Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Осындай рухани-әлеуметтік кеңістікте адам өзін қайта тануға мәжбүр болады. Бұл тек психологиялық немесе әлеуметтік сұрақ емес, бұл – өркениеттік сұрақ. Адам кім, оның ішкі тәртібі неден құралады, ол нені мақсат етеді деген мәселелер қайтадан ортаға шығып отыр. Мұндай жағдайда біз тарихқа, дәстүрге және рухани мұраларға қайта үңілеміз. Солардың ішінде ерекше орны бар тұлға – Қожа Ахмет Ясауи бейнесі. Бірақ Ясауи туралы қоғамдық санада ұзақ уақыт бойы біржақты, тар бейне орныққанын айтуымыз керек.
Оның ілімі ұзақ уақыт бойы қоғамдық санада және ресми тарихнамада бірөлшемді, концептуалды түрде шектелген деңгейде сипатталып жүрді. Ясауи дүниеден безген, әлеуметтік өмірден оқшауланған, мистикалық транста ғана өмір сүрген классикалық аскет-сопы ретінде көрсетілді. Мұндай бейне оның түркі халықтарының тарихындағы, мемлекеттілігі мен мәдениетіндегі интеллектуалдық, әлеуметтік-этикалық және өркениеттік рөлін толық ашуға мүмкіндік бермеді. Ясауи тұлғасына қатысты осындай танымдық шектеулер мынадай бірнеше қабатта көрінеді: оның ілімі тек мистикалық тәжірибе ретінде түсіндірілді, әлеуметтік ойы еленбеді, экономикалық-этикалық көзқарастары назардан тыс қалды, оның өркениеттік ықпалы көлегейленді, ал Ясауи мектебі тек діни феномен ретінде ғана қарастырылды.
Ал шын мәнінде Ахмет Ясауи – түркі руханиятының интеллектуалдық және этикалық архитектурасын қалыптастырған ірі ойшыл еді. Оның мұрасы түркі халықтарының рухани өзегін қалыптастырған кілт, қазақылық санамыздың қалыбы болатын.
Түркі дүниесіндегі адамгершілік түсініктері, ар мен ұят мәдениеті, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, адал еңбек пен қанағат ұғымдары ғасырлар бойы дәл осы Ясауи дүниетанымымен сабақтасып дамыды. Ясауи философиясының орталығында – Адам мәселесі тұр. Бірақ бұл жерде адам Батыс ағартушылық философиясындағыдай тек саналы (homo sapiens) немесе экономикалық (homo economicus) субъект ретінде ғана емес, күрделі ішкі рухани-когнитивтік құрылымға ие метафизикалық болмыс ретінде қарастырылады. Ясауидің антропологиялық тұжырымдамасы – кемел адам деңгейіне жетудің практикалық және теориялық жүйесі.
Ясауи ілімінде адам болмысы екі полюстің – рух (нұрлы, иләһи бастау) пен нәпсінің (төменгі, материалдық, хайуани бастау) тұрақты күресінен тұрады. Адамның кемелдігі оның сыртқы жетістіктерімен емес, осы ішкі күрестегі жеңісімен, яғни нәпсісін тануымен және оны басқара алуымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ясауидің сопылық дәстүрін тар мағынадағы діни-ритуалдық категориядан шығарып, оны ішкі тәртіп мәдениеті, жүрек тәрбиесінің психотехникасы және интеллектуалды даналық жолы деп түсінуіміз керек. Қазақы дүниетаным контексінде бұл жүйе «Жүрек ілімі» деген атаумен терең орнықты. Кейіннен Абай философиясындағы «Толық адам» тұжырымдамасына, Шәкәрім философиясындағы «Ар ілімі» тұжырымдамасына ұласқан бұл ілімнің бастау бұлағы дәл осы Ясауи даналығында жатыр.
Қазіргі заман білімі ақпарат жинақтауға (интеллектуалды багажға) бағытталса, Ясауиде білім – адамның ішкі онтологиялық құрылымын өзгертетін, оны трансформациялайтын экзистенциалды күш. Білім ішкі тәртіппен, ар-ожданмен бекітілмесе, ол адамды кемелдікке емес, тәкаппарлық пен рухани соқырлыққа апарады. Сол себепті Ясауи ғылым-білім жолын Хаққа апарар жалғыз жол деп таныса, ал сол білімнің практикалық нәтижесін қоғамға, халыққа адал қызмет ету деп білді.
Халыққа адал қызмет ету – ең жоғары рухани құлшылықтың формасы. «Ақылға ерсең, жарандарға қызмет қыл» дейді бабамыз. Бұл тұжырым Ясауидің дәруіштік өмірі қоғамнан қашу емес, керісінше қоғам ішіндегі жауапкершілік ретінде қарастырғанын көрсетеді. Ясауи үшін рухани кемелдік – әлемнен қашу емес, әлем ішінде әділетпен өмір сүру. Ол адамды әрекетсіз тақуалыққа емес, қоғамға пайдалы болуға шақырды.
Осы ойды тереңдететін тағы бір маңызды тарихи мәселе – оның 63 жастан кейін жер астына түсуі туралы түсінік. Бұл құбылыс көбіне рәміздік немесе мистикалық түрде ғана түсіндіріліп келді. Алайда Түркістан өңірінің географиялық-экологиялық ерекшеліктерін ескерсек, бұл әрекеттің практикалық және тәрбиелік мәні де болғаны байқалады.
Деректерге сүйенсек, Ясауи рухани оқшаулану, терең ойлану және білімін жетілдіру үшін жерасты қылует бөлмелерін пайдаланған. Ол 63 жастан кейін толық оқшауланған өмірге емес, қайта-қайта рухани тәжірибесін тереңдетуге арналған кезеңдік «шілдеге» кіріп отырған. Яғни жыл сайын қырық күндік рухани оқшаулану (қылуетке кіру) арқылы өзін тәрбиелеп, тәжірибесін жетілдіріп, түйген ойларын жүйелеп отырған. Кей жылдары бұл бірнеше рет қайталанған. Осы үдеріс барысында оның рухани тәжірибесі тереңдеп, кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы жүйеленген. Осыдан келіп Ясауи мектебінен тараған шығармалар дәстүрі қалыптасады: «Диуани хикмет», «Пақырнама», «Тариқат әдебі», «Қырық мақам», «Құдіретнама», «Көңілдің айнасы», «Құсбегілік рисаласы» сияқты еңбектер оның рухани-танымдық мектебінің кеңдігін көрсетеді. Бұл тек діни мәтіндер емес, адам тәрбиесі, мораль, қоғам және рухани тәртіп туралы жүйелі дүниетанымдық еңбектер.
Кейбір деректерде Арыстан бабтың Ясауиге тек діни ілім емес, жаратылыстану сипатындағы білімдерді де үйреткендігі айтылады. Геология, металлургия, шөппен емдеу, фармацевтикалық білімдер туралы ишаралар кездеседі. Мұның өзі ортағасырлық түркі дүниесінде білімнің бөлшектенбей, тұтас дүниетаным ретінде қабылданғанын аңғартады. Яғни ғылым мен руханият бір-біріне қарсы емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын таным салалары ретінде қарастырылған.
Тағы бір назар аударатын жайт – Ясауидің еңбек этикасына қатынасы. Ортағасырлық деректерде оның өз қолымен ағаштан ыдыс-аяқ жасап, соларды сатып, өз қаражатына өмір сүргені туралы мәліметтер кездеседі. Бұл факт оның тек рухани ұстаз ғана емес, адал еңбек пен өзін-өзі қамтамасыз ету моделін көрсеткен тұлға екенін білдіреді.
Бұл этикалық модель кейіннен түркі әлеміне кең тарайды. Әсіресе Анадолы аймағында ол үлкен әлеуметтік-мәдени қозғалыстарға әсер етті. Ясауи мектебінің ықпалымен қалыптасқан ахилік дәстүрі – қолөнершілер мен кәсіпкерлердің этикалық ұйымы – еңбек пен моральды біріктірген ерекше институт болды. Мұнда кәсіп тек табыс көзі емес, рухани жауапкершілік ретінде қарастырылды.
Тарихи деректер Ясауи ілімінің Алтын Орда дәуірінде де ерекше ықпалға ие болғанын көрсетеді. Алтын Орда мемлекетінің рухани кеңістігінде Ясауи дәстүрі негізгі идеологиялық тіректердің біріне айналды. Бұл кезеңде Ясауи мектебі мемлекетшілдік сана, құқықтық мәдениет және қоғамдық этика қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Даладағы исламның қатаң догматикалық моделі емес, адамгершілікке, әділетке, қоғамдық үйлесімге негізделген моделі осы кеңістікте орнықты.
Кейін бұл рухани дәстүр Осман мемлекетінің қалыптасу кезеңдерінде де үлкен ықпалға ие болды. Ясауи мектебі әскери рухты қалыптастыруда, мемлекетшілдік сана мен моральдық тәртіпті нығайтуда маңызды қызмет атқарды. Ясауи дәстүрін жалғастырған тұлғалардың бірі ретінде Қажы Бекташ Уәли бейнесі ерекше аталады. Оның идеялары кейін Осман мемлекетіндегі әскердің рухани тұтастығының маңызды тіректерінің біріне айналды.
Ясауи мұрасының тағы бір маңызды қыры оның жыраулық дәстүр мен ақындық өнерге тигізген терең ықпалынан көрінеді. Ғасырлар бойы дала төсінде күңіренген жыраулар толғауындағы фәнидің өткіншілігі, ар мен ұят, сабыр мен қанағат туралы ұлағатты ойлар – Ясауи хикметтерінің қазақ жадындағы жаңғырығы. Осы ретте Ясауиді жеке тұлға ауқымынан биік қойып, ішкі мәдениет пен қоғамдық моральды, білім мен еңбек этикасын үйлестірген ұлы рухани экожүйенің темірқазығы ретінде қарастыруға толық негіз бар.
Бүгінгі цифрлық қоғамда бұл мұраның мәні қайтадан өзектеніп отыр. Өйткені технология адамды ақпаратпен байытқанымен, оны мағыналық тұрғыдан әлсіретуі мүмкін. Сондықтан Ясауи мұрасын тарихи жәдігер ретінде емес, тірі мәдени код ретінде түсіну маңызды. Ол бізге адам болмысының терең құрылымын, рухани жауапкершілік идеясын және ішкі тәртіптің маңызын еске салады. Осы тұрғыдан алғанда, Ясауи мәдениетін танытатын «Ясауитану» пәнін білім жүйесіне кеңінен енгізу туралы ұсыныстардың ғылыми және мәдени негізі бар. Бұл бағыт мектеп оқушыларымен ғана шектелмеуі керек. Мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі оқу бағдарламаларында Ясауи дүниетанымын тарихи-аксиологиялық, философиялық, мәдени және этикалық қырынан оқыту – ұлттық рухани иммунитетті күшейтудің маңызды жолдарының бірі.
Бүгінгі әлемде ең үлкен тапшылық – ақпарат емес, мағына. Ал Ясауи мұрасы дәл осы мағынаны қалыптастыратын терең рухани жүйе ретінде өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сол себепті Ясауиді қайта оқу – өткенге оралу емес, мемлекет үшін адал, еңбекқор һәм сапалы ұрпақ дайындау қарекеті.
Бауыржан САЙФУНОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD