Пікір •

Ел мен қоғам жауапкершілігі

21 мин
оқу үшін

Халқымыз жақсылыққа, өзгеріске жұмылып, мемлекетіміздегі саяси реформалар жауапты кезеңге көтерілгенде біз үшін қоғам қуаты, әдебі мен мәдениеті аса маңызды. Күні кеше Үкімет үйінде өткен алқалы елдік жиында Президент Қ.К.Тоқаев: «Қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударылуы қажет» деді. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады» деп тұжырымдады. «Елдегі өзгерістің иесі халық болуға тиіс» деген ойы да көкейкесті естілді.

Ел мен қоғам жауапкершілігі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ұлт даналығы «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Бұл өлшемнің ел мен қоғам жауапкершілігіне тікелей қатысы бар. Мәселен, Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл толғалы отыр. Ал, 50 жылдық межеге 15-ақ жыл қалды. Заңды сұрақ туады: біз қоғам ретінде жаңарудың қандай тетіктерін жүзеге асыра алдық? Бір сәт мәселені басқа қырынан қояйық. Кеңестік кезеңде – 70-80 жылдары «шіркін, мына дерттер жойылса ғой» деп армандаған, азаттық кезеңде – 90-жылдары «енді мына пәледен арылмасақ, дамуымыз екіталай» деп кіжінген жаман әдеттен құтылдық па?

Шынын айтайық, бұл жерде билікті де, заңды да кінәлаудың, жазғырудың еш жөні жоқ. Қоғам дертін не жазады, қай әрекет, іс-қимыл түзейді – мәселе осында.

Енді елдік іске жанкүйер азаматтар, зиялылар сынап жүрген бүгінгі теріс ғадеттерге тоқталайық.

Әдепсіздік пен дарақылық. Былайша қарағанда, отбасы, мектеп, орта бұл қылықтардың орынсыздығын, жамандығын түсіндіріп-ақ жатқандай. Бірақ түрлі отбасы, қилы мектеп, әр деңгейдегі орта бары белгілі. Сонымен бірге төрт құбыласы тең жерде өскендерден де одағай мінез шығып жататыны мәлім.

Осы екі күрделі жағдай адами этиканы, әдепті сақтамағандықтан туындайды. Мысалы, қоғамдық жерде өзін-өзі ұстау, қай орында қандай сөз айтуды білу, үлкенді құрметтеу, жағдайсызды (мүгедек, кембағал, мүсәпір т.б.) түсіну, баланың немесе жастардың көзінше іс-әрекетті, сөзді, бағаны орынды қолдану, үлкен-кіші жиында дәстүрді сақтау, арсыздыққа, өтірікке төзбеу, жалған серттесуге куәлік бермеу, әсіре мақтаннан, сөзуарлықтан аулақ болу, ең бастысы ел, қоғам, орта, әулет, отбасы алдындағы жауапкершіліктен айнымау – әдептің асыл арқауы.

Жоғарыдағы қасиет әрқашан дұрыс қалыптасып, жалғасын тапса, қоғамдық орыннан әлеуметтік желіге дейін, адами қарым-қатынастан мемлекеттік қызметке дейін кәсібилікке, мәдениетке, парасатқа, жасампаздыққа бет бұрары анық.

Бірден айтайық: жаңа Ата заңымызда жазылған Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихи сабақтастығы, ірі даналарымыздан бастап, өзіміздің қарапайым да жауапты ата-бабамызға дейінгілердің тіршілігіндегі ісі, мұрасы, өсиеті осы әдептілік қағидатына суарылған. Гендерлік саясат, тепе-теңдік ұлт дәстүрінің, парасатының өн бойында тұр. Ана, қыз баласы, әйел заты («зат» − заде, әрі қасиет, әрі болмыс) – әдеп пен мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің өзегі.

Дарақылық – мәдениетсіздіктің, жөнсіздіктің бір атауы. Дарақы адам қайдан шығады? Қоғамның, айналаның, тіпті жақын туыстың, бауырдың дер кезінде дұрыс баға бермеуінен, жанашырлықпен сын айтпауынан шығады. Тәуелсіздіктің елең-алаңын қосып есептегенде 40 жылға жуықтайтын кезеңде не болмады? Тікұшақтан ақша шашу мен жүзінші қажылығын тойлауға дейінгі дарақылықты жұртшылық көрді. Немесе «Біз көптің бірі емеспіз» деп, мейрамханада орындықтың үстіне кір аяқ киімімен шығып, тост айтқандар туралы факті де бар. Мұны айтасыз, өзі бір ғылыми мақала жазбай-ақ том-том кітаптың авторы атанған «ғалымдар» көбейді. Өкінішке қарай, ғылым мен шығармашылық нарыққа айналғанда, кітап оқымаған «ғұлама», көркемдік пен талғамды місе тұтпайтын «жазушы», есті әнді аяққа таптаған «музыкант» ілуде бір емес, қарасы артты.  Бұл да – дарақылықтың көрінісі.

Осы ұсқынсыз үрдіс Тәуелсіздік мұратын да бүлдіргені жасырын емес. Біз ономастикалық саясаттың «Көкемнің аты – көшеге, атамның аты – ауылға» ауруы жөнінде айтып отырмыз. Бір кезде түрлі шаруашылық, мекеме, мектеп т.б. басқарған, бірақ биік елдік деңгейден көріне алмағандар Маркс, Энгельс, Ленин, Крупская, Дзержинский, Ворошилов т.б. кеңестік культ тұлғалардың орнына келді. Сондай-ақ бар өңірде санаулы 40-50 тұлғаның есімін қайталай беру де қисынды деп ойламаймыз. Ұлы даланың мың жылдық тарихын бұрын армандап, қазір шегелеп жазғаннан кейін, 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» жұртқа ұсынған соң, топонимикадағы талғам да, ұстаным да жүйелі, кең, дарақылықтан ада болғаны жөн. Бұл – халықтың, зиялылардың пікірі, ұсынысы.

Қиындыққа, жаза басуға жол беретін дарақылық айтылған жерде қарапайым, тұрмыстық мәселерді айналып өте алмаймыз. Бұл – тойдан құдайы асқа дейінгі өмірлік салт-дәстүрдің әу бастағы мақсатынан ажырауы. Аға буын да, орта буын да «Тойға барсақ, шаршап қайтамыз» дейді. Жастар мұны «ескіліктің сарқыншағы» деп бағалайды. Кейде қату, кейде тату осы бағаның негізі бар ма? Әрине, бар. Бұған да себеп – дарақылық. Мейрамханалардың дыбыс күшейткіштері, мәдениетсіз асабалар, ағыл-тегіл дәм мәзірі сыналғаны қашан!

Ұлтымыз үшін дәм, нан – қашанда қадірлі, қастерлі дүние. ХХ ғасырдағы аштықта 3,5 млн адамынан айырылған ел ретінде біз нан қоқымын да бағалай білуіміз керек. Бірішек қала адамына жорықта жүрген батырдың тамағын ұсынғаннан кейін, әрине, ас рәсуа болады. Жай ғана ауыз тиген тәрелке тола дәм қоқысқа кетеді... Дәл сол кезде сан мыңдаған қандасыңыз бір тостақ сылдыр көжені аңсап жүреді. Дарақылықтың ауырлығы осындайда сезіледі.

Түрлі той немесе ас рәсімін қарапайым деңгейде өткізіп, адам өмірінде, ұрпақ тағдырында есте қалар кезеңді саналы түрде қайырымдылық шарасына бұрып жүрген жастар да, орта һәм аға буын өкілдері де байқалып қалады. Біздіңше, осы азаматтардың қоғамшылдығын, халықшылдығын қолдаған абзал. Өйткені, ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары да осындай мәдени-тұрмыстық игі істер атқарып, жағдайсыз шәкірттерге, жоқ-жітіктерге жәрдемдескен.

Бұл ретте еліміздің біраз өңірінде кісі қайтқанда қаралы үйді мазалап ас-су беруге, қазан көтеруге мәжбүрлеу тоқтатылды. Сондай-ақ марқұмға құран бағышталатын дастарханның, діни мерекелер мен Ораза мәзірінің қарапайым болуы қадап айтылды. Мұны дұрыс бастама санаймыз.

Әдептілікке байланысты да қоғамда түрлі игі ұсыныс көтеріліп, іске асырылып жатыр. Бірақ ол аздау. Әдептілік ұлғайып, қоғамдық сипат алған сайын халықтың мәдениеті артып, еңсесі көтеріледі.

Жылаңқылық пен арсыздық. Жалпы адамда білім, намыс, жауапкершілік артса, өзінің әл-ауқатына, тұрмыстық жағдайына, тіпті әлеуметтік мәртебесіне біреу кінәлі деп ойламайды. Бәрін «өзім шеше білуім керек» деп есептейді. Жылаңқы адам – ой түкпірінде тек материалдық игілік, басқадан көбірек алсам деген өзімшілдік тұратын жан. Сонымен бірге елде, қоғамда жүріп жатқан оң өзгерістерді, соған жеке үлес қосуды ойламай, сарыуайым мен күйректікті қолжаулық ететін жігерсіз кісі. Жылап жүріп өз қамын күйттейтіндер де, қоғамның алаң көңілін сенімсіздікке бұратындар да елтүзерлер қатарынан емес. Соқырдың көзінен жас аққандай шын жылау бар да, жұрт алдарлық имитация да бар. Өнер – қоғамның, тағдырдың айнасы. Мысалы, байырғы халық жыры «Елім-ай»-дан кейінгі Ж.Сәтібеков пен А.Қоразбаевтың «Қара кемпіріне» дейін - ұлт трагедиясының көрінісі. Ал енді бүгінгі той-томалақта әжептәуір нәпақа тауып, жұрт көңілін аулау үшін жылаңқы ән айтатын музыканттар халық талғамы мен сұранымын қанағаттандырып жүр деп ойламаймыз.

Ән-күй, поэзия мен проза, драматургия мен кино, басқа да өнер саласы тарих пен осы күннің арасын тең ұстап, ұлт жасампаздығына, ерлігіне, ақыл-парасатына, интеллектуалдық өрісіне көңіл бөлсе ғана ел жаңаруына сәтімен үлес қосқан болады. Одан да түсінікті жеткізсек, бізге Қорқыттың өлім мен өмір тайталасын ұқтырғаны, Асан қайғының жерұйық іздегені маңызды. Сондай-ақ беріде Жәңгір хан мен Махамбеттің арасындағы мүдде қақтығысы мәнді емес, Бөкей ордасы басшысының қазақ даласына өркениетті жақындата түсуі, Махамбеттің елін сүйген, жолдасын қадірлеген болмысы бағалы. Тіпті 20-30 жылдардың аштығын, қырғынын айтқанда да «мың өліп, мың тірілген» елдік рух, жоқтан бар еткен сенім қастерлі. Абайдың қара сөзіндегі пессимизмнен бұрын тәжірибесін хатқа түсірген, қиындықтан сақтандырған оптимизм қадірлі.

Арсыздық – ұялмаудың, есеп бермеудің, әдетті, дәстүрді елемеудің нақ өзі. Бүгінде қайбір замандас мұны өз өресіне сай батылдықпен, тәуекелшілдікпен байланыстырады. Бұл мүлде қате. Арсыздық – осы күннің ғана жемісі емес, адамзат жаралғаннан бері келе жатқан психологияға қатысты ұғым. Бірақ қоғамда әдет, дәстүр, адами қарым-қатынас, заң, тәртіп қағидаттары жүйеленген сайын арсыздықтың айылы жиылып, кең етек жаюға жол таба алмай қалады.

Қоғам – лакмус қағазы сынды. Бұрқ-сарқ қайнаған түрлі психология, пейіл мен ниет жұрт алдына шығып жатады. Мәселен, бізде түрлі жарыс, бәйге өтеді. Оны ұйымдастырушы да, оған қатысушы да бір мақсатты көздеуге тиіс. Ол – талантты тану, соған баға беру. Ал, енді осы шынайы бәсекеге арсыздық араласса,  осы жарыс пен бәйге өз мақсатын, мәнін жояды. Екінші, жарыс әділ жүргізілсе, жеңілген адам да алға озғанның қуатын да, бағын да күндей алмайды. Өмірдегі жарыста, ақыл-ой бәйгісінде спорттағы шарттылық жүрмей қалады (мәселен, қарсыласы келмей қалған жағдайда жеңісті қатысушыға беру т.б.).

Сондай-ақ ғылымда атақ-дәреже алғанның көшірімпаздығы (плагиат) анықталып жатса да, сол фактіні талқыламай «сіңіру», допинг дауына іліккенді «бір кезде ел абыройын көтерді ғой» деп кешіре салу – арсыздыққа берілген шынайы баға емес.

Қазіргі арсыздықтың неше түрі бар екенін жұртшылық жіті аңғарады. Әлеуметтік, тұрмыстық мәселесін шешу үшін жалған «ажырасудан» бастап, атқарушы биліктің басқа да еңбек шарттарына, келісіміне «тезірек қол жеткізу» жолында өтірік «мүгедек» болу немесе «бейшараның» рөліне ену, оның арғы жағында қоғамдық қилы бас қосуда, жиындарда «ащы сөздер», «шошытатын фактілер» айтып, жауапты орындарды қорқытуға, ықтыруға әуестену, сол арқылы «бедел» жинау – арсыздық пен заң бұзудың өткір мәселесі.

Мұны бұрын адами, имани халықтық дәстүр реттесе, әділеттілік тұсында заң мен тәртіп жөнге салады деп үміттенеміз. Бірақ қоғам үйлесімді дамуына, адал ұйысуына кедергі қайбір өзекті жайтты өзі шешуге жұмылуы – өркениеттілік жолы.

Айталық, сіз бен біз көрген және әділдігіне шәк келтірмеген аға буын зиялылар бар ортада, классик-жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, «толыспаған толстойлар мен шала шекспирлерге» мәдениетті тілмен әп-сәтте баға берілетін. Бұл барлық салаға қатысты. Ауылда, қалада елбұзар әрекет байқалса, қоғамның өзін-өзі қорғау, өзін-өзі сақтау тетіктері бірден іске қосылатын. «Бәрі идеалды еді» деу артық шығар, алайда ештеңе тындырмай кеудесін қағатындарды, пысықсынып ақыл айтатындарды, бетпақтық пен арсыздықты, жөнсіздік пен қиямпұрыстықты тыйып тастайтын абыройлылар, тұлғалар болатын.

Біз аз-кем әңгімемізді әдепсіздік пен дарақылық, жылаңқылық пен арсыздық төңірегінде өрбіттік. Алайда бұдан басқа ұлттық БАҚ-та жиі көтерілетін алаяқтық пен өтірік айту, масылдық пен жалқаулық мәселелері де – қоғам болып талқылайтын дерттер.

Соңғы жылдары смартфон, интернет жүйесімен орыс тілінде жүзеге асырылып келген қаржылық алаяқтық қазақ тіліне көшкені де ойландырады. Жаңа форматқа көшкен «Понци пирамидасы», түрлі желі арқылы жүргізілетін сауда-саттықтағы тақырға отырғызу осының ішінде. Әлбетте, заңсыз істе ұлттық шекара жоқ. Мәселен, қазір қалаға үдере көшкен қазақтың аса үлкен мәселесі – баспана, жер (қалаға жақын аумақтағы жер учаскесі) екені мәлім. Осы аяда да алаяқтық жетіп артылады. Мәселен, пәтерді жөндеу, жиһаз орнату т.б. «шеберлерінің» заңсыз іс-әрекеті. Әсіресе, Астана мен Алматы қаласында осындай «арзан жасаймыз» деген алаяқтарға алданған жандар өте көп. Қиналып қалғандар баспасөзден де жиі көмек сұрап жатады. Мұны да реттеудің қоғамдық тетігін тапқан жөн. «Әлеуметтік желінің күшімен өзгелерге сабақ болатын «Алаяқтардың тізімін» неге жарияламасқа?» дейді кейбір отандастарымыз. Расында, алаяқ құрылыс компаниялардың тізімі шығып жатқанда, алаяқ «ремонт жасаушылардың» аты-жөнін халық, олардың жерлестері мен тума-туыстары білгені дұрыс. Елдік, қоғамдық жауапкершілік осылай – бір-бірімізді түсініп қана қалыптасады.

Алаяқтық пен өтірік айту – ағайынды дерт. Дұрысы, біріне бірі байланысты қылмыс. Соңғысын «қылмыс па екен?» деп сұрауы мүмкін. Бұл – қылмысқа апарар жол. Имандылық тұрғысынан келгенде, ол – «жүректі қарайтатын күнә».

Ойлана қарасақ, мына нарық заманында масылдық пен жалқаулық болуы мүмкін еместей көрінеді. Бірақ оны сәт сайын көріп отырмыз. Бұл қайдан шықты? Әлбетте, тәуекелсіздіктен, ақылсыздықтан, әрекетсіздіктен шықты. Он екі мүшесі сау ері (отағасы) масыл, жалқау болса, ол отбасының хал-ахуалы мүшкілденіп, салмақ мемлекетке, салық төлеуші қоғамға түспей ме?

Жұмыссыздық деген – шартты ұғым. Әрекетке қашанда берекет бар. Ауылда да, қала маңында да қаншама нәр, дәм, нәпақа беретін жер тұр. «Ол – біреудің жекеменшігі» дейді масыл пейілділер. Ештеңесі жоқ, бос жатқан жерге әзірше жалданыңыз. Жүйелі іске асырсаңыз, алақандай жерден қыруар табыс табасыз. Бір алматылық таксиші кәріс азаматы 4 соттық учаскеге асқабақ егіп, жылына бір жеңіл көліктің, басқа да игіліктің қаржысына қиналмай қол жеткізетінін айтып еді. Сондағы жаңалығы – жарамсыз мәшине доңғалағын қақ ортасынан бөліп, 4-5 қатар етіп қояды екен. Соған салған топырақты табиғи түрде тыңайтып, жұмыстан босағанда бақылайтын көрінеді. Мұндай мысал жеткілікті. Атажұртына жетіп, мал терісі мен жүнін өндейтін шағын кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған ағайындар да бар. Астаналық аяқ киім шебері Самғау Нәсіпханның талабы, бастамасы, жетістігі көпті жігерлендіргендей. Қарағандылық суретші Наталья Вшивцева ауыл-ауылдан сапалы жүн сатып алып, пікірлестерімен, шәкірттерімен бірге одан неше түрлі өнер туындыларын жасап, шағын және орта бизнестің бір көзін тапқандай.

Алматының кешегі дәрігер-педиатры Жұлдыз Қожаханова балалар аллергиясын емдеудің тың тәсілі орайында 150 ешкі ұстап, «Doktor Galmilk» атауымен осы түліктің сүтін әлемдік талапқа сай әзірлеп, саудалап жүр. Астана, Алматы, Павлодар, Атырау т.б. қалалар маңында жылыжай шаруасын жүргізіп, сапалы өнімді халыққа ұсынып отырған азаматтар да аз емес. Айталық, Алматыдан туған топырағы Қордайдың Көктөбесіне оралып, жылыжай өнімімен қала мен ауыл арасын жалғаған ерлі-зайыпты Дүйсен мен Әлина Әбдірәлиевтер еңбегі Тараз өңірінің аузыннан түспейді. Жерінің құнарлығымен мақтана алмайтын Атыраудың Махамбет ауданының өзінде 14 жылыжай бар екен. Бұл – қияр мен қызанақ қысы-жазы қиырдан емес, ауыл түбінен жетеді деген сөз. Қазір еліміздің көп өңірінде балықты шабақ шағынан баптап, құс (күркетауық т.б.) өсіріп, кәсіптен нәсіп тауып жүргендердің де жүйелі іскерлігі қуаттауға лайық.

Осы азаматтардың көбі - түрлі бағдарламамен несие алып, тәуекелден жеңіске, маңдай терден абыройға жеткендер. Мұндай замандастарымыздың қатары – сан мың. Бұлардың тірлігін көріп, масылдық пен жалқаулық туралы ойлағың келмейді. Бірақ қоғамға және қайбір адамдардың таным-түсінігіне қарап амалсыз санаңа салмақ түсіресің.

Жоғарыда сөз болған әдепсіздік пен дарақылықтан, жылаңқылық пен арсыздықтан, масылдық пен жалқаулықтан қоғам қалай құтыла алады? Немесе мұндайлардың көбейе түскен үрдісін қайтіп азайтамыз?

Біздіңше, ең бірінші мұны тоқтататын күш – қоғамның сауаттылығы, жауаптылығы, қағидатшылығы. Көзі ашық әр азамат әдепсізді, дарақыны, жылаңқыны, арсызды, масылды, жалқауды дер кезінде орнына қойса, оспадар әрекетіне жүйелі баға берсе, аяғын тартып жүреді деп ойлаймыз. Әрине, бұл – қатаңдау жолы. Бірақ ел тәжірибесінде осылай жасалғанын ұмытпау керек.

Психологияда «Айна эффекті» деген түсінік бар. Бұл енді бізше «маңдайынан сипап тәрбиелеуге» келеді. Әдепсіз бен арсызды «Әй, артық кеттің-ау!», «Қап, дарақылығың бәрімізді ұятқа қалдырды» т.б. деп тоқтатып, масыл мен жалқауды ортақ еңбекке тартып түсіндіру. Қайтейік, альфа мен зумерлермен замандас екенімізді ұмытпалық.

Зиялылық пен зайырлылық жолын ұстану. Әдепсіз бен жылаңқыға «Менімен (бізбен) бұлай сөйлеспеуіңізді ескертемін», «Мен (біз) мұндай әрекетті қабылдамаймын (-мыз)» деп, шекара-шекті бірден қойып тастау.

Қарсы сұрақ қоюдың да жамандықты тыюға септігі тиеді. «Ал сонда ұсынысыңыз не?», «Мәселені әдепсіз (арсыз, дарақы, жылаңқы) жолмен шешудегі ойыңызды қалай түсіндіресіз?..».

Ең дұрысы, әлбетте, мұндай жаман қылықтан бала кезден, жас өрім шақтан сақтандыру. Ғылым мұндайды «белгі – әрекет – марапат» жүйесімен шешуді ұсынады. Яғни әу баста бала болмысында кездесетін түрлі мінез белгілерін әрқашан жақсы әрекетке қарай бұра білу және оны орнымен ынталандыру ләзім болмақ.

«Баланы – жастан» деген қағида – қоғамның бүгіні мен болашағына қам жеу амалы. Осы орайда құрамына ұлт балалар баспасөзі («Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята», «Ақ желкен») енетін «Қазақ газеттері» медиахолдингі атынан жас өрендердің газет-журналына, телевидениесіне, кітап баспаларына, әлеуметтік желілері мен платформаларына көздің қарашығындай қарауды, осы салада маман даярлау мен жетілдіру ісін лайықты ынталандыруды ұсынамыз. Шындап келгенде, бұл кешенді жұмысқа Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, жалпы білім мен мәдениет жүйесі, тұтас қоғам бірлесе атсалысқаны жөн.

Соңғы жаңалықтар

Ғасыр үнін ұлықтаған кеш

Тағзым • Бүгін, 07:50