Әлем •

Шығын 4 миллион еуро: Францияда шыны музейі тоналды

1 мин
оқу үшін

Францияның солтүстік-шығысындағы Lalique шыны музейіне қарақшылық шабуыл жасалды. Қаскөйлер бірнеше миллион еуро тұратын зергерлік бұйымдарды қолды еткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығын 4 миллион еуро: Францияда шыны музейі тоналды

Фото: Depositphotos.com

France 24 хабарлағандай, қарақшылар музей аумағына 5 шілде күні таңертең ерте кіріп, бірден зергерлік бұйымдар қойылған залға беттеген. Олар шамамен 20 экспонатты алып кеткен. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын 4 миллион еуроға (шамамен 2,2 млрд теңге) жетеді. Тергеушілер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп жатыр.

Музейдің ресми сайтында оның бірнеше күнге жабылатыны хабарланған. Мекеме әйгілі зергер әрі шыны шебері Рене Лаликтің шығармашылығына арналған. Музей 2011 жылдан бері жұмыс істейді және компания зауытының маңында орналасқан.

Еске салайық, 2025 жылдың қазанында қарақшылар Лувр музейінің жоғарғы қабатындағы француз корольдік әшекейлері сақталған Аполлон галереясын тонаған.

Қаскөйлер жүк көлігіне орнатылған баспалдақ арқылы терезеден кіріп, жоғары деңгейде қорғалған екі витринаны бұзып ашқан. Олар тоғыз экспонатты, соның ішінде патшайымдар Мария-Амелия мен Гортензияға тиесілі гауһар мен сапфирден жасалған әшекейлер жиынтығын ұрлап кеткен.

Ұрланған зергерлік бұйымдардың құны бастапқыда шамамен 88 миллион еуроға бағаланған.

Кейіннен жергілікті БАҚ Луврдағы ұрлықтың қауіпсіздікке қатысты болғанын жазды. Бейнебақылау серверлерінің құпиясөзі «Louvre» сөзі болған, ал қауіпсіздік жүйесі әлі 2003 жылғы бағдарламалық жасақтамамен жұмыс істеген. Осыдан соң Қазақстандағы барлық музейлерде қауіпсіздік талаптарына қатысты тексеру жүргізілген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар