Мерейтойлық концертте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Президент өз құттықтауында Ермек Серкебаевтың ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей дарын иесі екенін атап өтті. Әйгілі әнші қазақ және әлемдік опера жауһарларындағы күрделі партияларды асқан шеберлікпен орындап, классикалық музыка өнерінің биік белесін бағындырды. Сондай-ақ ол әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің мерейін асырып, абыройын асқақтатты.
«Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтетін мерейлі даталар қатарына енгізілді. Ермек Бекмұхамедұлы – қазақ өнерінің дара дарыны, өнегелі ұстаз еді. Ол ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында табанды еңбек етіп, талай таланттың қанатын қатайтты. Соның нәтижесінде ұлттық вокал өнерінде өзіндік қолтаңбасы айқын, қайталанбас шығармашылық мектеп қалыптастырды. Оның асқақ өнері мен парасатты болмысы бүгінгі жас буын үшін әрдайым тағылымды үлгі болып қала береді. Сондықтан Ермек Серкебаевтай халқымыздың маңдайалды перзентінің аяулы есімін ұлықтап, бай рухани мұрасын кеңінен насихаттау – баршамызға ортақ парыз», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Мерейтойлық кеште Ермек Серкебаевтың орындауындағы ел жадында қалған, ұлттық музыка өнерінің алтын қорына енген таңдаулы шығармалармен қатар, көпшілікке кеңінен танымал әндердің жаңа интерпретациялары шырқалды. Кештің тағылымды мазмұнын әйгілі опера саңлағының отбасы мүшелерінің сахнаға шығуы одан әрі айшықтай түсті. Концертте Мұрат Серкебаев, Байғали Серкебаев және Жәмилә Серкебаева
өнер көрсетті. Олардың қатысуы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналып, есімі қазақ музыка өнерінің тарихында мәңгілікке хатталған дара тұлғаның шығармашылық мұрасына көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.
Мұрат СЕРКЕБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі:
– Серкебаевтар әулеті үшін бұл концерт үлкен той іспетті. Біздің көңілімізден шықты. Көпшілік үлкен қошеметпен тамашалады. Отандық өнерге деген қолдау әрдайым осындай жоғары деңгейде болса деген тілегім бар. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Байғали СЕРКЕБАЕВ, A’STUDIO тобының жетекшісі:
– Бүгін тамаша музыкалық кеш болды. Әншілер де, көрермендер де құлақ құрышын қандырды деп ойлаймын. Отандық өнер үшін өлшеусіз үлес қосқан әкемді мақтан тұтамын. Ол халқымыздың асқақ рухты өнерін әлемге танытты. Осы кештің өтуіне әрі қазақ өнеріне тұрақты қолдау білдіріп келе жатқаны үшін Президентке мың алғыс айтамын.