Сурет: gov.kz
Мінсіз заңнамалық жүйе құру – міндет
Конституциялық реформа аясында қабылданып жатқан әрбір норма болашақ ұрпақтың еркін де әділетті қоғамда өмір сүруіне кепілдік беруге тиіс. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев комиссияның үшінші отырысында айтты. Ол конституциялық реформа арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңды іргетасы қаланып жатқанын атап өтті.
«Тарихқа үңілсек, бабаларымыз «Жеті жарғыны» қабылдағанда да, Күлтөбенің басында кеңес құрғанда да, басты мақсат – елдің тұтастығы мен әділдігі болған. Бүгінгі біздің саяси реформамыздың да негізгі міндеті – халықтың мүддесін қорғайтын, уақыт сынына төтеп беретін мінсіз заңнамалық жүйе құру. Бұл − ел тағдырын шешетін жауапты қадам», деді С.Егізбаев.
Ол жыл басында «Ауыл» партиясының депутаттық тобы барлық 20 өңірді аралап, шаруалармен кездескенін айтты. «Ең шалғай ауылдардың өзінде тұрғындар Парламент пен Үкіметтің жұмысына мұқият назар аударып отыр. Конституциялық реформа бойынша түскен екі мыңнан астам ұсыныс – жай ғана статистика емес. Бұл – қоғамның жаңаруға, демократиялық бастамаларды күшейтуге, әділдікке деген тікелей сұранысы», деді комиссия мүшесі.
Адам өмірі – басты құндылық
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ол өмір сүру құқығын абсолютті құқық ретінде бекіту жөніндегі бастамаларды қолдау мемлекетіміздің маңызды құндылықтарын көрсететінін атап өтті.
«Біз мүмкіндігінше өмір сүру құқығын абсолютті етуге өтініш білдірдік. Бұған көптеген беделді сарапшылар, соның ішінде халықаралық деңгейдегі мамандар қолдау танытары сөзсіз», деді А.Ластаев.
Оның айтуынша, бұл құқықтың абсолютті сипатын Конституцияда бекіту өлім жазасынан бас тартуды ғана емес, сондай-ақ кез келген жағдайда – апат кезінде, ауру халде немесе шабуыл жасалғанда – азаматтардың өмірін міндетті түрде қорғауды білдіреді.
Сондай-ақ ол әділ сотқа кепілдіктерді адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары бөліміне көшіру туралы ұсыныстар еліміздің ұлттық құндылықтары мен тарихи тәжірибесіне сай келетінін атап өтті. Әділ сот төрелігінің қағидаттары билер соты дәуірінен бері қалыптасып, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, бас бостандығы мен жеке өміріне қолсұғылмаушылықты дәстүрлі түрде қорғап келгенін еске салды. «Бұл қағидаттарды негізгі адам құқықтарының қатарына енгізе отырып, біз Конституцияда ұлттық құндылықтарымызды әрі тарихи тәжірибемізді алға шығарамыз», деді омбудсмен.
Еңбек құқығы нақтылануға тиіс
Талқылаулар барысында адам құқықтары тақырыбын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов әрі қарай жалғады. Ол жалпы ережелер туралы, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты бөлімдерді түзетудің үш негізгі тәсілін атады. Мәселен, «Жалпы ережелер» бөлімін «Конституциялық құрылыс негіздері» деп қайта атау ерекше маңызды екеніне назар аударды.
«Бұл өзгертуді толық қолдаймын. Аталған бөлімде қазақ мемлекеттілігінің іргетасы туралы жазылады, сондықтан біз оның қағидаттары мен тәсілдерін көтермелеп қана қоймай, конституциялық-құқықтық жолдаулар арқылы азаматтардың нақты құқықтық санасын қалыптастыруға тиіспіз», деп атап өтті ол.
Сонымен бірге Е.Дүйсенов еңбек құқығын тұжырымдауды нақтылау жайында пікір білдірді. «Еңбек бостандығын емес, еңбекке құқықты көрсету туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл еліміз ратификациялаған экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді. Басқа қатысушы мемлекеттер әр адамның нақты еңбек ету құқығын мойындайды», деп ой бөлісті спикер.
Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналған негізгі кепілдіктер бар. «Қазіргі таңда жаңадан ұсынылып отырған редакция бойынша 48 сағатқа, ал ерекше жағдайларда 72 сағатқа дейін сот санкциясынсыз ұстау мерзімі толық реттелген. Сонымен қатар сот-тергеу тәжірибесі осы бағытта дамып келеді. Бүгінгі таңда күдіктілерді ұстау мерзімі 85% жағдайда 48 сағаттан аспайды. Бұл соның ішінде эволюциялық цифрлық экожүйенің – «Электрондық қылмыстық істің» енгізілуіне байланысты мүмкін болды», деді өз сөзінде Ж.Өмірәлиев.
Оның пікірінше, мұндай түзету күрделі процедураларды қажет етеді әрі жалпы заңнаманың икемділігіне әсер етуі мүмкін. «Қазіргі таңда дәлелдерді жинау үдерісі толық цифрландырылған. Тергеуші мен прокурордың процессуалдық шешімдері электрондық жүйеде жылдам қабылданады. Барлық аудандық соттар, прокуратуралар мен полиция бөлімдері осындай жүйемен жабдықталған. Барлық іс материалдары «Электрондық тергеу ісі» бірыңғай тіркеу жүйесінде қалыптасады әрі сотқа санкциялау үшін Төрелік сот жүйесімен интеграция арқылы жіберіледі. Мұндай технологиялық инфрақұрылым тергеуге ұсталғандарға шара қолдануға немесе оларды тіпті 36 сағат ішінде, тіпті 24 сағат ішінде босатуға мүмкіндік береді. Сондықтан болашақта ұстау мерзімін өзгерту, мысалы, оны қысқарту Ата заңға күрделі өзгерістер енгізуді қажет етеді», деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Ол сондай-ақ Конституцияның 16-бабына азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты міндет етуге бағытталған өмірлік маңызды нормалар да енгізіліп отырғанын атап өтті.
«Заң мен тәртіп» – әділ қоғам іргетасы
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Қазақстан Халық партиясының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарын талқылауға белсенді қатысып жатқанын әрі елді жаңартудың негізгі элементінің бірі – бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсыныс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл ұсыныс саяси дискуссияны жандандырып, партиялардың мемлекеттік саясатқа әсерін күшейтуге мүмкіндік береді.
«Бір палаталы Парламентте пропорционалды сайлау жүйесі – саяси партиялардың мемлекеттік саясатқа ықпалын арттырары сөзсіз. Көппартиялық жүйе – өкілдік демократияның көрсеткіші әрі саяси жүйе тұрақтылығының негізі», деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ ол жаңа парламенттік жүйе заң шығарушы органның ықпалын күшейтетінін, ал «Заң мен тәртіп» қағидатын Конституцияда бекіту азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңгерімді үйлесімін қалыптастыратынын атап өтті. «Заң тәртіпсіз күшін жоғалтады, ал заңсыз тәртіп озбырлыққа айналады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» – әділетті қоғамның ажырамас құрамдас бөлігі әрі азаматтардың қауіпсіздігі мен еркіндігінің кепілі», деп ойын түйіндеді.
Бірлікті нығайтатын құрылым
Конституцияға дінді мемлекеттен бөлетін әрі зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін білім берудің зайырлы сипатын бекітетін түзетулер енгізу еліміздің жасанды интеллект дәуірінде дамуына ықпал етпек. Мұндай пікірді «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева айтты. Оның пікірінше, білім берудің зайырлы сипатын нақты бекіту туралы ұсыныстың мәні жоғары. «Жастар үшін бұл абстрактілі емес, практикалық мәселе. Мектеп – тең мүмкіндіктер мен дәстүрлерді құрметтеу кеңістігі. Конституциядағы тікелей норма тәрбие мен білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады», деді Г.Атабаева.
Оның пікірінше, дінді мемлекеттен бөлу қағидатын тікелей бекіту туралы ұсыныс та маңызды. «Бұл жастар үшін түрлі көзқарас пен наным-сенімге қарамастан, мемлекеттің бәріне бейтарап әрі тең қарауының кепілі. Осындай сезімтал саладағы конституциялық норманың айқындылығы қоғамдық келісім мен билік институттарына деген сенімді нығайтады», деп атап өтті спикер.
Ал Мәжіліс депутаты Максим Рожин Ата заңға енгізілетін бірқатар өзгерісті қолдай келе, Қазақстанның Халық кеңесін құру қоғамдық диалогті күшейтіп, елдегі басқару сапасын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, қолданыстағы қоғамдық диалог алаңдары кей жағдайда тұтас жалпыұлттық мүддені қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған байланысты Конституцияда Халық кеңесін бекіту – объективті қажеттілік. Бұл құрылым азаматтардың заң шығару үдерісіне жүйелі әрі тікелей қатысуына мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда депутат Халық кеңесіне заң жобалары, ішкі саясат пен референдум өткізу мәселелері бойынша ұсыныс жасау құқығын беру ұлттық және әлемдік тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген озық модель екенін атап өтті. Сонымен қатар оның құрамына түрлі этностардың, өңірлердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері енетінін, бұл Кеңесті мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналдырып, ұлттық бірлікті нақты іспен қамтамасыз етуге жол ашатынын тілге тиек етті. Билік тармақтарының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған түзетулерге де тоқтала келе, ұсынылған өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын нақты мазмұнмен толықтыратынын жеткізді.
Бұдан өзге, Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов, Асхат Рақымжанов, Сергей Пономарев, Никита Шаталов, Үнзила Шапақ, Астана халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков секілді сарапшылар да сөз алып, реформа талқылауына атсалысты.