Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдың 1 қазанынан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары, ал 2024 жылдың 1 шілдесінен коллекторлық агенттіктер үшін мерзімі өткен қарыздарды реттеудің бірыңғай тәртібі қолданылады. Бұл ереже қарыз алушыларға қаржылық қиындық туындаған жағдайда несие шарттарын қайта қарауды сұрап, кредиторға өтініш беруге мүмкіндік береді.
Өтініш қаралып жатқан кезеңде кредитордың қарызды мерзімінен бұрын өтеуді талап етуіне, сотқа жүгінуіне немесе өндіріп алу рәсімдерін бастауына жол берілмейді. Нәтижесінде қаржы ұйымы қарыз алушыға шарт талаптарын өзгертуге келісім беруі, өз ұсынысын ұсынуы немесе бас тарту себептерін түсіндіруі тиіс.
Егер азамат банк немесе микроқаржы ұйымының шешімімен келіспесе, үш ай ішінде банк немесе микроқаржы омбудсменіне жүгініп, дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге құқылы.
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар мен төтенше жағдайлардан зардап шеккен қарыз алушылар үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Егер соңғы екі айдағы орташа табысы алдыңғы 12 аймен салыстырғанда 30 пайыздан астам төмендесе немесе азамат атаулы әлеуметтік көмек алса, банк немесе микроқаржы ұйымы кемінде үш ай мерзімге төлемді кейінге қалдыруға немесе ай сайынғы төлемді кемінде 50 пайызға азайтуға міндетті.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап банк және микроқаржы омбудсмандары жанынан бірнеше кредиторы бар азаматтарға арналған қарызды ұжымдық реттеу платформасы іске қосылды. Жаңа жүйе арқылы қарыз алушы барлық кредиторына бір мезетте өтініш жолдап, бірыңғай өтеу кестесін жасау мүмкіндігіне ие болады.
Банктер де төлем қабілеті төмендеген клиенттерге түрлі қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Олардың қатарында несиені қайта құрылымдау, төлем мерзімін кейінге шегеру, пайыздық мөлшерлемені төмендету, айыппұлдар мен өсімпұлдарды азайту немесе толық есептен шығару секілді шаралар бар. Кей жағдайда сотқа жеткен даулар да медиативтік келісім арқылы шешіледі.
Микроқаржы ұйымдары да қаржылық қиындыққа тап болған клиенттердің өтінішін жеке қарайды. Олар төлем кестесін өзгертуге, несие мерзімін ұзартуға, ай сайынғы төлемді азайтуға немесе өсімпұлды кешіруге мүмкіндік береді. Ол үшін қарыз алушы өзінің қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса тіркеп, ресми өтініш жазуы қажет.
Батыс Қазақстанда микроқаржы ұйымы 70 адамның атына заңсыз несие рәсімдеген
Сарапшылардың айтуынша, қарыз мәселесін шешудің ең тиімді жолы – қиындық туындаған сәттен бастап банкпен немесе микроқаржы ұйымымен байланысқа шығып, мәселені жасырмай ашық талқылау. Уақтылы жасалған өтініш қарыз жүктемесін жеңілдетіп, сотқа дейін жеткізбей келісімге келуге мүмкіндік береді.