Еліміз кейінгі жылдары дәл осындай тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды саяси және экономикалық реформалар ел дамуының жаңа парағын ашты. Президент бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың түпкі мәні – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыруға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын дамытуға бағытталған.
Бүгінде қолға алынған реформалардың нақты нәтижесін де көріп жүрміз. Саяси жүйе жаңарып, қоғамдық диалог нығайып келеді. Азаматтардың пікіріне құлақ асатын мемлекет қағидаты күнделікті басқару тәжірибесіне айналып жатыр. Осы өзгерістердің құқықтық негізін жаңа Конституция қалады.
Жаңа Ата заң – елдің саяси және қоғамдық дамуының жаңа белесін айқындап берді. Бұл ауқымды өзгерістер, ұзақ жыл бойы пісіп-жетілген қоғамдық сұраныстың, уақыт талабының заңды нәтижесі. Ата заңда демократиялық реформаларға жаңа серпін беріліп, адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өзгерістер енді.
Осы тарихи құжатты әзірлеу жұмыстарына Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде қатысу маған үлкен жауапкершілік болды. Бас құжатты әзірлеу және оларды халыққа түсіндіру барысында азаматтардың саяси жаңғыруға деген жоғары қызығушылығы мен қолдауы анық сезілді. Бұл қолдаудың нәтижесі республикалық референдумның қорытындысында көрініс тауып, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 90 пайызға жуығы жаңа Конституцияны жақтады. Халықтың осындай сенімі реформаларды табанды түрде жалғастыруға үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Өйткені кез келген саяси өзгерістің құндылығы оның нақты нәтижесімен өлшенеді.
Кейінгі жылдары мемлекет жүргізіп отырған жүйелі реформалардың оң ықпалы өңірлердің дамуынан да айқын байқалып келеді. Елімізде өңірлік экономикаға тың серпін беріліп, инвестициялық белсенділік артып, әлеуметтік мәселелерді шешуге жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Бұл тұрғыда Түркістан облысының көрсеткіштері ерекше назар аударуға тұрарлық.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінен республикадағы жетекші өңірлердің қатарына енді. Қысқамерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, облыс ел бойынша алғашқы үштіктен көрінді. Жыл қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,6 триллион теңгеге жетіп, өсім 113,8 пайызды құрады. Әсіресе тау-кен өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары айтарлықтай серпін көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі 770,7 млрд теңгенің өнімін өндіріп, жоспарланған меже артығымен орындалды. Облыс экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында 1,2 триллион теңгенің өнімі өндірілді.
Осы тұста ерекше атап өтетін жайт – біздің өңір елімізде мақта өсіретін бірден-бір облыс ретінде өз стратегиялық артықшылығын тиімді пайдаланып отыр. Облыста мақта-тоқыма кластері құрылды. Сонымен қатар жүгері, ет кластерлерін құру жобалары іске асырылып жатыр. Аталған жобалар Мемлекет басшысы айқындаған шикізатты ел ішінде терең өңдеу, дайын өнім көлемін арттыру және Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейту жөніндегі тапсырмаларымен толықтай үндес.
Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығы да жоғары. Инвестиция тарту бағытында негізгі капиталға 1,7 триллион теңге бағытталып, өсім қарқыны 121,6 пайызға жетті. Ал сауда көлемі 913,7 миллиард теңгені құрап, өсім қарқыны 146,2 пайыз деңгейінде қалыптасты. Құрылыс саласында 645,2 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, 1 235,9 миллион шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Одан бөлек, көлік-логистика және байланыс салаларында да тұрақты даму үрдісі сақталды. Жалпы, 2025 жыл Түркістан облысы үшін өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс және кәсіпкерлік салаларындағы серпінді өсіммен ерекшеленді.
Биылдың алғашқы бес айының қорытындысы да облыстың жоғары даму қарқынын сақтап отырғанын көрсетеді. Қаңтар–мамыр айларында қысқамерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облыс республика бойынша бірінші орынға шықты. Осы кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 722,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 131,9 пайызды құрады. Ал ауыл шаруашылығында 259,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім деңгейі 110,7 пайызды құрады. Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде сақталып тұр. Жыл басынан бері негізгі капиталға 614,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өсім 150,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұдан бөлек, сауда, құрылыс және тұрғын үй бағыттарындағы оң көрсеткіштер облыстағы экономикалық өсімнің жан-жақты сипат алғанын дәлелдейді.
Әрине, бұл жетістіктер – облыс әкімдігі мен барлық мемлекеттік органдардың, мәслихаттардың, қоғамдық институттардың, кәсіпкерлер мен еңбекқор халықтың ортақ еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқы «Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді. Түркістан облысының бүгінгі табыстары осы даналықтың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Өңірдегі оң өзгерістердің негізінде өзара түсіністік, ынтымақ, жауапкершілік және қажырлы еңбек жатыр.
Жалпы, қоғам мен биліктің ортақ мақсат жолында жұмыла әрекет етуі қай кезде болса да үлкен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Әсіресе мемлекет алдында тұрған ауқымды міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін қоғамдық күштердің бірігуі айрықша рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздегі саяси үдерістер бірігу мен ықпалдастық бағытында дамып келеді. Оның жарқын көрінісі «Amanat» партиясының «Әділет» партиясына қосылу туралы шешімі, олардың күш біріктіруі – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болды. Бұл қадам саяси ұйымдардың тар мүддеден биік тұрып, елдік мақсаттарға қызмет етуге ұмтылысын көрсетеді. Бүгінгі таңда қоғамды бөлетін емес, біріктіретін құндылықтар алдыңғы орынға шығуға тиіс. Сондықтан бұл шешім мемлекет жүргізіп отырған реформаларды қолдауға, қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың мүддесін тиімді қорғауға бағытталған маңызды қадам деп білемін.
Саяси жаңғырудың басты мақсаты – қоғамды ортақ мұратқа жұмылдыру. Ал мұндай мақсатқа жету үшін мемлекет, саяси институттар және азаматтық қоғам бір бағытта әрекет етуі маңызды.
Ертең еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейін мемлекетіміздің саяси өміріндегі маңызды кезең – Құрылтайдың сайлауы өтіп, жаңарған мемлекеттік институттар өз қызметіне кіріседі. Бұл – қоғамның жаңа құқықтық қағидаттар негізінде дамуына мүмкіндік беретін маңызды тарихи белес болмақ. Осындай тарихи сәтте әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, белсенді болуы маңызды. Бұл ретте, облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының әдеттегідей елдік бастамаларға, алдағы сайлау науқанына белсене қатысып, өңірдегі саяси-қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға өз үлестерін қосатынына
сенімдімін.
Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мемлекеттің дамуы әр азаматтың жауапкершілігіне, ел тағдырына деген жанашырлығына, ортақ іске қосқан үлесіне байланысты. Бүгінгі Қазақстан – үлкен өзгерістер жолындағы мемлекет. Осындай уақытта жауапкершілік, бірлік және қоғамдық келісім ел дамуының басты тіректеріне айналатыны сөзсіз.
Президент айтқандай, бір ел, бір халық болып, алмағайып замандағы сын-қатерлерді еңсеру – ортақ міндет. Ол үшін реформаларды қолдап, ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек ету – басты мәселе. Сонда ғана Әділетті Қазақстан идеясы толық жүзеге асып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктеріне жол ашылады.
Ал бірлігі бекем, берекесі мол елдің болашағы әрқашан жарқын болмақ.
Нұралы ӘБІШОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы