тарапынан бұдан басқа да айтылған соқталы ойлар болды. Олар ағымдағы саяси һәм заңнамалық өзгерістерден гөрі экономикалық дамуға, әлеуметтік әлеуеттенуге, рухани жетілуге қатысты айтылған еді. Олардың қатарында жекеменшік мектептерді, медициналық ұйымдарды мемлекет есебінен қаржыландыру, Салық кодексіне өзгерістер енгізу, «QazaqGaz» компаниясының мүмкіндігін ұтымды да тиімді пайдалану, ер мен әйелдің одағын ресми түрде бекіту, «бүкіл адамзат үшін өте маңызды міндет» – Арал өңірінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру, өмір сүру жасын ұзартуға ықпал ету мәселелері болды.
Қорыта келгенде айтарымыз, мемлекетіміздің жаңа заман талабына сай жаңаша өркендеуіне жолашар тың бағыттар ұсынған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен V Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызы зор болмақ.
Сағатбек Медеубекұлы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері