Шаруашылық • Бүгін, 09:11

Түркістан облысында қарбыз пісті: Шаруалар алғашқы өнімді жинай бастады

1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар биылғы алғашқы қарбыз өнімін жинауға кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында қарбыз пісті: Шаруалар алғашқы өнімді жинай бастады

Фото: ашық дереккөз

Жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 миллиард текше метрден астам су берілді. Оның 307 миллион текше метрі Жетісай ауданына тиесілі.

Сумен толық қамтамасыз етілгендіктен, биыл өнім де молынан шыққан. «Бахарам» шаруа қожалығы егістік алқаптарын К-30 каналы арқылы келетін сумен қамтамасыз етіп отыр. 

«Биыл 10 гектар жерге қарбыз ектік. Қазір алғашқы өнімді жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Су мәселесі болған жоқ. Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз», деді шаруа қожалықтың төрағасы Шакирбой Раджапов.

Аудан бойынша бақша дақылдарын суаруға 53,8 миллион текше метр су жіберілген. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында бақша өнімдерін, көкөніс пен жоңышқа алқаптарын суару жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, мамырдың екінші он күндігінде жетісайлық шаруалар биылғы алғашқы қауын өнімін жинай бастаған еді.

Соңғы жаңалықтар