Сурет: gov.kz
Кездесуде ОРК төрағасы алдағы референдумға дайындық барысы мен өткізу тәртібі туралы кеңінен баяндады. Н.Әбдіров референдум комиссияларының жұмысы, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, азаматтардың референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруға жасалған жағдайлар және ақпараттық-түсіндіру шаралары жөнінде айтты.
«Референдумды байқау үшін 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысады. Халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумды өткізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ дауыс беру үдерісінің ұлттық заңнамаға сәйкес ұйымдастырылып жатқанын халықаралық қауымдастықтың көруіне мүмкіндік береді», деді ол.
Кездесу барысында тараптар жалпыхалықтық науқанды байқауды ұйымдастырудың жекелеген мәселелерін, халықаралық байқаушылардың жұмысына жасалатын жағдайларды және өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады. Өз кезегінде халықаралық миссиялардың басшылары референдумды халықаралық байқау бойынша жұмыс жоспарларымен бөлісті.