Тұлға • Бүгін, 08:35

Аманат мұрасы аласармайды

6 мин
оқу үшін

Шығыс даналығында «Үй әкеге сүйенеді, ал ол өмірден өткеннен кейін абыройы­на сүйенеді» деген сөз бар. Әкеміз Әбсаттар Дербісә­ліні елімізде білмейтін адам кемде-кем шығар. Ол – отан­дық арабистикадағы тұңғыш ғылым докторы, профессор, ҰҒА академигі. Сонымен бірге еліміздің дінбасы болған тұлға.

Аманат мұрасы аласармайды

Ол алғаш рет Әл-Фараби атын­да­ғы ҚазМУ-да араб бөлімін, Шығыс тілдері кафедрасы мен фа­куль­тетін ұйымдастырып, ал­ғаш­қы меңгеруші, декан болды. Оның тікелей ұйымдастыруымен тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілі мен әде­бие­ті мамандықтары ашылды. Елі­міз­де шығыстану жаңа деңгейге көте­ріліп,  тәуелсіздігімізді  сырт­қы саясат саласын дәйектеген Шахрат Нұрышев, Асхат Оразбай, Азамат Бердібай, Қайрат Лама-Шариф, Мұхтар Тілеуберді, Ерлан Баударбек-Қожатай, Ақылбек Камал­динов, Ержан Мұқаш, Берік Арын, Арман Исағалиев, Онталап Оңалбаев, тағы басқа дипломаттарды тәрбиелеп шығарды.

Академик Ә. Дербісәлі мұрасы қата­рында араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті,  қазақ әде­бие­тінің ежелгі дәуірі, Шығыс мұ­сыл­ман елдерімен рухани бай­ланыс, Ислам тарихы мен құндылықтары туралы 600-ден аса ғылыми танымдық еңбек бар. Әкеміз арабтілді Марокко әде­бие­ті тарихын жазып шықты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құл­пы­тас­тарындағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді.  Мұның сыртында 33 әл-Фараби, 31 әт-Тарази, 7 әт-Түркістани, т.б. түрік, қыпшақ, текті ғұламалар де­регін анықтады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығар­машылығын зерттеп, зер­де­леді. Құлпытасының эпитафиясын аударды. Берлин және Қашғар қолжазбасы негізінде ғұламаның «Жаһаннаме» поэ­масын тәржімелеп жариялады. М.Х. Дула­тидің тұлғалық энци­­­­к­ло­педия­сын шығарды.

Әбсаттар Бағысбайұлы ғы­лым­мен бірге дипломатия сала­сы­на өлшеу­сіз үлес қосты. 90-жыл­дар­дың соңында сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тікелей тапсырмасымен Қазақ­станның Сауд Ара­бия­сындағы ел­шілігінде кеңес­ші қыз­ме­тін ат­қа­рып, І сыныпты ке­ңес­ші дип­ло­матиялық дәре­же­сін алды.

Әкеміз 13 жылдық  бас мүфти қызметінде ғылыми-ағартушылық бағытын жолға қойып, Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің негізін қалады.  Ислам ғылымы мен мәдениеті сала­сынан білікті, ғылыми дәре­же­лі маман  даяр­лау жобасын іске асырды. Имамдар білімін же­тіл­діретін Ислам институтын, қасиетті Құранды мәнерлеп оқу конкурсын, Рамазан шараларын  тікелей эфирде  насихаттау жұмыстарын ұйымдастырды.  Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты. 90-жылдардың аяғында елімізде 100-ден аса мешіт жұмыс істесе, әкеміз бас мүфти болған шақта оның саны 2500-ден асыпты.

Әбсаттар қажы Дербісәлінің қыруар еңбегі еліміз  тарапынан ғана емес, шет мемлекеттер тарапынан да жоғары баға­ланған. Мәселен, 2002 жылы  Египет Араб Республикасының І дәрежелі «Ғылым және өнер» орденін алса, 2004 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. 2005 жылы туған өлкесі «Түлкібас ауданының құрметті азаматы», «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті аза­маты» атақтарын берді. 2019 жылы Жапония үкіметі «Күн­шы­ғыс, Алтын шуақ орденін» омы­рауы­на тақты.

«Бала әкеге қарап өседі» демекші, мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын (ИСАА) араб тілі мамандығы бо­йынша бітірдім. Ал 1995 жылы күзде Қазақстанның Ресей­дегі елшілігінде алғашқы дипло­ма­тия­лық қызметімді бастадым. Сол кездегі елші, белгілі қайраткер  Т.Мансұров, білікті дипломаттар Б.Надиров, В.Чернов, Ғ.Қойшыбаев, Е.Алданов, В.Ковалев, М.Мырзалин, В.Темір­баев мырзалармен қызмет­тес болғанымды мақтаныш етемін.

Сол жылдары сала министрі Қасым-Жомарт Тоқаев бас­та­ған делегацияны қарсы алып, жүзбе-жүз кездес­кенімізде, әке­міздің ол кісі туралы «аса мәде­ниет­ті,  ізетті, биік эрудициялы жан» деген бағасы есіме түсті.

Мәскеудегі елшілікте қызмет істеген 5 жыл ішінде күрмеуі қиын мәселелердің талайын сол кездегі Сыртқы істер министрі ретінде тиімді шешкенінің куәсі болдым. Мәселен, Интеграцияны тереңдету және ынтымақтастық туралы келісімшарт кедендік одақ­тың және Еуразия экономи­ка­лық қауымдастығының негізін қалады деуге негіз бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің шекарасын делимитациялау, Мәңгілік достастық қарым-қаты­нас туралы Декларация, екі мем­лекет арасындағы жер қой­науын пайдалануға арналған егемендік құқық­тарды жүзеге асы­ру мақсатындағы Каспий теңі­зі сол­түстік бөлігі түбінің ара-жігін ажырату туралы келісім, еларалық қар­­жы талаптарын реттеу туралы т.б. құ­жат­­тар дип­ломатия тарихынан өз орнын алары сөзсіз.

2003–2007 жылдары Қа­зақ­­с­танның Ливандағы Дипло­ма­тия­лық миссиясының уақытша сенімді өкілі болып қызмет істе­дім. 2005 жылдың маусымында Сыртқы істер министрлігінің кеңей­тілген отырысына Бейрут­тан келіп қатыстым. Бұл жиын­ға біз сияқты лауазымды тұлға­лар шақырылғаны белгілі. Сала көшбасшысы сол кезде қа­лып­тасқан жағдайға байланыс­ты елшілер мен жауапты тұлғалардың есебі мен баяндамаларын, ұсыныстарын ыждағатпен тыңдап, өз сын-ескертпелерін айтты, кәсіби дипломат ретінде  елеулі  бағыт-бағдар берді.

Әкеміз Әбсаттар Дербісәлі дүниеден озғанда Мемлекет басшысының  отбасы­мызға жолда­ған көңіл айту хаты бізге ерек­ше әсер етіп, қайғы ауыртпалығын жеңіл­детті.

Біз әрқашан айтамыз: Әбсаттар Бағыс­байұлы – халықтың, ғы­лым­ның, шығыс­тану­дың, дін саласының, дипломатияның адамы. Осындай тұлғаның перзенті атану – үлкен жауапкершілік. Анамыз Рафия Бәкірқызы, әке­міз­дің шәкірттері академик-шығыс­танушы мұ­расын жаңа буын маман­дарға, жұртшылыққа таныстыру, насихаттау бағытында біршама жұ­мыс атқарды. Осы ретте жоғары оқу орындары, кітап­ха­на­лар мен мәдениет үйлері басшыларына ризашылығымыз шексіз.

 

Ербол ӘБСАТТАРҰЛЫ 

Соңғы жаңалықтар