Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Астана – еліміздің жүрегі әрі болашаққа бастайтын стратегиялық бағдарымыз», деп атап өтті.
Шынында да, елорданың тағдыры – мемлекеттің тағдырымен сабақтас. Сондықтан Астананың құқықтық мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту – уақыт талабы ғана емес, мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын тарихи шешім. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң ең алдымен елорданың ерекше институционалдық рөлін нақтылап, оның ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалайды.
Астана – мемлекеттік биліктің өзегі. Мұнда Президент резиденциясы – Ақорда, Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот, Құрылтай және басқа да негізгі мемлекеттік институттар орналасады. Бұл – мемлекеттік басқарудың біртұтастығын, тиімділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ететін жүйе. Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Кез келген қуатты мемлекет өз астанасының ерекше мәртебесін заңмен айқындайды. Себебі астана – мемлекеттік шешімдер қабылданатын орын ғана емес. Ол – ел тұрақтылығының, халықаралық беделінің, ұлттық бірегейлігінің көрінісі.
Заңның маңызды жаңалығының бірі – Астананың сәулеттік келбетін жүйелі қалыптастыру. Бүгінде қаланың сәулеті тек эстетика мәселесі емес. Ол тұрғындардың өмір сапасына, инвестициялық тартымдылыққа, қоғамдық мәдениетке тікелей ықпал етеді.
Осыған байланысты елордада бірыңғай дизайн-код енгізіледі. Бұл барлық құрылыс пен сәулет жұмыстарының Бас жоспарға және мемлекеттік нормативтерге толық сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етеді. Мұндай тәсіл қаланың біртұтас келбетін сақтап, ретсіз құрылыстың алдын алады, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды үйлесімді дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Архитектуралық-қала құрылысы кеңесін құру ұсынылады. Кеңес құрамына кәсіби сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы шешім қабылдау сапасын арттырып қана қоймай, ашықтық пен қоғамдық сенімді күшейтеді.
Заңда жер қатынастары мен коммуналдық мүлікті басқару мәселелері де жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою рәсімдері нақты жүйеленеді. Меншік иелерін алдын ала хабардар ету, тәуелсіз нарықтық бағалау жүргізу, әділ өтемақы төлеу және сот арқылы құқықтарын қорғау тетіктері заң жүзінде бекітілді. Бұл – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар жергілікті мемлекеттік басқарудың заманауи моделі қалыптасты. Мәслихат пен әкімдікке көлік жүйесін дамыту, тұрғын үй саясаты, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қала маңын дамыту, экологиялық қауіпсіздік, цифрлық көлік жүйелері, автотұрақтарды басқару, санитарлық тазалық пен жасыл аймақтарды сақтау бағытында нақты өкілеттіктер берілді.
Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – тұрғындарға жайлы, жасыл әрі технологиялық тұрғыдан дамыған қала қалыптастыру .
Астана – еліміздің ең ірі жетістіктерінің бірі. Бұл – тек зәулім ғимараттар бой көтерген қала емес, елдің арманы жүзеге асқан мекен.
Сондықтан елорданың дамуы тек құрылыс мәселесі емес. Бұл – Қазақстанның келесі ондаған жылдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық мәселе. Конституциялық заң Астананың құқықтық мәртебесін күшейтіп қана қоймай, оның әлемдік деңгейдегі заманауи, жайлы әрі орнықты мегаполис ретінде дамуына берік институционалдық негіз қалады.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Бас редакторлар клубының төрағасы