Зерде • 29 Қаңтар, 2026

Мүдделер тоғысындағы достық

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біздің азаттық жолында күрескен қайраткерлеріміз аз емес. Олардың бүкіл болмысы саяси мұратымен сабақтас. Ұлттық мүддені ту еткен сол бірегей тұлғалардың қатарында Әлихан Бөкейхан мен Хайретдин Болғанбайдың есімі ерекше дараланып тұр.

Мүдделер тоғысындағы достық

2025 жылдың 24 мамырын­да елдің еркіндігі мен тең­дігі жолындағы күреске қосқан ерен еңбегі үшін Қарағанды облысы Нұра кентінің жаңа шағын ауданындағы бір көшеге Хайретдин Болған­бай есімі берілді. Ал Респуб­лика күнінде оның ұрпақтары аудандық ардагерлер кеңесі және тарихи-өлкетану мұражайының қыз­меткерлерімен бірлесіп, осы Алаш тұлғасына арнал­ған экспозицияны ашты. Мұ­ражай төрін­де қай­рат­кер Х.Болғанбайдың қыз­метін айқындайтын КСРО Ішкі істер халық комиссариа­ты, Қазақ КСР бойын­ша комиссариат басқармасы және РФ Федералды қауіпсіздік қызметі мұрағаттарынан алынған көп­теген тың дерек пен құ­жат жұрт­шылыққа ұсы­нылды.

Алаштанушы Тұрсын Жұрт­бай былай деп жазады: «Бол­ғанбаев Хайретдиннің қазақ тұр­мысы, қазақ қауымының саяси құрылымы, отаршылдықтың тауқыметі мен құрбандары, Түркістан тұрғындарының ауыр тағдыры туралы мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» га­зет­терінде жарық көрді. Ол Алашорданың Ақмола коми­тетіне мүше болып, ұлт ісіне аянбай араласты. 1920–1921 жылдары Орынбор партия-кеңес мектебінде сабақ берді. Голощекиннің «Кіші Қазан» сая­сатын ашық айыптап, батыл сынады» («Ұраным – Алаш». Алматы, «Ел шежіресі», 2008, І том, 393-бет).

в

ЖИ туындысы

Әлихан мен Хайретдин алғаш 1913 жылы «Қазақ» газетінде кездесті деп есептейміз. Әлихан Бөкейхан осы газеттің (1913–1918) идеологі әрі дем берушісі болды. Хайретдиннің публицистік таланты дәл осы газетте қалып­тасып, шыңдалды. Бұл басылым тұлғаның шынайы өмірді пайымдауына, қазақ халқының мүддесіне қатысты мәселелерді көре білуіне жол ашты.

Екінші рет Әлихан мен Хайретдин 1916 жылы Минскіде жолықты. Бірінші дүниежүзілік соғыс өршіп, патша жарлығы­мен қазақтар тыл жұмыста­ры­на жұмылдырылған тұста, Хайретдин алғашқылардың бірі болып Мәскеу мен Минск арқылы Ганцевичи станса­сын­дағы 9-инженерлік-құрылыс жасағына екі мәрте гуманитарлық миссиямен (азық-түлік, киім жеткізу) барды. Оны ол жаққа А.Байтұрсынұлы мен М.Дулат­ұлы аттандырған еді. Ал Минс­кі­дегі Батыс «Земгор» коми­теті жанында Ә.Бөкейхан бұрата­налар бөлімін басқарып, осы миссияға жетекшілік етті.

Үшінші рет Әлихан мен Хайретдин 1917 жылдың 17 наурызында тағы да Минскіде кездес­ті. Олар жақтастары М.Дулат­ұлы, Ш.Әлжанов, И.Тоқта­баев, Р.Мәрсеков, Н.Төреқұ­лов, Т.Жа­­­манмұрыновпен бір­ге елге мынадай тарихи жеделхат жолдады: «Ресейдің барлық халықтары үшін бостандық, теңдік және бауырластық күні туды. Қазақтарға жаңа құры­лым мен жаңа үкіметті қолдау үшін ұйымдасу қажет. Біздің ұра­нымыз: «Демократиялық рес­публика мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналы­сатындардың меншігі болуы тиіс». Жеделхат мәтіні 1917 жылы 17 наурызда «Қазақ» газетінде жарияланды.

Төртінші рет Әлихан мен Хай­ретдин 1917 жылы 21–28 шілде аралығында Орынбор қала­сын­да өткен Бірінші жалпы­қазақ съе­­зінде кездесті. Бұл жиында Ресей демократиялық федера­ция­сы құрамындағы аумақтық-ұлт­­тық автономия болу талап етілді.

Бесінші рет Әлихан мен Хайретдин 1917 жылдың 5–13 желтоқсанында Орынборда өт­кен Екінші жалпықазақ съезін­де жолықты. Бұл съезде Алаш автономиясының құрылғаны жарияланып, оның үкіметі — Алашорда сайланды. Авто­номияны дереу жариялауға қарсы дауыс берген делегаттар болды, оның ішінде Әлихан мен Хайретдин да бар. Олар автономияны жарияламас бұ­рын мынадай шарттардың орын­далуын талап етті және дала­лық облыстардағы қазақ ­емес тұр­ғындардың Қазақ-қыр­ғыз авто­номиясына деген көз­қара­сын анықтап алу және ха­лық­тық милиция құру қажет деп санады.

Алтыншы рет Хайретдин Әлиханмен 1934 жылы Мәскеуде жолықты. Хайретдин Соловецк айрықша мақсаттағы лагерінде айдауда болып қайтқаннан кейін өткен бұл кездесуде олар кеңес өкіметіне қарсы күрестің алдағы іс-қимылдарын талқылады.

Х.Болғанбай мен Ә.Бөкей­ханның кеңес өкіметіне қатысты ұстанымдары бірдей еді. Олар кеңестік жүйені мойындамады, Қазақстанның автономия алуын жақтады. Мәселен, Х.Болған­бай 1929 жылдың 12 қаңтарын­да Бірыңғай мемлекеттік саяси басқармасы БМСБ Шығыс бөлімінің бастығы Петровтың кеңес өкіметіне көзқарасы тура­лы сұрағына берген жауабында: «Мен кеңес өкіметіне наразы болдым, өйткені социализм орнайтынына және бұл биліктің ғұмырлы болатынына сенбедім. Оған өтпелі, уақытша құбылыс ретінде қарадым, Ресей аумағында коммунизмнің орнауын мүлде елестете алмадым», деп мәлімдеген. Ал Ә.Бөкейхан 1918 жылдың 11 маусымында: «Қазақ халқы кеңес өкіметін ешқашан мойындамайды және кеңестік мемлекетке ешқашан бағынбайды», деген кесімді пікі­рін білдірген еді.

КСРО Ішкі істер халық ко­мис­сариаты тергеуінің Х.Болған­бай мен Ә.Бөкейханға таққан ­бас­­ты әрі маңызды айыптары­ның бірі – олардың «кеңес өкі­метіне қарсы бірлескен іс-қи­мылдар туралы келіссөздер жүр­гізу үшін пантүрікшіл ұйым мен басмашылар қозғалысы­ның жетекшісі Зәки Уәлидимен бай­ланыс орнатуы». З.Уәлиди, Ә.Бөкейхан, Х.Болғанбай арасын­да шын мә­нінде тығыз байланыс болған. Сон­дықтан да Х.Болғанбай 1921 жылы Бұқара­ға Алашорданың ресми өкілі ретін­де Зәки Уәлидимен кезде­су үшін құпия миссиямен жібе­­рілген. Бұл — дәлелден­ген та­рихи факт. Қазақ КСР Жоғарғы Сотының ­1988 жылғы 4 қарашадағы ақтау хат­тамасы мен шешімінің көшірмесінде былай делінген: «1921 жылы Бөкейханов, Байтұрсынов, Бол­ғанбаев, Омаров, Сәрсенов, Әді­лев Омаровтың бөлмесіне жи­налып, сол жерде Байтұрсынов Уәлидидің арнайы шифрмен жа­зылған хатын оқиды. Уәлиди Бұхарада үлкен күш жиналғанын хабарлап, байланыс орнату үшін арнайы адам жіберуді сұрай­ды. Осы хатты талқылау барысын­да олар үкіметке қарсы астыртын топ құру туралы шешім қабыл­дап, Уәлидимен байланыс орнату үшін Болғанбаевты аттандырады. Болғанбаев Алаш­орданың Тор­ғай бөлімшесінің мөрімен рас­тал­ған арнайы мандатын алады [ол кезде «Алашорда» партия­сы тараты­лып, барлық іс-қағаз­дары мен мөр­­лер мемлекетке өткі­зіліп қойған]».

Әлихан мен Хайретдиндей бірегей тұлғалардың ұлт тари­хын­дағы орны бөлек. Егер ке­ңес­тік зұлымдық пен қуғын-сүргін болмағанда, Алаш арыстары өт­­кен ғасырдың өзінде-ақ қазақ ұлтын әлемдік өркениеттің төріне шығарар еді. Бүгінгі ұрпақ мұны ұмыт­пауға тиіс. Алаштың асыл мұ­раты мен қасиетті есімдері ұлт­тық рухтың темірқазығы ретінде халық жадында мәңгілікке ор­нық­ты.

 

Достық Кәмелов,

«Хайретдин Болғанбаев атындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары» РҚБ президенті 

Соңғы жаңалықтар