Концерт бағдарламасына ХХ ғасыр музыкасының көрнекті өкілдері – Дмитрий Шостакович, Сергей Рахманинов, Александр Скрябиннің шығармалары енді. Атап айтқанда, Д.Шостаковичтің №2 фортепиано концерті, С.Рахманиновтің 23 және 32-опустарынан таңдамалы прелюдиялар, сондай-ақ А.Скрябиннің 2, 8 және 42-опустарынан этюдтер орындалды.
Музыка кешінің басты ерекшелігі – әлемге әйгілі пианист-солистердің өнер көрсетуі болды. Сахнада Ресей мен Башқұртстанның халық әртісі, П.Чайковский атындағы және Лидс (Ұлыбритания) халықаралық байқауларының лауреаты Владимир Овчинников өнер көрсетті. Оның орындауындағы классикалық һәм романтикалық туындылар терең интерпретациясымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ фортепиано кешінде Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының профессоры, беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы әрі мәртебелі «Steinway Artist» атағының иегері Юрий Богданов сахнаға шықты. Орындаушылық еркіндігімен, айрықша темпераментімен ерекшеленетін пианист А.Скрябин шығармаларын өзіндік қолтаңбамен жеткізді.
Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – еліміздің жетекші музыкалық ұжымдарының бірі. Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері, профессор, ұжымның көркемдік жетекшісі Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған.