Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында дарабоз күйшілер мен танымал қайраткерлердің 79 домбырасы сақтаулы. Оның ішінде қазақтың әйгілі күйшісі, Қазақ КСР-ның халық әртісі Дина Нұрпейісованың өнердегі ұстазы Құрманғазы мен өзінің күйлерін күмбірлете шерткен домбырасы бар. Сондай-ақ саңлақ күйшінің сахнаға киіп шыққан шапаны мен ақ кимешегі, күміс белбеуі де келушілерді қызықтырады.
Музей директоры Мұханбетқали Кипиевтің айтуынша, ұлы күйшінің домбырасы алмұрт пішінде жасалған. Домбыраның 19 пернесі орналасқан мойнының ұзындығы – 50, бет тақтайы – 38, ал ені – 21 сантиметр. Шанағына бұйра үйеңкі ағашы қолданылыпты.
«Халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған бұйымдары да, ұлттық аспабы мен тағамы да – асыл қазынамыз. Соның дәлеліндей, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров дарабоз күйшінің саусақ ізі қалған қоңыр домбыраны 20 жылға жуық көзінің қарашығындай сақтаған. Оған Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің концертмейстері Тұяқ Шәмілов 1983 жылы «Дина шешеміз осы домбырамен күй шертті. Бұл – кейінгі ұрпаққа жетуге тиіс мұра» деп аманаттаған екен. Ал 2000 жылы Динаның домбырасы музей қорына тапсырылды», дейді М.Кипиев.
Атырау облысы