Саясат • Кеше

Міндет – айқын, талап – нақты

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылдың қорытындысына арналған алқа отырысы өтті.

Міндет – айқын, талап – нақты

Алқа отырысын ашқан Өнер­кәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет бас­шысының Жолдауы мен Үкімет­тің кеңейтілген отырысында министрлікке нақты міндеттер жүктелгенін айтты. 

«Былтырғы нәтижелер өнеркә­сіп пен құрылыс саласының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетті. Өндіріс көлемінің артуы, тұрғын үйдің рекордтық дең­гейде пайдалануға берілуі, инвес­тициялық жобалардың іске асуы, жер қойнауын пайдалану сала­сындағы реформалар алдағы сапалы өсімге берік негіз қалады», деді Е.Нағаспаев.

Оның мәліметінше, былтыр өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,4%-ға өсті. Атап айтқанда, метал­лургияда өндіріс – 1,2%-ға, машина жасауда – 12,9%-ға, химия өнер­кәсібінде – 9,8%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде – 9,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 7,6%-ға артты. Жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, 22 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Отандық тауар өндірушілердің тізілімі жұмысын бастап, бүгінде жүйеде 800-ден аса компания тіркелді. Сонымен қатар «Ақтөбе», «Атырау» және «Қорқыт Ата» атты 3 жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды. Ірі инвестициялық жобалар аясында 13 келісімге қол қойылды.

Министрдің айтуынша, құ­рылыс саласында да айтарлықтай нәтиже бар. 2025 жылы жоспар­ланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 185 мыңнан астам баспана. Нақты көлем индексі 105,1%-ды құрап, көрсеткіш өткен кезең деңгейінен асып түсті. Саланың ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуы үшін Құрылыс кодексі қабыл­данды. Жер қойнауын пайдалану саласында да бірқатар маңыз­ды өзгеріс бар.  Министрдің мәліме­тінше, Жер қойнауы туралы ко­декс­­ке өзгерістер енгізілген. Бұл өз­г­е­ріс­тер елдің минералдық-шикі­зат қорын толықтыруға әрі саланы тұрақты дамытуға бағытталған.

Қазір елімізде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Осы жүйе арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Лицензия алу, электрондық аукциондарға қатысу, қол қою бонусын онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Бүгінге дейін 700-ден астам лицензия берілген. Сонымен қатар шамамен 4,6 млн геологиялық есеп цифрлық форматқа көшірілді. 2025 жылдың соңында құрылыс саласында да жаңа технологиялар енгізіле бас­тады. Құрылыс мониторингіне компьютерлік көру мен жасанды интеллект қолданылатын қа­натқақты жоба іске қосылды. Жүйе бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттарын автоматты түрде салыстырады. Соның арқасында құрылыс бас­талмай тұрып сәйкессіздіктер анықталады. Бұрын мұндай қателіктер кейін белгілі болатын. Мысалы, «қызыл сызықтарға» байланысты немесе функционалдық аймақтарға қатысты қателер ертерек аңғарылмайтын. Енді жасанды интеллект бұл тәуекелдерді алдын ала көрсетеді. Нәтижесінде, қала құрылысына бақылау қолмен тексерілетін, субъективті тәсілден жүйелі әрі болжамды форматқа көшеді. Бұл заңсыз құрылыс қаупін азайтып, аумақтық жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жиын барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері Олжас Сапарбеков, Қуандық Қаж­кенов, Иран Шархан және Жәннат Дүбірова 2025 жылғы жұмыс қорытындылары туралы есеп берді. Олар министрлік қызметінің негізгі бағыттары аясында атқарылған жұмысты баян­дап, алдағы кезеңге арналған жоба-жоспарын таныс­тырды. Атап айтқанда, 2026–2027 жылдары құрылыс саласында цифрлық реформаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл өзгерістер құрылыс үдерісінің барлық кезеңін қамтиды: жобалаудан бастап нысанды «ақылды» форматта пайда­лануға беруге дейін. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында азаматтарға қызмет көрсетудің бірыңғай цифрлық моделіне көшу жоспарланған. «Smart Turmys» платформасы ар­­қылы 2026 жылы халыққа электрондық коммуналдық қыз­мет­тер қолжетімді болады.

2026 жылы «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыс жоспарланған. Соның ішінде 2,8 мың шақырым су бұру желісі мен 5 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады. Осы шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай су бұру желілерінің тозу деңгейі 33%-ға, ал су құбыры желілерінің тозуы 41%-ға дейін төмендейді.

Келесі бағыт – геологиялық барлауға «Big Data» мен жасанды интеллект технологияларын енгізу. Мақсат – геологиялық деректердің кемінде 90%-ын цифрлық жүйеге көшіру, архив материалдарын машина оқи алатын форматқа ауыс­тыру және 3D-визуализациясы бар құрылымдалған геоақпараттық база құру. Соның нәтижесінде ша­шыраңқы деректердің орны­на интерактивті үш өлшемді жер қойнауы картасы жасалып, жа­сан­ды интеллект шешімдері Жер қой­науын пайдаланудың бі­рың­ғай платформасымен толық біріктіріледі.

Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау мен олардың қозғалысын қадағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Биыл жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын шамамен 200 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобаларды іске қосу нәтижесінде 19,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.

Қорытынды сөзінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет 2026 жылғы міндеттерін терең саяси өзгерістер жағдайында жүзеге асыруға кірісіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл өзгерістердің негізінде бүкілха­лықтық талқылауға ұсы­нылған жаңа Конституция жатыр. Ол Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігі экономиканы жаңғыр­тудағы негізгі мемлекеттік орган­дардың бірі екенін де атап өтті.

«Жаңа конституциялық құры­лым, бір палаталы Парламент – Құ­рылтайға көшу және Ха­лық кеңесін құру атқарушы билік­ке қоғамдық бақылауды күшей­теді. Министрлік үшін бұл – есептіліктің жаңа деңгейі. Енді әрбір шешім жаңа Конституцияда бекітілген қоғамдық сұранысқа сай қабылдануға тиіс. Бұл сіздер­дің ұжымдарыңызға үлкен жауапкер­шілік жүктейді», деді Р.Скляр.

Алқа отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары министрлікке алдағы жылдары не істеу керегін нақтылап берді. Ең алдымен 5 жылға арналған орта мерзімді жоспар дайындау тапсырылды. Ол жоспар жай құжат болмауға тиіс, ішінде нақты табыс әкелетін инвестициялық жобалар болуы қажет. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті күшейту, яғни, саланы жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыру міндеті тұр. Арнайы экономикалық аймақ­тардың жұмысын қайта қарап, бір ай ішінде олардың жаңа даму моделін енгізу тапсырылды. Сирек және сирек жер металдарына қатысты жоспар жаңартылуға тиіс. Бағалы металдары бар шикізатты шетелге шығару және зергерлік бұйымдар экспортын реттейтін нақты нормалар қажет екені айтылды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жоспары қабылдануы керек. Геологиялық-геофизикалық зерттеу көлемі 2,2 млн шаршы шақы­рымға дейін ұлғайтылып, 1:50 000 масштабқа көшу көзделіп отыр. Құрылыс саласында жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес нормативтік базаны толық енгізу қажет. Қала құрылысы кадастры жүйесін жетілдіру, тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету және ипотекалық бағдарламаларды ынталандыру да маңызды бағыт ретінде белгіленді. Цифрландыру жылы аясында бірқатар жүйе іске қосылады. Ұлттық өнеркәсіптік ақпараттық жүйе енгізіледі. Жер қойнауы кадастры толық цифрлық форматқа көшеді. Жасанды интеллект қолданылатын геобаза жасалады. «e-Qurylys» жүйесі жетілдіріледі. АГСК-3 келісімі арқылы сметалық есептеу ісі де цифрландырылмақ. Бұл бағыттардың бәрі Мемлекет басшысының Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырға негізделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар