Фото: Akzhol.kz
Конституциялық реформаға сәйкес, осы уақытқа дейін заң шығару қызметін жүзеге асырған екі палаталы Парламенттің орнына еліміздің жоғары өкілді әрі заң шығарушы органы – Құрылтай жұмысын бастайды.
Бұл – тәуелсіз еліміздің заң шығару тарихында отыз жылға жуық уақыт бойы қызмет еткен қос палаталы Парламенттің аяқталғанын білдіретін маңызды саяси белес. Осы жылдар ішінде Парламент елдің құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік институттардың нығаюына, әлеуметтік-экономикалық реформалардың заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуіне, демократиялық үдерістердің дамуына елеулі үлес қосты.
Ал жаңа Конституцияның күшіне енуімен басталатын кезең мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, заң шығару қызметінің тиімділігі мен жеделдігін арттыруға, саяси жауапкершілік пен қоғам алдындағы есептілікті күшейтуге бағытталған. Сондықтан соңғы бірлескен отырыс тек бір парламенттік сессияның ғана емес, тұтас бір конституциялық дәуірдің қорытындысын жасап, Қазақстанның саяси жаңғыруындағы жаңа кезеңге жол ашқан тарихи оқиға ретінде бағаланады.
Азат ПЕРУАШЕВ,
қоғам қайраткері