Шымкентте, әлемдегі ең ірі қонақ үйлердің санатына кірген «Rixos Khadisha»-ның салынуының жақсы тарихы бар.
Қайсібір жылы «Rixos» Бурабайда ашылды. Тұсаукесеріне Елбасының өзі қатысты. Сол алқалы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы «Серікжан, Шымкентті Қазақстандағы үшінші қалаға айналдырып жатырмыз. Халқы миллионнан асатын қалаға заман талабына жауап беретін сәулетті қонақүй керек. Сен Шымкентке «Rixos» салсаңшы», деген болатын.
Сонда «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов «Нұреке, салуға уәде береміз», деген.
Сейітжановтың, біреулер ойлайтындай, буда-буда ақша шығаратын фабрикасы жоқ. Үлкен банктерден үлкен кредит алып үлкен салаларға инвестиция салып жатыр. Қара алтынның әлемде бәсі түсіп кеткен. Әлемді әлтек-тәлтек бастырған қаржы дағдарысы бес мың адамға жұмыс тауып беріп отырған азаматты көрмей қалып, айналып өтті деуге болмайды. Әйтсе де, Елбасы тапсырмасы орындалуы керек.
«Тәуекел ет те тас жұт» дейді қазақ нақылы. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Rixos» қонақ үйінің жобасын Елбасына баяндап, келісімін алғаннан кейін Серікжан Сейітжанов үлкен іске бел шешіп кірісіп кеткен.
Әлемде «Rixos» брендін иемденген 30 шақты ғана қонақүй бар. Ал 400-ден астам отель премьер-люкс санатында саналады. Осылардың арасында үздігін анықтау жыл сайын бір рет өткізіліп тұрады. Биыл Монте-Карлода өткен байқауда «Rixos Khadisha Shymkent» ең үздік деп танылған. Ақжолтай хабарды «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте қонақүйдің құрылтайшысы Серікжан Сейітжанов пен қонақүйдің бас менеджері Томас Полл жеткізді.
Сәулетті қонақүй 1,45 гектар жерді алып жатыр. Ғимарат 12 қабаттан тұрады. Стандарттан бастап президенттік дәрежеге дейінгі 7 түрлі санаттағы 177 демалыс бөлмесі бар. Бірінші қабатында 750 адамға лайықталған, үлкен салтанатты шараларға және іскерлік қарым-қатынастарға арналған 30-70 адамдық екі зал және брендтік киім-кешектер сатылатын дүкендері бар. Екінші қабатта азиялық «Pan Asіan» және италиялық «L`Olіva» деп аталатын екі мейрамхана жұмыс жасайды. Ең төменгі қабатта, яғни жертөледе СПА-орталық орналасқан.
СПА-орталық құрамына қар бөлмесі, құрғақ және дымқыл бу бөлмелері, сауна, фин моншасы, түрік хамамы, жүзу бассейні, классикалық, таиландтық, үндістандық және ыстық таспен жасайтын массаж бөлмелері бар. Сондай-ақ, емдеу-сауықтыру залы, бірнеше сұлулық салондары меймандарды қабылдайды. Қонақүйдің қабырғасы мен едені Түркия, Италия елдерінің мәрмәр тастарымен апталған. Қабырғаларға «Алтын адам» мен Томирис патшайымның алтын жалатылған мүсіндері орнатылған. Ал мұндағы жұмсақ жиһаздардың барлығы Италияда арнайы тапсырыспен жасалған. Еденге парсы кілемдері төселген. Өте сапалы материалдармен жасалғандықтан және бес жұлдызды мәртебесін иеленгендіктен бұл қонақүй қызметінің ақысы да халықаралық стандарттарға сай белгіленген.
Айтқандай, Хадиша кім деп сұрайтындарға жауап, ол қонақ үй құрылтайшысының анасы. Он бір баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, жолдарына жастық болып өсірген, тілеуі елдің үстінде, аузынан Алласы түспеген абзал ана еді. Жалпы, ата-ананың, бауырдың қадіріне жетуді осы әулеттен үйренсе болар.
– Қазақстан нарық толқынында жағалауға шығып қалмай аман-есен келе жатса әуелі Алла, сосын Мемлекет басшысының еңбегі, – дейді Серікжан Сейітжанов. –Дүниенің төңкеріліп соғатынын алдын ала біліп, стратегиялық жоспарлар түзді. Енді өзге мемлекеттер Қазақстаннан үлгі, өнеге алып жатыр. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға заман талабына сай білім беруді мемлекет алдына үлкен мақсат етіп қойды. Өсер елдің ертеңі үшін білімді ұрпақ керек. Менің де немерелерім әлемдегі үздік университеттерде білім алуда. Қазір өз салаңда мықты болмасаң жалған кеуде, жалаң қолмен табысқа жете алмайсың. Қазақ мықты болғысы келсе, зиялы, дәулетті болғысы келсе баласының тәрбиесін, білімін жөнге қойсын деп тілер едім.
Кешегі қарапайым мұғалімнің ұлы, атаның емес, елдің азаматына айналған, Елбасының тапсырмасын қалтқысыз орындап 5 мың адамға жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлердің өмірден түйгені осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.