Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.
Вице-премьер биылғы ақпан айында ашылған Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасының жұмысымен танысты. Үкімет басшысының орынбасары аурухананың мәжіліс залында облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен кездесті. Бұл мәжіліске Премьер-Министрдің орынбасарымен бірге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты.
Жүздесуді облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп отырды. Кеңесте Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пәкеев, білім басқармасының басшысы А.Елшиева және мәдениет басқармасының басшысы К.Айдарбекова шағын баяндама жасап, өз салалары бойынша өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды жүйе-жүйесімен талдап айтып берді.
Ал оның сөзін облыс әкімі Асқар Мырзахметов толықтырып, аудан, қала бағыттарында да «Жедел жәрдем» жүйесі жолға қойылғанын жеткізді.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов облыстық білім басқармасының басшысы А.Елшиевадан оқушыларды оқулықпен қамтудың қалай шешіліп жатқандығын сұраса, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы облыстық мәдениет басқармасының басшысы К.Айдарбековаға тындырымды жұмысы үшін алғысын айтты.
Кеңесті Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қорытты.
– Әлемді қанша рет дағдарыс қыспағына алып, мықты мемлекеттердің көбі тарығып жатқан кезеңнің өзінде Елбасы денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт саласына бөлінетін қаржыны еселеп келеді, – деді Бердібек Мәшбекұлы. – Өйткені, Қазақстанға дені сау, білімді, мәдениетті ұрпақ керек. Мәселен, Оңтүстікте денсаулық сақтау саласына 90,3 млрд. теңге бөлініп, өткен жылдардан 8,3 пайызға артқандығы мемлекеттің «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын түбегейлі орындауға бағыт ұстағандығын аңғартады.
Қазақстанда қаржы жоқ емес, бар. Бірақ оны мақсатсыз, оңды-солды жұмсауға жол берілмейді. Премьер-Министрдің орынбасары осы жайға айрықша тоқталды. Шетелде амбулаториялық көмек жолға қойылған, ауруханаларға ауыр науқастар ғана жатқызылады. Бізде де осындай жақсы тәжірибелерден үйрену керек. Республикада медицина саласы қызметкерлерін даярлауда оралымсыздықтар бар. Кадр сапасына қатты көңіл аудармаса болмайды. Ең алдымен мейірбикелердің біліктілігін арттыруды жолға қою керек. Өйткені, тамыр ұстап, укол сала алмайтын аурухана қызметкерлеріне жұртшылық тарапынан орынды сын айтылып жатыр. Үкімет денсаулық сақтау саласына орасан қаржы бөліп, ең соңғы үлгідегі медициналық қондырғыларды әперіп жатыр. Алайда, сол қымбат қондырғылардың іске қосылмай тұрғандары да көп. Неліктен? Кадр дайын емес. Сондықтан, біліктілікті арттыру үшін білім көтеру, қажет жағдайда шетелдерде оқытуды, тәжірибе алмасуды одан әрі іске асыратын боламыз. Келешекте медициналық техникалар лизинг жүйесімен алынатын болады. Бұл жауапкершілікті арттыру үшін керек.
Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсы. Өңірдің аудан, қала орталықтарында заман талабына сай ғимараттар салынып, ел игілігіне берілуде. Шымкент шын мәнінде Қазақстандағы сәулетті қалалардың біріне айналды. Осындай тындырымды жұмыстары үшін облыс басшысы Асқар Исабекұлына өзімнің ризашылығымды білдіремін.
Мемлекеттің білім саласына бөлетін қаржысы төмендемейді. Әйтсе де ойласатын жайттар баршылық. Оңтүстікте халық көп. Жыл сайын 80 мыңның үстінде сәби дүниеге келеді. Бұл – жақсылық. Бірақ оларды мемлекеттік бағдарламамен ғана балабақшаға орналастыру қиын. Сондықтан, балабақша салу ісіне кәсіпкерлерді тартуды жалғастыра беру керек. 2020 жылға дейін апатты және апат жағдайындағы мектептерді жойып, жаңа білім ошақтарын салатын боламыз. Мемлекет осы мақсатқа жыл сайын Ұлттық қордан 3 миллиард долларға дейін ақша бөлмек. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Тамыз айына дейін бұл мәселе дұрыс шешілуі керек.
Премьер-Министрдің орынба-
сары сапалы кадр мәселесіне, кәсіптік-техникалық училищелердегі маман дайындау жағдайына тоқталды. Экономист, заңгер, мұғалім сияқты мамандық иелері көп. Дені жұмыс таппай отыр. Ал зауыт, фабрикаларға индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жаңаша жұмыс жасай алатын мамандар аса қажет. Сондықтан, ойласып жасайтын шаруалар жеткілікті. Бірін бірі айна-қатесіз қайталайтын, сұраныспен жұмыс жасамайтын жоғары және орта оқу орындарын жабуға, бүгінгі күн талабына сай мамандар даярлауға кірісетін боламыз, деді ол.
Премьер-Министрдің орынбасары ойын осылай қорытты.
Бұдан кейін Бердібек Мәшбекұлы «Қазына» этно-тарихи кешенінде болып, осындағы атқарылған жұмыстармен танысты. Келесі кезекте ол «Karlskrona LC AB» ЖШС-інде болды. Аталған кәсіпорын алғашқы рет өңірімізде дискілі айналмалы бекітпелер мен «Zulzer» консольді сорғылар өңдіріп отыр. Жылына 6500 дана өнімді отандық нарыққа шығаратын зауыт затының құны 2 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған.
Осы зауыттың өндірістік цехында Бердібек Сапарбаев еңбек қатынастары мәселелері жөнінде жиын өткізді. Оған өңірдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары мен ірі және орта кәсіпорындардың жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары қатысты.
Сол күні Б.Сапарбаев пен А.Сәрінжіпов Қазығұрт ауданының Атбұлақ елді мекенінде Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының ашылу салтанатына қатысты.
Вице-премьердің жұмыс сапары бүгін Түркістан қаласында жалғасады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Қайсар Шерім.