Тағзым • 29 Қаңтар, 2026

Тұңғыш дипломатқа құрмет

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейде «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші» атты ғылыми конференция өтіп, білім ошағында тұлғаның музейі ашылып, кеудемүсіні қойылды.

Тұңғыш дипломатқа құрмет

Салтанатты басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері Қуа­ныш Айтаханов, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жеті­баев, Сауд Арабиясының Қа­зақ­стан­дағы елшілігінің хатшысы Ғассан Әл-Әхмади, ардагер дипломат, про­фессор, нәзіртанушы Сайлау Батыршаұлы, басқа да азаматтар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның күрес­керлік жолын үлгі ете отырып: «Ұлт на­мысын биік ұстанған Алаш алып­тарының есімдерін халқымыз қа­шанда құрметпен еске алады. Нәзір Төреқұлов – ел жадында сақ­талған тұлғалардың бірі, белгілі мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат», деп оң баға берген еді. Өз кезегінде бұл жиын да осы пікірді айқындай түсуімен ерекшеленді.

Мектептегі мұражайға 40-қа жуық құнды жәдігер қойылған. Онда тарихи құжаттар, сирек кі­тап­­тар, көне бұйымдар, Нәзір Төре­құлұлы туралы еңбектер топ­тас­тырылған. Түркістан облыс­тық та­рихи-мәдени-этнографиялық ор­­­­талыққа қарасты Нәзір Тө­ре­құ­лов музейінің «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұ­лов» атты көш­пелі көрмесі, театр­лан­­дырылған әдеби композиция ұсы­нылды. Бұдан кейін «Нәзір Төреқұлұлы жолы» деректі фильмі көрсетілді. Оның сценарийін жазушы, журналист Жарылқап Бейсенбайұлы мен мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров жазған. Түсірілім тұлға биография­сы­ның бұрын-соңды қозғалмаған қабаты – түркілік масштабтағы қайраткерлігі мен Алашорда өкіл­дерімен мұрат­тас­тығын көрсе­туімен құнды.

Қуаныш Айтаханұлы айтулы тұл­ғаның қайраткерлік жолы, өскен ор­тасы, азаматтық болмысына ке­ңінен тоқталды. Бұдан кейін Сырт­қы істер министрі Ермек Кө­шербаев­тың, «Аmanat» партия­сының ат­қару­шы хатшысы Дәулет Кәрібек­тің құттықтау хаттары оқылды.

«Нәзір Төреқұлов – мемле­кеттіліктің биік деңгейін көрсе­тіп, халықаралық аренада қазақ дипломатиясының іргетасын қалаған айтулы қайраткер. Оның парасаты мен білімі, ел алдындағы жауапкершілігі мен адамдық арына адалдығы – бүгінгі жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Дипломатиялық мұра ретінде Сыртқы істер ми­нистрлігінде 2003 жылдан бері Нә­зір Төреқұлов атындағы арнайы медальмен ең үздік дипло­мат­тардың марапатталуы – қай­рат­кер есімінің мемлекеттік дең­гей­де қастерленуінің дәлелі», делін­ген Сыртқы істер министрінің құттықтау хатында.

Сондай-ақ «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қорының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаппар Жұманның «Нәзір Төреқұлов – реформатор, ағартушы, ғалым», белгілі жазушы, қоғам қайраткері, нәзіртану­шы Жолтай Әлмашұлының «Нәзір Төреқұлұлының рухани мұрасы», Ұлттық музей директорының қор қызметі жөніндегі орынбасары Әлібек Күзербаевтың «Т.Рысқұ­лов, С.Қожанов, Н.Төреқұловтар жерленген орын – «Коммунарка» жө­нінде» атты баян­дамалары тыңдалды.

Жаппар Жұман: «Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде хал­қы­мыздың жағдайын, әл-ауқа­тын жақ­сарту, олардың рухани мәде­ниетін арттыру, мәдениет, білім ошақ­тарын көбейту, жас­тарды тәр­биелеудегі еңбегі ұшан теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі тіл­дес халықтардың мақ­таны­шы­на айналды. Өмір жолының ­бар­лық кезеңінде халықтармен етене ара­ласып, олар­ды мәдениет­ке, әдебиетке үндеді», ­деді.

«Нәзір Төреқұлов» халық­аралық қоры аталған мектептің үздік үш оқушысы – Айсана Түкпиева, Айсәуле Сүндетова, Бей­барыс Айтқазиновқа тұлға атынан шәкіртақы тағайындап, оны арнайы тапсырды, бұл үрдіс одан әрі жалғасын табатыны атап өтіл­ді. Конференция соңында арнайы қарар қабылданып, онда тұлға­ның есімін жаңғырту, еліне сіңір­ген еңбегін насихаттау мақсатында алдағы уақытта қолға алынуға тиіс ауқымды іс-шаралар топтамасы қамтылды.

Соңғы жаңалықтар