Арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында шығарылып, оқырманға жол тартқан бұл кітабында (Адырбекұлы К. Академик Өмірбек Жолдасбеков. Өмірі. Қызметі. Тағдыры – Алматы: ЖК «Тарпаңбаева А.Ш.), 2025. – 304 бет. Қазақ және орыс тілдерінде) жазушы кеңес заманында ұлт мүддесін тереңнен ойлайтын азамат ретінде қалыптасып еңбек еткен, сол дәуірдегі үстем саясат ауанымен қисынсыз жалалы арыз жазғандардың да, озбыр саясатшылдардың да қилы қысастықтарына төтеп берген күрескер ғұмырын ұмытылмастай етіп жаңғыртты.
Осынау танымдық кітаптың беташарына автор әйгілі ұстаз, академик Зейнолла Қабдоловтың Өмірбек Арысланұлын «ылғи жайнап, маздап, жалындап жанып тұратын от» деп бағалап, өзі жануымен қоймай, өзімен бірге өзгелерді де тұтатып, жандырып жүретін қасиетін екпін қойып айта келе, оған: «сенің ректор кезіңде күллі қабілет-күшіңді, тірі пендеде тым сирек ұшырасатын аса шебер ұйымдастырушылық ісіңді ел игілігіне жұмсап, он алты жыл ұдайымен қалай жанғаныңды, қалай жалындағаныңды көзімен көрген қарттар мен жастар түгіл, он жеті қабат бас ғимарат қабырғасына өз қолыңмен қалаған тастарға тіл бітіп, ...аңыз ғып жатқандай қазір» деп тебіренген сара сөзін, сондай-ақ 1970–1986 жылдарғы ректор кезінде ғылымдағы, ұстаздық қызметтегі, республикамыздың мақтанышына айналған студенттер қалашығын салудағы істерімен қазақ университеті тарихында «Шолпан жұлдыздай ерекше жарқырап тұратын бірегей тұлға» ретінде бедерленген, «Отанға шексіз қызмет етудің эталоны» болған Жолдасбеков жайындағы мемлекет және қоғам қайраткері Жақсылық Күлекеевтің мақаласын алғы сөз орнына беріп, сосын өз зерттеуіне көшкен екен...
Өмекеңнің көзі тірісінде өзімен сұхбаттаса алмаса да, оны тікелей білген, қызметтесі, шәкірті болғандармен кездесіп, газет тігінділерімен, архив құжаттарымен, белгілі ғалымдардың естеліктерімен мұқият танысып, көптеген дерек пен мәліметке молынан кенелген соң ғана кітапты жазуға кіріскен қаламгер университет Қазақ атын алып жүргенмен, онда оқитын қазақ жастарының қатары бастапқыда мардымсыз болғанын еске алады. Басшылыққа 1948 жылы Төлеген Тәжібаев келгенде үлесі он-ақ пайыз еді, ал ұлттық оқытушылар құрамы бес-алты пайыздан аспайтын. Академик Тәжібаев бұл көрсеткішті көтеруге тырысқан, есесіне «Тәжібаев қазақтарды университетке көп қабылдап жатыр» деп дабыл қаққан арыз-шағым Мәскеуге топырлап түсіп, ақыры 1953 жылы лауазымынан түсірілген-ді. Өмірбек Жолдасбеков басшылық еткен жылдарында қазақ елінің басты «білім ордасындағы қазақ студенттері мен оқытушыларының үлес салмақ көрсеткішін тоқсан пайызға дейін көтеріп, факультеттер декандарын түгелге жуық жергілікті ұлт өкілдерінен тағайындап, университетті таза ұлттық деңгейге жеткізді». Автор айрықша атап көрсеткен Өмекеңнің тағы бір ерен ерлігі – Мәскеу мен Ленинградтан басқа қалаларда, одақтас республикалардың ешқайсысында болмаған университеттік қалашық тұрғызғаны еді. «Оны салу қазір әлдекімдердің айтуына қарағанда жеңіл секілді көрінер, – дейді Адырбекұлы. – Ақиқатына келсек, сол кезде оның ойға алған ісін жүзеге асыруы, жоқтан бар жасауы, оңай болған жоқ. Бұл Жолдасбековтің жүйкені тоздырған талай бюрократтық кедергілерден өтуінің, әуре-сарсаңға салған шовинистік пиғылдылармен табанды түрде күресуінің арқасында іске асты».
Осы іс барысында ректордың бастан кешкен қиындықтарын, кертартпа арызқойлармен күресін, құрылысты тоқтатпау жолындағы жанкешті еңбегін автор кітабында жүйелеп жазып көрсеткен. Әйтсе де қаскөйлердің жапқан жаласының кесірінен Өмекең ректор лауазымынан босатылып, қуғын-сүргінге ұшырады. Бас хатшы Михаил Горбачев пен оның біржақты қайта құру саясаты біздің елге бірінші хатшы етіп қонжитқан эмиссары Геннадий Колбиннің арамза басшылығы кезінде Өмірбек Арысланұлының тағдырын тәлкек еткісі келгендер жөнінде профессорлар Сәдуақас Темірбеков, Көпжасар Нәрібаев, Дандай Ысқақов, университеттік студенттер қалашығының құрылысшы-директоры Тарас Төлегенов, басқа да белгілі тұлғалардың естеліктері күрескер Жолдасбековтің қаншама жазықсыз жалаға тап келсе де сағы сынбағанына, ар-ожданын табандылықпен қорғап, ақыры жеңіске жеткеніне куәлік етеді.
Өмірбек Жолдасбековтің ғылымдағы орнын ұстазы, механизмдер мен машиналар теориясының аты әлемге мәшһүр маманы, Социалистік Еңбек Ері, академик Иван Иванович Артоболевский: «Аса көрнекті ғалым, академик Ө.Жолдасбеков жоғары деңгейдегі механизмдер теориясын жасау бойынша кең көлемді ғылыми зерттеулер жүргізді және әлемдік іс-дағдыда баламасы жоқ, принципті түрде жаңа, биік деңгейдегі механизмдер мен манипуляциялық құрылымдар жасады, олардың бәрі өнертабыстардың авторлық куәлігімен қорғалған және шетелдерде патенттелген», деп атап айтты. Ол 1977 жылы Өмекеңнің ұсынысын қолдап, машиналар мен механизмдер теориясы жөніндегі Бүкілодақтық бірінші съезді Алматыда өткізуге күш салған-ды. Съезге шетелдерден аттары әлемге әйгілі ғалымдар қатысты, нәтижесінде Қазақстан ғылымының зор жетістігін паш етіп, әлемдегі жетекші ғылыми мектептермен байланысты нығайту мүмкіндігі артты. Академик В.Гусев: «Ө.Жолдасбеков Ресейде, Қазақстанда, Азия мен Еуропада танылған ұлы ғалым және инженер ғана емес, сонымен бірге әлемдегі инженерлік қозғалыстың аса көрнекті ұйымдастырушысы, беделі дүние жүзінің тұтас бірқатар елінде... АҚШ, Германия, Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Пәкістан, Мысыр және көптеген басқаларында да қолдау тапқан Халықаралық инженерлік академияны құрушылардың бірі», деп көрсетті. Республикамызда машиналар мен механизмдер теориясының негізін қалап, аз жылда шырқау биікке көтерген Өмірбек Арысланұлының еңбектерін А.Ишлинский, Н.Бруевич, Б.Патон, Ю.Работнов және басқа да шетелдік ғалымдар өте жоғары бағалады.
Алайда әлемдік тұлғаға айналған Өмекеңнің өз елінде оны шын танығандардың емес, күншілдер мен пасық пенделердің тасы өрге домалап тұрған, бұл орайда автор түрлі құжаттар мен естеліктерге сүйене отырып, небір көңіл құлазытарлық мысалдар келтіреді. Солардың ішінде тек профессор Виктор Инюшиннің ғана Колбинге «Жолдасбековтің кім екенін айтып, араша сұраған адами қасиетін қалай бағаламайсың», деп тәубе қылады. Әрине, оның өтінішіне құлақ асқан жоқ. Жолдасбеков ректорлық қызметінен алынды, партия қатарынан шығарылды. Ең сорақысы, академикті дөрекі әм тұрпайы түрде студенттерге дәріс оқу құқынан да айырды. Автор бұл оқиғаны тікелей куәгер көзімен баян қылады: университеттің жаңа ректоры, кәсіподақ комитетінің төрағасы «және қалалық партия комитетінен келген славян нәсілінен, толықша, егде тартқан біреу» үшеуі жоғары курс студенттеріне дәріс оқып жатқан Жолдасбековті аудиториядан дәлізге шақыртыпты. Оның іштен жайдары қалыпта шығып, ректорға: «Жайшылық па?» деп сауал тастағаны сол, «қалалық партия комитетінің өкілі киіп кетіп: «Умирбек Арсланович, сіз студенттерге лекция оқуға қақылы емессіз. Аудиторияны тап қазір босатыңыз. Қалалық партия комитеті бюросының шешімі осы», деді зілді үнмен». Көздерінен ызғарлы ұшқын атып шыға келген академик оларға сұстана қарап алды да, ректорға қазақ тілінде: «Жау шапқандай не болды сонша? Дәрісімнің соңына дейін күтуге шамаларың келмеді ме?» деді, сосын шалт бұрылып, аудиторияға кірді де, студенттерден кешірім өтініп, стол үстінде жатқан пәпкісін алып қайта оралды. Аяқтарын ауыр басып, шығар есікке қарай жүре берді...
Президент архивінен алынған бір анықтамада Ө.Жолдасбековтің «1986 жылы желтоқсанда Алматы қаласында ұлтшылдық негізде болған қоғамға қарсы топты айдап салуға қатысы бар... Бұрынғы ректор ретінде... бассыздық кезінде студенттерді тоқтату үшін ешқандай шара қолданбады», деп негізсіз айып таққан жолдар тұр. Ал ірі ғалым және парламентарий Жолдасбеков Желтоқсан көтерілісінің он жылдығы қарсаңында «Заң» газетінде жариялаған «Егемендік жолындағы арпалыс» атты үлкен мақаласында сол бұлқынысты «толғағы жеткен құбылыстардың жиынтығы» деп қарастырды, «ХХ ғасырдың ұлы оқиғаларының бірі ретіндегі осынау бас көтерудің тәуелсіздігіміздің бастауы болғанын» дәлелдеп, саяси бағасын берді.
Осы ретте ізденімпаз зерттеуші-қаламгер Көлбай Адырбекұлының «Академик Өмірбек Жолдасбеков» атты кітабынан қалың оқырманның өте пайдалы мағлұмат алары кәміл.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты