Пікір •

Ата заң – құқық үстемдігінің кепілі

4 мин
оқу үшін

Жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекетіміздің қоғамдық билік жүйесін жетілдіруге, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға және конституциялық реттеудің тиімділігін арттыруға ұмтылысын көрсетеді.

Ата заң – құқық үстемдігінің кепілі

Сурет: baq.kz

Негізгі заңның ерекшелігі – жекелеген құқықтық институттарды жаңартумен шектелмейді, сонымен қатар құқық үстемдігі, әділдік пен мемлекеттік орган­дар­дың халық алдындағы жауап­кершілік қағидаттарына негіз­делген мемлекет, қоғам және тұлға арасындағы қарым-қаты­нас­тардың жаңа философиясын қалыптастырады.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның мәнін тек жоғары заңды күшке ие құқықтық нормалар жиынтығы ретінде ғана қарастыру жет­кіліксіз. Ол мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі моделін құрайды, оның жүзеге асырылу шектерін анықтайды әрі барлық құқық субъектілері үшін міндетті конституциялық құндылықтар жүйесін ай­қындайды. Қарапайым норма­тивтік құқықтық актіден айыр­машылығы – ол тек қо­ғамдық қатынастарды реттеп қана қоймай, мемлекет дамуының ұзақмерзімді стратегиясын бекітеді.

Жаңа Конституцияның маңызды ерекшелігінің бірі – адамды ең жоғары конс­титуциялық құндылық ретінде тануы. Мемлекеттік билік өз алдына мақсат ретінде емес, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетігі ретінде қарастырылады. Мұндай тәсіл конституциялық құқықтың қазіргі заманғы даму үрдістеріне сәйкес келеді әрі мемлекеттік басқарудың адамға бағытталған моделіне біртіндеп көшуді білдіреді.

Тағы бір маңызды ерекшелік – мемлекеттік институттар арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесін жетілдіру. Ата заңымыз мемлекеттік басқару тиімділігі мен биліктің шектен тыс шоғырлануына жол бермеу арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге бағытталған. Бұл құқықтық заңдылық, ашықтық әрі мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы есептілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

Конституциялық бақылау тетіктерінің кеңеюі ерекше маңызға ие болып отыр. Ол тек Конс­титуцияға қайшы келе­тін нормативтік құқықтық актілерді жою құралы ғана емес, сонымен қатар конституциялық қағидаттардың бұзылуының алдын алуда маңызды құрал ретінде қызмет етеді. Осының арқасында Конституцияның үстемдігі қамтамасыз етіліп, оның ережелері заң шығармашылық және заң қолдану қызметінде біркелкі жүзеге асады.

Конституцияны іске асыру мемлекеттік органның кез келген шешімі тек заң талаптарына ғана емес, сонымен қатар әділдік, теңдік, тұлғаның қадір-қасиетін құрметтеу мен адам құқықтарын ерікті түрде шектеуге жол бермеу сияқты конституциялық құндылықтарға негізделген кезде байқалады.

Негізгі заң кейде тек мем­лекеттік құрылыстың негіз­дерін айқындайтын саяси-құқықтық құжат ретінде қа­былданады. Алайда оның шынайы құнды­лығы заң шы­ғарушы, атқарушы органдар, соттар мен азаматтар үшін ережелері күнделікті бағ­дарға айналғанда ғана көрінеді.

Конституцияны жүзеге асырудың алғашқы кепілі – заңнаманы жүйелі түрде жетілдіру. Оның нақты маз­мұнын беру Конституция нормаларын жалпы юрисдикция соттарының тәжірибеде тікелей қолдануын кеңейтумен байланысты. Сот шешімі конституциялық ережелерді тек формальды түрде келтіру емес, нақты қолдану арқылы белгілі бір дауды шешуде көрініс табуға тиіс. Мұндай тәсіл сот билігіне қоғамның сенімін нығайтуға әрі біркелкі құқық қолдану тәжірибесін қалып­тастыруға ықпал етеді.

Конституциялық бақылау тек Конституцияға қайшы келетін нормативтік актілерді жою функциясын атқарады деген пікір кең таралған. Алайда оның маңызы әлдеқайда кең. Қазіргі заманғы конституциялық бақылау Конституцияны бұзу­дың алдын алу тетігі ретінде қызмет етеді. Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдары конституциялық қағидаттарды түсінудің бірыңғай стандарттарын қалыптастырып, барлық мемлекеттік органның оларды тұрақты қолдануын қам­тамасыз етеді. Осылайша, конс­титуциялық бақылау органы тек конституциялық дауларда төреші рөлін атқарып қана қой­май, мемлекеттің қазіргі заманғы құқықтық саясатын қалып­тастыруға қатысады.

Тиімді заңнама, тәуелсіз сот төрелігі,пәрменді конституциялық бақылаудың үйлесімі Конституцияны адам құқықтарының, заңдылықтың және мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі кепілі ретінде толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 

Алмаз ЖЕКСЕКИН,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті заң факультеті деканының орынбасары, PhD

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Холанн ширек финалда ойнайды

Футбол • Бүгін, 09:10

ҰБТ үздігі

Білім • Бүгін, 09:05

Заманауи спорт орталығы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 09:00

Күй құдіреті ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 08:55

Астананың ата толғауы

Қоғам • Бүгін, 08:48

Адамзат асқарындағы ақын

Тұлға • Бүгін, 08:45

Жастар жүрегіндегі шаһар

Өнер • Бүгін, 08:43