Еліміздің жеңіл атлеттері түрлі халықаралық турнирлерде үш медаль жеңіп алды. Кипрдің Лимасолында биіктікке секіруші Елизавета Матвеева күміс алса, Польшаның Белостогында Кристина Овчинникова қола медаль еншіледі. Сырықпен секіруші Полина Иванова Оңтүстік Кореяның Пусанында екінші орынға табан тіреді.
Шайбалы хоккейден 2026 жылы Германияда өтетін әлем чемпионатының элиталық дивизионында еліміздің ұлттық құрамасы В тобында өнер көрсетеді. Қарсыластарымыз – Канада, АҚШ, Чехия, Германия, Дания, Норвегия, Италия. А тобында Швейцария, Финляндия, Швеция, Словакия, Латвия, Аустрия, Словения, Украина сайысқа түседі.
Ресей Премьер-лигасында Грозныйдың «Ахмад» клубының сапында ойнайтын еліміздің футболшысы Максим Самородовқа бірқатар команданың көзі түсіп жүр. Олардың қатарында Мәскеудің «Спартагы» мен «Локомотиві», «Краснодар» бар. Өткен маусымда 34 рет жасыл алаңға шыққан 23 жастағы шабуылшы бес рет мергендік танытып, 10 мәрте нәтижелі пас берді.
Ауыр атлетикадан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінде отандық зілтеміршілер Өзбекстанда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүр. Жиын аяқталған соң, 12 маусымда спортшыларымыз Түркияға аттанады. Анадолы елінде биыл күзде Жапонияда алауы тұтанатын Азия ойындарына қатысатындар анықталады. Одан кейін лицензиялық әлем чемпионаты бар. Оған да еліміздің ең мықты атлеттері қатысады. Сондай-ақ олар жыл соңында Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын тағы бір жарыста күш сынасуды жоспарлап отыр.

«Forbes» журналы ең бай футбол клубтарының рейтингін жариялады. Бұл тізімде Мадридтің «Реалы» жеке-дара көш бастап тұр. Қазіргі кезде корольдік клуб 9,5 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Екінші, үшінші орындарда Испанияның «Барселонасы» (7,5 млрд) мен Англияның «Манчестер Юнайтеді» (7,2). Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында Ливерпуль» (6,2), ПСЖ (5,8), «Бавария» (5,7), «Манчестер Сити» (5,5), «Арсенал» (5,4), «Челси» (4,2), «Тоттенхэм» (3 млрд) секілді алпауыттар бар.
Дайындаған –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»