Суретші Тимур Коесовтың шешімімен сахна заманауи үлгіде безендірілген. Яғни оның Қырманбайдың шаңырағын шартты түрде екіқабатты коттедж ретінде көрсетуі қойылымның мазмұнын да, режиссердің идеясын да ашып тұр. Ауласы жасыл бақпен көмкерілген зәулім үй сахнадағы қызуқанды әрекетті арттыруға, рөл орындаушылардың сол үйдің астыңғы және үстіңгі қабаттарында еркін қимылдауына мол мүмкіндік берген. Пьесадағы «шөп қораның» жаңаша оқылымдағы спектакльде «подвал» болып ауысуы да заманауи үйдің құрылымына әдемі үйлесіп тұр. Және насыбай тостақты іздеуден басталған қойылымда әке мен балалар диалогінің өлең түрінде орындалуын да ұтымды шешім дейміз.
Әйелі қайтыс болған соң отбасындағы барлық жауапкершілік, балаларына жақсы тәрбие беру, әрқайсысын үйлендіріп, олардың өмірден, қоғамнан өз орындарын жаңылмай табуына жол сілтеу Қырманбайдың мойнына артылған. Демек, ол – шығармадағы басты кейіпкер әрі оның қойылымдағы көркемдік салмағы басым. Бұл рөлдегі Сәбит Қожабековтің көп жылғы сахналық тәжірибесі көрінді. Актер ұл-қыздарының ертеңіне алаңдайтын әкенің бейнесіне ойлылық, жұмсақтық, аңғал мінез берген. С.Қожабековтің Қырманбайы аңғал болғанымен бақытынан бас тартпайды. Сахнаға Гүлбарам шыққан сәттен бастап болмысы тіпті ашыла, ішкі әлемі айқындала түскен Қырманбай бейнесі әйелдің өзін еуропалықтарға теңеген тұсында, бір жағынан ыңғайсыз күйге түскенімен, екінші жағынан өз бағасын арттырып, мақтанады. Сол сәттегі қара көзілдірік киген С.Қожабековтің жүрісі, өзін ұстау мәнері «крутой» шалдың бейнесін байқатады. Актер Мараттың «өлген» сахнасында не істерін білмей қатты абыржып, көңілі босаған Қырманбайдың драмалық күйін, балаларына білдірген өкпе-назын түрлі иірімдегі дауыс ырғағымен-ақ шынайы жеткізеді.
Дегенмен бір отбасының жауапкершілігі, балаларының тәрбиесі бір өзіне жүктелген адамға қаталдық жетіспей жатыр. Қойылымда Қырманбайдың ұл-қыздарын ықтыратын мысының көрінуі маңызды. Мұның негізгі кілті пьесадағы балаларының насыбай тостағын іздеген әкелерінің алдында қорыққандарынан тізелерін бүге отырып, «мен алған жоқпын, мен көрген жоқпын» дейтін уәждерінде жатқанын айтқымыз келеді. Сонымен бірге қартайса да үйленуге ниетті Қырманбай комедиялық қимыл-қозғалыстарға сұранып-ақ тұрған кейіпкер болғандықтан, актерге осы тұсын да ойластырған абзал.
Гүлбарам рөліндегі Мағрипа Шаненова да бір күйден екінші күйге жылдам өтудегі шеберлігін көрсетті. Гүлбарам – М.Шаненова бірде жас қыздай сызыла қалып, кейбір ситуацияларда дауыс иірімін құбылтып, бойдақ шалды өзіне қаратуға әрекет жасайды. Мұны әсіресе шалды өзге әйелден қызғанған тұстарында байқаймыз. Алайда Қырманбай сияқты басы бос, төрт құбыласы түгел, келісті ақсақалды қайткенде «қолға түсіру» үшін актриса ширай түскен жөн. Негізінен шығармадағы басты бейнелер болғандықтан С.Қожабеков пен М.Шаненоваға шығармашылық тандемде жұмыс жасаудың жолын табу маңызды дер едік.
Жалпы спектакльден кейіпкерлердің бізге пьесадан таныс мінездерін емес, керісінше актерлердің өз қаһармандарының әрқайсысына берген бір-біріне ұқсамайтын трактовкасын көреміз. Әсіресе Қырманбайдың ұлдары: Барбол, Нарбол, Жарбол бейнелерінде өзгешелік бар. Мәселен, өмірге жеңіл қарайтын Нарбол қай кезде де еркін болуға ұмтылады. Үнемі спорттық киімде жүретін бұл жігіттің рөліндегі Мади Маңғыстауов құлаққабын тастамайтын қазіргі жастардың бейнесін көрсетеді. Өзі жасаған «қылмысты» мойындамай, өзгеге арту – ол үшін қалыпты жағдай. Алайда ойсыз, асығыс сөйлегенінен өз сөзінен өзі ұсталып қалатын тұстары да бар. М.Маңғыстауов осындай психологиялық қайшылыққа толы кейіпкерін комедиялық сарындағы ойынымен көрерменге шынайы жеткізе алды.
Ал үнемі жұмыстан, жиналыстан қолы босамайтын, жеке өміріне көңіл бөлетін уақыты жоқ Барбол шала қазақ бейнесінде көрінеді. Әрине бүгінгі қоғамда мұндай ана тіліне немқұрайды қарайтын «іскер» жігіттер жоқ деп айта алмаймыз. Рөлдегі Нұрбек Съезхан тілін бұрай сөйлеп, өзгеге еліктейтін «жаңа қазақтың» бейнесін жасаған. Отбасындағы іні-қарындастарының бақытын «байлап» жүрген де осы – Барбол. Жұмыс пен жиналысты өмірінің мәніне айналдырған ол үшін ең бастысы – карьера. Мұны актер салмақты жүрісімен, отбасы мәселесіне соншалықты бас ауырта бермейтін көзқарас-ишаратымен байқатады. Барболдың киімі де өзінің өмірлік ұстанымына сай келіпті: басындағы сәнді қалпағы, жағасы көтерілген шекпені (плащ), қымбат мойын орағышы, көзіндегі қара көзілдірік, барлығы да актердің кейіпкеріне берген трактовкасымен үйлесіп тұр.
Сол сияқты Жарбол рөліндегі Айбек Бейбітов ерке баланың бейнесін шынайы жеткізуімен, дене пластикасының өзгешелігімен көпшіліктің есінде қалды. Актердің ойынында Қырманбай кенжесінің балалығы мен ересек жігіттерге еліктеген бозбалалық әрекеті қатар көрінеді. Мұның бір дәлелі – Нарбол берген сникерстің сабын болып шыққанда еңіреп жылаған әрекеті. Әкесіне бірде сыбырлап, кейде күлкілі ым-ишарасымен аға-әпкелерінің «қылмысын» айтып қойып жүрген Жарбол – А.Бейбітов ағалары мен болашақ жезделерінен «пара» алуға әбден машықтанып алған. Жоқ жерден пайда тапқанымен оның балалығы мен аңғалдығы аузында сөз тұрмайтын шыдамсыздығынан көрініп тұрады. Тіпті, Жарболдың өзіне тән қулығы да жоқ емес. Мұны А.Бейбітов құбылған мимикасымен, бақырайған көзін төңкеріп қарауымен-ақ ұқтырады. Осы рөлінде сахнада өзін еркін ұстайтын, бір сәт те әрекетсіз қалмайтын актер пластикалық мүмкіндігінің мол екенін аңғартты.
Дегенмен шығармашылық ансамбль жастардың биімен басталып, қойылымға қатысқан актерлердің барлығының орындауындағы бимен аяқталатын спектакльдегі пластикалық ырғақта синхрондылықтың сақталмауы қойылымға көркемдік әсер бермегенін ескеру керек. Хореограф Анар Есенғалиева Айгерім Қалаубаева биінің элементтерін қолданыпты, бұл жанр табиғатын ашуға әдемі ықпал еткен. Дегенмен мұның дәл қазіргі уақытта трендтен шыққанын ескеру қажет деген ойдамыз. Жалпы шығармашылық ансамбль трендтің белгілі бір уақытқа ғана тән құбылыс екенін естен шығармауға тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі – қойылымда Жарболдың әкесін тебетін тұсы бар. Бұл режиссерлік шешім тұрғысынан да, актерлік ізденіс тұрғысынан да дұрыс әрекет емес. Себебі комедия болғанымен Қырманбайдың шығармадағы әлеуметтік орны өте жоғары. Оның үстіне қазақ халқы, тіпті бүтін адамзат үшін «әкенің» орны өзгеше. Ал сахнадағы мұндай теріс әрекеттің көпшілікке жақсы ой салмайтыны белгілі.
Зухра Исламбаева,
театртанушы, өнертану кандидаты