Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде осы тарихи үдерістің бел ортасында болып, оның құқықтық және саяси мазмұнын қалыптастыруға атсалысу мен үшін зор жауапкершілік әрі үлкен мәртебе болды.
Көптеген мемлекеттің конституциялары қоғамның қалыптасқан болмысын құқықтық тұрғыдан бекітеді. Олар негізінен «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап береді. Ал біздің жаңа Конституциямыздың табиғаты өзгеше. Бұл – жаңғыртушы Конституция. Ол бүгінгі жағдайды ғана сипаттап қоймай, еліміздің болашақ даму бағытын айқындайды әрі «Біз кімбіз?» деген сауалмен қатар «Біз кім боламыз?» деген стратегиялық сұраққа жауап береді. Сондықтан бұл – болашаққа бағытталған Конституция.
Жаңартылған Конституциядағы ең маңызды өзгеріс – оның философиясында. Өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары, бостандықтары мен мүмкіндіктері тұр. Ұзақ уақыт бойы еліміздің байлығы табиғи ресурстармен өлшеніп келді. Бүгінде Конституция ұлттық байлықтың жаңа өлшемін айқындайды: елдің басты байлығы – адам.
Адам құқықтарын қорғауды басты орынға қоюдың нақты көрінісі – Конституциялық соттың құрылуы. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы аса маңызды институционалдық қадам. Еліміздің әрбір азаматы өз құқықтарын тікелей қорғауға жүгіне алатын бұл жоғары орган бүгінде әділдіктің маңызды кепіліне айналды. Сонымен қатар өлім жазасының түпкілікті жойылуы мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесінің конституциялық деңгейде бекітілуі еліміздің демократиялық құндылықтар мен халықаралық құқық қағидаттарына берік екенін айқын көрсетті.
Кез келген табиғи ресурстың шегі бар: оны қаншалықты көп өндірсең, соншалықты қоры азая береді. Ал білімнің табиғаты мүлде бөлек. Білімді қаншалықты көп игеріп, таратып және қолдансақ, оның құндылығы да соншалықты арта түседі. Сондықтан жаңартылған Конституция алғаш рет табиғи байлықтан бұрын адам капиталға – білімге, ғылымға, мәдениетке, технологияға және өмір бойы білім алуға басымдық береді.
Елдің болашағы кен орындарында қалыптаспайды. Ол мектеп сыныптарында, университет аудиторияларында және ғылыми зертханаларда қалыптасады. Нағыз ұлттық байлық дәл сол жерде дүниеге келеді. Бұл – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жүргізіп отырған стратегиялық саясаттың басты бағыты.
Жаңартылған Конституциядағы тағы бір маңызды қағидат – өткенге деген көзқарас. Өткеніміз – біздің тірегіміз, тарихи жадымыз және ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Алайда өткенмен ғана өмір сүру мүмкін емес. Ұлт өз тарихын құрметтеп қана қоймай, болашағын бірге қалыптастырғанда ғана кемелденеді. Ортақ болашаққа деген сенім, ортақ құндылықтар және ортақ жауапкершілік – шынайы ұлттық бірліктің берік негізі.
Кез келген тарихи сын-қатерге берілетін ең тиімді жауап – сапалы білім, мықты мектептер, заманауи университеттер, дамыған ғылым, инновациялар және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жастар.
Конституция – қатып қалған догма емес. Ол – уақыт талабымен бірге дамып, ұлттың болашаққа деген ұмтылысын айқындайтын өміршең құқықтық тетік. Бүгін еліміз Ата заңда бекітілген тарихи мүмкіндікті иеленіп отыр. Мұндай мүмкіндіктер халықтар тарихында жиі кездесе бермейді.
Қорыта айтқанда, жаңартылған Ата заң – егемендігіміздің берік тірегі, тұрақтылығымыздың кепілі және серпінді дамуымыздың темірқазығы. Біз біртұтас ұлт ретінде осы құқықтық негізге сүйене отырып, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформаларды табысты жүзеге асырып, қуатты, әділетті әрі гүлденген Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманаттауға тиіспіз.
Бұл тарихи мүмкіндікті тиімді пайдалану – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Ең бастысы – жасампаз еңбек, сапалы білім және нақты іс. Сонда ғана Конституцияда айқындалған қағидаттар күнделікті өмірдің нақты құндылығына айналып, біз мақсат еткен Әділетті
Қазақстанның іргесі берік әрі мызғымас болады.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Конституциялық комиссия мүшесі