Аймақтар • Бүгін, 08:17

Музыка мектебіне мұқтаж

5 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 120 жыл толып отырған Ахмет Жұбановтың туған өлкесінде өнерге құштар, қабілетті балалар аз емес. Домбыра мен күйге қызығатын, ұлттық өнерге жақын небір дарындар бар. Бірақ бүгінде 13 мыңға жуық тұрғыны, 2,5 мыңнан астам оқушысы бар Ембі қаласындағы музыка мектебінің филиалында небәрі 25 бала ғана білім алады. Өнерге қызығатын дарындар көп болғанымен, мүмкіндік шектеулі. Сондықтан жер­­гілікті тұрғындар мен ата-аналар Ембіде дербес музыка мектебін ашу мәселесін қайта көтеріп отыр.

Музыка мектебіне мұқтаж

Сурет: ulan.kazgazeta.kz

Мұғалжар ауданының Ембі қаласында 1977 жылы музыка мектебінің филиалы ашылып, онда алғаш рет белгілі күйші, Мәдениет қайраткері Сәлима Алдабергенова дәріс бере бас­тады. Осы білім ошағында тәлім алған көптеген шәкірт кейін өнер жолын таңдап, еліміздің әр өңірінде мәдениет саласының дамуына үлес қосып келеді. Олардың қатарында әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев, кәсіби қобызшы әрі жетіген аспабының танымал шебері Бақыт Мырзабекова, сондай-ақ Асланбек Жанасаев, Шәрбат Кішібаева, Ұлболсын Мұханбетова, басқа да өнер иелері бар.

Бүгінде Ембі қаласында бес жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Алайда музыка мектебі филиалында небәрі екі мұғалім қызмет атқарып, бар болғаны 25 бала білім алып жүр. Сабақ Ембі қалалық аула клубының екі шағын бөлмесінде өткізіледі. Балаларын музыка мектебіне бергісі келетін ата-аналар көбейгенімен, мұғалімдер штат бірлігінің жеткіліксіздігін алға тартып, жаңа оқушыларды қабылдай алмай отырғандарын айтады. Соның салдарынан өнерге қызығушылық танытқан көптеген бала қосымша білім алу мүмкіндігінен қағылып отыр.

Бұл мәселе жыл сайын қайталанады. Ата-аналар мен тұрғындар тарапынан аудандық деңгейде бірнеше рет көтерілгенімен, әзірге нақты нәтиже байқалмай отыр. Ембі қаласында дербес музыка мектебін ашатын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Егер мұндай мүмкіндік әзірге болмаса, ең болмаса қосымша штат бірліктерін бөліп, балаларды көбірек қабылдауға жағдай жасау қажет.

Ембі қаласында қосымша білім беретін мекемелер бар. Атап айтқанда, аудандық оқушылар шығармашылығын дамыту орталығы мен қалалық аула клубында домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Қазір бұл үйірмелерге шамамен 70 бала қатысады. Алайда мұнда домбырадан өзге музыкалық аспаптарды үйрететін бағыттар жоқ. Оның үстіне, бұл – үйірме болғандықтан сабақтар топтық форматта өтеді. Әр оқушымен жеке жұмыс жүргізу мүмкін емес. Ал музыка мектебінде әр балаға жеке көңіл бөлініп, аспапты кәсіби деңгейде меңгеруге жағдай жасалады. Мұнда нота сауаты оқытылып, жүйелі музыкалық білім беріледі. Сондықтан музыка мектебі мен үйірменің мүмкіндігін салыстыруға келмейді.

Музыка мектебі – жас ұрпақты өнерге баулып қана қоймай, олардың рухани және мәдени дүниетанымын қалыптастыратын, болашақ таланттардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жол ашатын маңызды білім ошағы. Белгілі педагог Василий Сухомлинскийдің: «Музыка тыңдатпайынша тәрбие беру, балалық шақтың өзінде адамның сүйіп тыңдайтын ән-күйлерінсіз тәрбие беру деген менің басыма қонбайтын нәрсе», деген сөзі осының айқын дәлелі.

Біз – академик, ғалым, композитор, қазақ халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың туған жұртымыз. Сондықтан балалардың өнермен айналысуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр баланың бойындағы қабілетті ашып, өнерге жол табуына мүмкіндік беру мақсатында тиісті жағдай жасалуы қажет деп санаймыз.

Ембі қаласында балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған мәдени-шығармашылық орталардың тапшылығы айқын сезіледі. Соның салдарынан көптеген жас өнер мен шығармашылықтан алшақтап, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік таба алмай отыр. Жастардың бір бөлігі туған жерінде болашағын көрмей, үлкен қалаларға кетуге ұмтылады.

Балаларды өнерге баулуға сұраныс жоғары болғанымен, кадр тапшылығы мен штат бірліктерінің жеткіліксіздігі мәселені күрделендіріп тұр.

Ембі қаласында музыка мектебін ашу немесе қолданыстағы филиалдың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін күшейту – жас ұрпақтың мәдени тәрбиесіне, кәсіби бағдар алуына және өңірдің рухани дамуына қызмет ететін маңызды қадам болар еді.

 

Мырзағали Рахманов,

музыка пәнінің мұғалімі, Халық ұлт аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар