06 Тамыз, 2010

Құрғақшылық қол байламайды

1002 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Қызылжар өңірінде мал азығын жеткілікті дайындаудың, егінді технологиялық талаптарға сай күтіп-баптаудың  жолдары жан-жақты қарастырылған. Биылғы құрғақшылық Қызылжар өңіріне де үлкен әбігер ала келді. Соңғы 30 жылдың ішінде болып көрмеген ми қайнатар аптап ыстық өңірдің бірқатар жерлерін қуаңшылыққа ұрындырып, жағдайды қиындатты. Синоптиктердің болжамына қарағанда, шілденің шіліңгір ыстығы тамызда да жалғасатын түрі бар. Жаңбыр ара-кідік әр жерлерде жауып өткені болмаса, тұтастай алғанда, ылғал әлдеқайда аз түсіп, малдың да, жанның да құтын қашырып жіберді. Ауа райы­ның күрделілігіне байланысты облыс әкімі Серік Біләлов шөп  жинауды шұғыл науқан ретінде жариялап, арнайы шаралар белгілеген болатын. Атап айт­қанда, қажетті жем-шөп қорының ке­мінде 80 пайызын  жинап алу, ірі агро­құрылымдардың  жеке меншіктен малды сатып алып, өсіруін қамтамасыз ету, шөпшілер  бригадаларын ұйымдастырып, өзен-көл жиектеріндегі, орман-тоғай қойнауларындағы құнарлы шөпті қол шалғымен шабуды ұйымдастыру жүктел­ді. Мұның бәрі – орындалатын шаруа. Алайда, уақыт тығыз, жайбарақаттықты күтпейді. Өздеріне жүктелген жауапкер­шілік салмағын жете сезінген аудандар жауапты науқанға сақадай-сай дайын­дық­пен жұмыла кірісті. Мал басын сақ­тап қалудың барлық мүмкіндіктері қа­растырылып, әкімдердің жұмысы бірінші кезекте жем-шөп дайындауға байла­нысты бағаланатын болды. Серік Сұл­тан­ғазыұлының өзі  елді мекендерді тыным таппастан аралап,  науқан бары­сымен көзбе-көз танысты. – Жаңбыр  жоқ, ылғал аз деп қол қу­сырып отыру – еріншек, жалқау адам­ның әдеті. Бірінші кезекте  тұрғын­дардың әлжуаз топтарына көмектесуге тиіспіз. Қосалқы шаруашылықтардың бірде-бірі мал азығынсыз қалмайтын болсын. Жағдайдың қиындығын ескеріп, Үкіметтен 11 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлуді сұрап отырмыз. Көмек берілгенше қолдағы мүмкін­діктерді тиімді пайдалануымыз керек,— деді аймақ басшысы Аққайың ауданы тұрғындарымен кездескенде. “Агро-Север” ЖШС  тапсырманы орындап, бір­жылдық шөп өсірілген 400 гектар алқапқа шалғы түсіріпті. Мағжан Жұма­баев ауданының әкімі Владимир Бубенко 57 мың тонна шөп жинау міндеті тұрғанын, 3 мың гектар жерге біржылдық шөп себілгенін, былтырдан қалған жемазықты қосқанда, тапсырманың орындалатынын, қазір 80 пайызды шамалап қалғанын баяндады. Облыс  әкімі күзде сабанды ұсақтап, турап тас­тауға жол берілмейтінін, оның мейлінше мол қоры жасақталуын ескертті.  “ЖВН” серіктестігінің директоры  Николай Жигалов күнбағыс, жүгері егіп, сүрлем салатындықтарын, 1200 гектар жерге бір жылдық шөп еккендерін, шаруашылықта жұмыс істейтін адамдарға көмектесіп жатқандарын әңгімеледі. Уәлиханов ауданы да қарқынды еселей түскен.  Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты “Дружба” шаруашылығы Ұлы Отан соғысы және ең­бек ардагерлеріне, аз қамтылған  жан­дарға, көп балалы отбасыларға жем-шөп жеткізіп берген. Биыл 491 мың  мүйізді ірі қараны, 359 мың қой-ешкіні, 121 мың жылқы­ны, 336 мың шошқаны, 4,3 миллион құсты қытымыр қыстан аман-есен шығару оңайға түспесі анық. Ол үшін қа­жеттісі 550 мың тонна жемазық. Бүгінге дейін әзірленгені – 450 мың тонна. Оның қоры әлі біржылдық шөппен және сабанмен толыға түссе, әжептәуір демеу болары сөзсіз. 599 шөп бригадалары мен 167 арнайы звенолар сай-саланың, ор­ман-тоғайдың, өзен-көл жағалауларының шөбін шауып, тыным табар емес. Тех­ника бара алмайтын жерлерде қол шал­ғышылар жарысқа түскен. Облыс бас­шысы  іссапардан соң кезекті селек­торлық кеңес өткізіп, жауапты науқан­ның алғашқы қорытындыларын шы­ғарды. Жем-шөптің жетіспеуі салдары­нан  малдарын жаппай сойып,  өткізіп жат­қан оқиға тіркелмеген. Десек те, шешімін табатын мәселелер жоқ емес. Ол шөп бағасының әрқилылығына бай­ланысты. Ауыл шаруашылығы басқар­масы бір тонна шөптің бағасы 4 мың теңге төңірегінде деген мәлімет берсе, жергілікті жерлердегі баға онымен қабыс­пайды. Мәселен, кей аудандарда  шөптің бағасы 2-3 есеге дейін шарықтап кеткен.  Әсіресе, делдалдардың алшысы оңынан түсіп тұр. Әкім орын алған кемшіліктерді шұғыл түрде жоюды талап етті. – Облыстағы малдың  85 пайызын жеке адамдар өсіріп отырғандықтан, бірінші кезекте оларға көмектесу міндеті қойылып отыр. Табиғаттың ерекше құбылысына қарамастан  азықтың мол қорын жасап алуға ішкі мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Ауылдық округ әкімдеріне 25 тамызға дейін әр  мал басына екі тоннадан  жем-шөп дайындау тапсырма­сы берілді. Ауылдықтардың  негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал. Сондықтан мұндай шешімнің  арғы жағында ауылды сақ­тап қалу деген үлкен мәселе жат­қанын әркім түсінеді деп ойлаймын. Бірінші жартыжылдық қорытындылары бойынша  барлық мал, құс басының және сала өнімдерін өндіру түрлері арт­ты. Жан басына шаққанда сүт өндіруден елімізде 1-ші, ет және жұмыртқадан 2-ші орында тұрмыз. Басты мақсат — осы деңгейден төмендемеу. Бұл орайда  жазғы науқандарды өз мәнінде өткізудің маңызы зор ,— деді әңгімелескенімізде облыс әкімінің ауыл шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары А.Сапаров. Айдарбек Сейпілұлы құрғақшылық қанша қысқанымен да Қызылжар өңірі биыл да астықсыз болмайды дегенді се­німмен айтты.  Ол 1 миллион гектардан астам алқаптың астығы жақсы, 2 миллион гек­тар алқап қанағаттанарлық, ал  егін­жайдың 16 пайызының жайы төмен деген мәліметтерді көлденең тарта оты­рып,  кей шаруашылықтардың гектар түсімділігін 30 центнерге дейін жеткі­зетінін хабардар етті. Оған  агротех­никалық шараларды қатаң қолданудың, егіншілік мәдениетін жетілдірудің арқасында қол жеткізілді. Жаңа ресурс­тарды сақтайтын технологиялар 3 мил­лион гектар алқапқа жүргізілді. Барлық дәнді дақылдар егісі көлемінің 70 пайы­зы қазіргі заманғы  техникалармен ат­қарылды. Ондай егіс кешендерінің саны – 874. Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатымен 400 мың гектар жерге 20 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш енгізілді. Арамшөптерден, түрлі зиянкес аурулардан қорғау, хи­мия­лық жолмен тазарту жұмыстары ұқыпты атқарылды.  Енді алда 3,9 миллион гек­тар алқапты қамтитын дәнді дақылдарды  ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Егін орағы жылдағыдан ерте басталады деп кү­тілгендіктен,  жанар-жағармайды та­сып-жеткізуге айрықша мән беріліп отыр. Субсидия арқылы дизель оты­нының бір литрін 62 теңгеден алуға операторлар белгіленіп, кестелік  тапсыр­маның орындалуы бақылауға алынды. Астық бағасының 8-9 мың теңгеге көтерілуі диқан қауымы үшін  сүйінішті жәйт болғанымен,  тасымалдау, тазалау және сақтауда шетін мәселелер жоқ емес. Облыстағы  47 астық элеваторының сыйымдылығы 3 миллион тоннаға жуық. Шаруашылықтарда 2 миллион тон­надай  астық сақталады. Ақжар ауда­нын­да “Еңбек-Нан” ЖШС  сыйым­ды­лығы 60 мың тонналық элеватор салынуда. Бұдан тысқары тағы 4 элеватор бой көте­руде.  Десе де, астық қоймалары әлі де аздық етеді. Оның үстіне былтырғы жыл­дың 2 миллион тоннаға жуық астығы эле­ваторларда әлі жатыр. Үкімет басшы­сы облыста болған жұмыс сапарында оның біршама бөлігін батыс аймақтарда орналастыру жөнінде Ауыл шаруа­шы­лығы және Қаржы министрліктеріне  тапсырма берген болатын. Мәселенің тезірек шешілуін тағатсыздана күтіп отыр­­ғандар көп. Сол сияқты Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлім­ше­сі арқылы Қазақстан астығын тасы­мал­дауда кедергілер жиі кездесіп жата­тын. Енді екі ел Кеден одағына  кірген­нен кейін  проблемалар жойылса, құба-құп болар еді. Бір-бірімен орайласып, қат-қабат қауырт шаруаларға ұласқан науқандық жұмыстар Қызылжар өңірін екпінді еңбек құшағына бөлеп, солтүстікқазақстандықтардың тынымсыз  іс-әрекетімен  жандана түскен. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ТӨРТҚҰДЫҚТЫҢ АЛТЫН-КҮМІСІ ҚАЙТА ЖАРҚЫРАДЫ Екібастұздың айналасы  Төртқұдық, Майқайың, Керегетас, Шідерті, Бозша­көл, Үшқұлын, Сұлужон, Шөптікөл, Қал­қаман, Майкөбе сияқты қазба бай­лығы тұнып тұрған кенді аумақ болып саналады. Осы жердегі әрбір кеніштің ғасырлық тарихы, өткен шежіресі ай­тарлықтай. Төртқұдық кен байыту ком­бинатының да өзіндік жолы бар. Кеніш­тің алтыны мен күмісі жетеді. Далада жатқан байлық жоқ. Табиғаттың өзі  бұйыртқан жердің несібесін, игілігін көргенге не жетсін. Жаңа технология, жаңа мүмкіндіктер туған уақытта сол байлықты игеріп, өндіру керек. Сонау 40-шы жылдары соғыс өрті шарпып тұрған кезде ашылған кен орнының бар байлығы әлі бір өзінде. Алтын мен күмістің  игілігін енді халық көретін уақыт жетті. Осыдан екі-үш жыл бұрын осы мақсатты жүзеге асыруды ойға алған екібастұздықтар өндірісті өркендетуге осылай қол жеткізді. Екібастұз қаласының әкімі Нұрлан Нәбиевтің айтуынша, бұл ин­вестициялық жо­баны іске асыруға 1 млрд. теңге көле­мін­де қаржы жұм­салған көрінеді. Өндіріс қайта іске қосылды. Бұл күн­дері кен байыту комбинаты бір жыл ішінде кен орны­нан алынатын 500 мың тонна кен кө­зінен 1 тонна ал­тын және 10 тонна күміс ұнтақтарын өндіре алады. Кен орнында қазір 60-қа тарта  кенші-жұ­мысшы еңбек етуде. Сонымен қатар, өндіріс орны тау-тау болып дәл қастарында үйіліп жатқан қалдықтарды да іске жаратып, пайдаланып отыр. Төртқұдықтың алтыны мен күмісі қайта жарқыраған тұста кеншілер облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевты шақырды. – Елімізге пайдасы тиер осындай екпінді жаңа жобалар өмірге келіп, Төртқұдық кен комбинатының қайта жаңғырғанына қуаныштымыз – деді облыс әкімі, –  ал жыл соңына дейін тағы осындай бірнеше серпінді жобалар іске қосылатын болады. Төртқұдық ауылында мыңға тарта халық тұрады. Жер­гі­лікті тұрғындардың көпші­лігі кен комбинатында еңбек етеді. Кеншілер ауыл ақсақал­дарының тілегін қабыл алып, жуырда мешіт салып берді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. САПАЛЫ СҮТТІ ТҰТЫНУҒА ҚАРАЙ БІР ҚАДАМ Иә, күнтізбемізге кірген тамыз айынан бастап сүт және сүт өнімдерін таңбалауға қатысты енгізілген өзгерістер жөнінде республика Үкіметінің қаулысы күшіне еніп отыр. Бұл ең алдымен отандық сүт өндірушілерді қолдау мақсатынан туған қадам екенін айтуға тиіспіз. Екіншіден, осыған орай тұтынушылардың белгілі бір өнім жөнінде жан-жақты ақпарат алуына жол ашылмақ. Бүгінде республика тұрғындары азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдері бой­ынша тапшылық көріп жүрмегені белгілі. Керісінше, кез келген жерде азық-түлік тауарларының неше бір түрі сықап толып тұр. Соның сапасы мен қауіпсіздігі қандай деңгейде? Міне, мәселенің мәнісі осында. Шынтуайтына келгенде, тұтынушы сырттан ағылып келіп жатқан өнімдердің көпшілігінен өзіне қажетті ақпаратты таба бермейді. Осы дұрыс па? – Әрине, дұрыс емес, – деп мәлімдеді газет тілшісінің сауалына орай Техни­калық реттеу және метрология комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша де­пар­таментінің директоры Бахтан Исақов. – Қалай болғанда да, тұтынушының өзі қандай өнімді тұтынып отырғанын білуге толық құқығы бар. Бұл тұжырым сүт және сүт өнімдеріне де тікелей қатысты. Қандай шикізаттан әзірленгеніне қа­рамастан сүт атаулының сыртқы жап­сырма қағазына сүт деп жазылып жүр. Сондықтан таңбаларға өзгерістер енгізу­дің арқасында ендігі жерде тұтынушы табиғи сүтті ала ма, әлде құрғақ сүттен жасалғанын қалай ма, оны өзі оқып таңдайтын болады. Мақаланы әзірлеу барысында мамандардың ой-пікірлерінен тағы бір түйсінгеніміз, таңбаларға өзгеріс енуіне байланысты жергілікті өндірісшілер өз өнімдерінің өтімділігін көтеруге ұмтыл­мақ. Мұндағы мақсат осы арқылы таби­ғи, экологиялық тұрғыдан таза, отандық өнімдерге деген сұраныс деңгейін көтеру болмақ. Бұған Батыс Қазақстан облысы сүт өндірушілерінің бүгінгі мүмкіндігі негіз қалай ала ма? Талдаулар мен қолда бар деректерге қа­ра­ғанда, мұндағы өндірісшілер негі­зі­нен малдың табиғи сүтін пайдаланатыны байқалады. Табиғи сүт деп астын үш рет сызып айрықшалап, ерекшелеп айтуы­мыздың себебі жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның тұтыну орындарына сырт­тан келген сүт пен сүт өнімдерінің ара­сында соядан, не өзге де жасанды сүттен жасалғаны кездесіп қалып жатады. Мұндай жағдайда табиғи сүттің бәсі қашанда биік тұрмақ. Алайда, сиыр деген жануар жыл он екі ай бойына сарылдатып телегей-теңіз мол сүт бере бермейтіні тағы белгілі. Сон­дықтан да сиырдың сүті азайып кететін күзгі және қысқы маусымдарда батысқазақстандық сүт өндірушілер де құрғақ сүтті кәдеге жаратуға мәжбүр. Ал мұндай өнім түрі жергілікті жерде өн­дірілмейді. Ол негізінен көршілес Ре­сейден тасымалданады. Жергілікті жерде өндірілген сүтті отыз алты сағаттан артық ұстауға келмесе, сырттан келген құрғақ сүтті ұзақ мерзімге сақтауға болады. Осыдан-ақ ресейлік өндірісшілердің артықшылығы бірден байқалады. Мақсат айқын, ниет дұрыс болғанымен қазақ­стан­дық тауар өндірушілер ресейлік әріп­тестерінің деңгейіне жете алмай келеді. Дегенмен, өңірде сүтті ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарайтындай тетра-пакет­пен шығару жөнінде жасалған жобалар үлкен істің басы деп білеміз. Айталық, облыс тұрғындарын жергі­лік­ті сүт және сүт өнімдерімен қамту мақ­сатын көздеген “Ақас” ЖШС 500 бас­қа арналған тауарлы сүт фермасын құруды аяқтады. Оған сүтті бастапқы және терең өңдеуге лайықталған құрал-жабдықтар мен қондырғылар орнатылды. Аталған жоба “ҚазАгроҚаржы” АҚ желісі арқылы және облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Бұл бағытта өзге өндірісшілер де тех­нологиялық жаңғыртуларға құлаш ұруда. Мысалы, өткен жылы 750 миллион теңге көлемінде сүт өнімдерін өңдеп, тұтыну­шы­ларға ұсынған “Береке” сүт ком­бинаты” АҚ осындай өрелі істің көш ба­сында келеді. Бір ауысымда 150 тонна сүт өңдей алатын іргелі кәсіпорын ұжы­мы бүгінде өз қаржылары есебінен өн­діріс технологиясын ішінара жаңғыртып үлгерген. Сондай-ақ, облыстағы “Баян” шаруа қожалығы да сүтті бастапқы өңдеуге қа­жет­ті желі сатып алып тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынуға сақадай-сай әзір. Сүт өнімдері демекші, сонымен бірге “Жас­тық” серіктестігі сүзбе мен ірімшік өн­діруге, “Каркула” шаруа қожалығы бал­мұз­дақ шы­ға­ру­ға құлшыныс танытып отыр. Міне, Орал өңі­рінде сапалы сүт пен сүт өнім­дерін өндіріп оны дайын тауар тү­рін­де тұтыну­шы­ларға жеткізу жөнінде жасалып жатқан қадамдар осындай. Ба­тысқазақстандық сүт өндірушілер сүт және сүт өнімдерін таңбалауға өзгерістер енгізу жөнінде күшіне енгізілген рес­публика Үкіме­тінің қаулысы сапалы өнім өндіру ба­ғытында жарық көрген бағалы құжат, осы тұрғыда жасалған үлкен қадам деп есептейді. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. АЛҒАШҚЫ ЖОБАЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ Ел дамуына негіз қалайтын Қазақ­стан­ның 2015 жылға дейінгі үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы бойынша Қызылорда облысында іріктелініп алынған 54 инвестициялық жобаның 12-сі индустрияландыру кар­тасына енгізіліп, оның 7-еуі үстіміздегі жылдың жартыжылдығында іске қосылды. Жоғарыда пайдалануға берілген жоба­ның бірі – “УАД” ЖШС иелігіндегі битум зауы­ты тәулігіне 500 тонна өнім шығарады. Аймақ үшін айрықша маңыз­ға ие болып отырған серіктестік өнімін бүгінде “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күрежолына қолдануда. Бұған дейін біз­дің облыс битумды өзге елдерден тасып әбігерге түскен еді. Бұл біріншіден, жол шығынын көбейтсе, екіншіден, өнім сапасының төмендеуіне әкеліп соқты. Негізі битумды талапқа сәйкес 700 шақырым қашықтықтан асатын жерден тасымалдауға рұқсат берілмейді. Өйткені, бұл аралықта оның қызуы басылып, қалыпты деңгейін сақтай алмайды. Сондықтан қайта қыздыруға тура келеді. Мұндай кереғарлық битум бойындағы химиялық құрамның сапасын төмен­детеді. Осы тұрғыдан келгенде жергілікті жерден орын алған битум зауытының өніміне сұраныстың артары сөзсіз. Келесі бір жоба – Елбасы ерекше мән берген Ақшабұлақ кенішіндегі ілес­пе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңін іске қосу да сәтімен жүзеге асты. Осы арқылы қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың жылуға кететін шығындарын арзан­датуға, кәсіпкерлік саланы өркендетуге ізгі қадам жасалып отыр. Ешкімге жасырын емес, соңғы бес жылдың бедерінде мұнай кеніштерінде “көгілдір отын” айдалаға алау болып жанып жатты. Мінекей, енді оны кезеңі­мен кәдеге жарату ісі қолға алынып, халық көкейіндегі мақсат орындалуда. Бұл ретте алпауыт мұнай компаниялары мен жергілікті билік әріптестік қарым-қатынас орнатуының нәтижесінде тұр­ғын­дар арзан сұйытылған газды тұтынуға қол жеткізді. Келешекте көліктерді газға көшіру мәселесі де қарастырылу үстінде. Жаңақорған өңірінде “Шалқия-Неруд ком­паниясы” ЖШС жылдық ең­бек өнімділігі 300 мың тоннадан асып жы­ғылатын тас майдалау кешенін пайда­лануға берді. Қиыршық тасты нормаға сәйкестендіріп дайындайтын өндірістің өнімін халықаралық көлік дәлізіне және облыстық, аудандық маңыздағы жол­дарға төсеу мақсаты көзделген. Басқару пульті арқылы еңбек өнімділігін арт­ты­руды жоспарлаған ком­пания бір жылда 1 млн. тонна қиыршық тас өндірмекші. Заманауи технологияның мұны толық орындайтындығына сенім зор. Биылғы жылдың басты ерекшелігі, “Шапағат сүт” ЖШС Қызылорда қала­сында нан зауытын іске қосып, алғашқы өнімдерін тұтыну рыногына шығарды. Ресейлік және чехиялық жабдықтармен қамтылған зауыт тәулігіне 30 тонна түрлі нан өнімін өндіреді. Қызылорда қаласы тұрғындарының 63,3 пайызын нан өнімдерімен қамтамасыз ететін “Шапағат сүт” ЖШС табиғи сүттен әртүрлі тағам­дар да әзірлейді. Осы уақыт аралығына дейін облыс бойынша іргелі нан зауыты бой көтер­меген еді. Сосын уақыт оздырмай атал­мыш зауыт­тың іргетасын қалау қажеттігі туды. Бұл міндетті орындауға бел буған “Шапағат сүт” ЖШС іс-әрекеті сәт­ті аяқталды. Енді сапасы сын көтер­мейтін шағын цехтарда өндірілген нан өнімдеріне сұраныстың азаятыны белгілі. Міне, бәсекелестік заңдылығының та­лабы осындай. Индустрияландыру картасына енгізіл­ген жобалардың ішіндегі Кристалл менеджмент” компаниясының газ-тур­биналы электр стансасы мен “Тату Агро” ЖШС-нің томат өндіру цехы келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Ал­ғаш­қы айтылған станса 87 МВт/сағ. электр энергиясын өндіре алады. Бұл өнімді бірден-бір пайдаланатын “Қаз­ГерМұнай” компаниясы 20 МВт/сағ. электр қуатын алуды жоспарлап отыр. Биылғы жылдың екінші жартыжыл­дығында “РЗА” АҚ тауарлы сүт фер­масын, “УАД” ЖШС асфальт зауытын және “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресор­сиз” АҚ газ-турбиналы стансаны іске қосады. Мұның қай-қайсысы болмасын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттырып, жаңадан жұмыс орнының ашылуына себепкер болады. Біз әлгінде ғана Қазалы ауданындағы “РЗА” АҚ-тың тауарлы сүт фермасы туралы әңгіме қозғадық. Ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бой көтерген бұл кешеннің орны бөлек. Кешен толықтай іске қосылғанда 660 бас асыл тұқымды сиыр­ларды ұстауға жол ашылады. Сондай-ақ, жоба аясында 1200 бас сауын залы, төлдету бөлімі, бұзау қора салынады. Ал сүт зауытының құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Облысымызға аты мәшһүр “РЗА” АҚ өндіретін ағарғандарға дәмдеуіштер қо­сы­лмауы себепті тағамдары табиғи қалпынан айныған емес. Сондықтан әрісі Арал ауданы, берісі ғарыш айлағы да осы “рзалықтардың” өнімін тұтынуда. Елбасының биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімділігін екі есеге көтеру қажеттігі атап көрсетілді. Осы міндетті орындауға “РЗА” АҚ-тың күш-қуаты толық жетеді. Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ, Қызылорда облысы. АЛҒА БАСҚАН АЛҒАБАС Үржар ауданында биылғы қыстың ауыр болғаны белгілі. Алайда, бір ауырт­палықтың соңында жетістік бар дегендей жем-шөп бітік өсті. Жақында ауданда болғанымызда Мәулетбек Қалиев бас­қаратын “Алғабас” шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Мәулетбек бұ­рын­дары құрылыс саласында еңбек ет­кен. 2003 жылы аталмыш шаруа қожалы­ғын құрып, 200 гектар жайылымдық, 35 гектар егістікті қарамағына алады. Жоқ­тан барды құрастырып, 30 сиыр мен 10 жылқыны бағып-қаға бастады. Істің ретін білетін азамат құлашын кеңге сер­меп, Темірбанктен қомақты қаржыны не­сиеге алады. Оған бірнеше ауылшаруа­шы­лық техникасын, Қостанай облысы­ның “Әулиекөл” асыл тұқымды мал зауытынан ондаған ірі қара сатып алған соң, тәуекел деп асыл тұқымды мал өсі­руге бет бұрды. Мал басы өскен соң жайылымдық­тың тарлығы бірден көзге ұрды. Мәу­летбек егістік және жайылымдық кө­лемін ұлғайту мақсатында аудан әкімі Бауыржан Жанақовтан көмек сұрап барады. Обалы нешік, аудан әкімі шаруа қожалығының тілегін орындап, 1200 гектар егістік, бір мың гектар шабындық жер бөлгіздіріп берді. Оның сыртында 8 мың гектар жайылымдық тағы бар. Аудан әкімі бірнеше жыл тоқтап қалған Егінсу су қоймасының құрылысын аяқтатып, қалпына келтірді. Қазір су қоймасының суын ауданның бірнеше шаруашылығы қолдануда. – Қазір бізде 800-ден астам ірі қара, 1500 қой, 250 жылқы бар. 300 бас асыл тұқымды ірі қара етті тез жинайды. Өт­кен жылы әр жүз сиырдан 90 бұзау, әр жүз саулықтан жүз қозыдан алдық. Алда­ғы уақытта мал басын көбейтуге көңіл бөлсек дейміз, – дейді қожалық иесі Мәулетбек Қалиев. Мәулетбектің жұбайы Бақытгүл қожа­лық иесінің есеп-қисап жұмыс­та­рын, іс-қағаздарын жүргізіп отырады. Көлікті ұршықша иіретін, бейнефильм мен суретке түсіретін де қабілеті бар қарындасымыз бізді шөп шабу жұмыстары жүріп жатқан он шақырым­дай жердегі шабындық алқабына бастай жөнелді. Тарбағатай тауының етегінде биыл көпжылдық шөп, жоңышқа бітік өсіпті. Белуардан асатын көпжылдық шөпті “Беларусь” тракторы жаткасымен жалға жыққан соң ол іле-шала жиналып, тиеледі де жақын маңдағы терең шұңқырға төгіліп, сүрлем әзірленеді екен. Хасен Нұрғазин деген механизатор биыл шөптің бітік екенін, гектарына 5 тоннаға дейін азық әзір­ленетінін тілге тиек етті. Ал өткен жылы қуаңшылық салдарынан гектары­нан небәрі бір тоннаға жуық шөп әзірленіпті. 200 гектар көпжылдық шөп түгелімен қыстаққа тасымал­дануда. Бүгінге дейін Мәулет­бектің жігіттері бір мың тонна пішіндеме, 600 тоннадай шөпті әзірлеп қойды. Биылғы қыстан қысылмай, жем-шөптің бір жарым жылдық қорын жасап алдық, дейді механизаторлар. М.Қалиевтің қожалығында бұл күндері елуге тарта адам жұмыс істейді. Әр­қайсысы 30 мың теңгеден айлық таба­ды. Олар аудандық әкімдікпен меморан­думға қол қойып, апта сайын өтетін жәрмеңкеде еттің килосын 400 теңгеден саудалайды. Балалар үйі мен мектептерге  қолғабыс жасап тұрады. “Шапағат” деген ұйымға  тұрақты демеушілік жасап отыр. Алдағы уақытта “Алғабас” шаруа қожалығы жылқының “жабы”, қойдың “байыс” асыл тұқымды малын көбейтуді межелеуде. Қалай дегенде де, “Алғабас” шаруа қожалығы тындырып жатқан істер басқаларға үлгі болар­лықтай. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы. ӨНДІРІС ӨРКЕНІ * “Қазақжолқұрылыс” компаниясы жос­парды мерзімінен бұрын орындап отыр. Жамбыл облысында “Батыс Еу­ропа — Батыс Қытай” трансқұрлық­тық ма­гис­тралі бетон жамылғысының бірінші ша­­қырымын төсеуге кіріскен компания құ­рылысшылары жұмыс кестесі бойынша алда келеді. Бұл туралы компания облыстық фи­лиалының директоры Леонид Стрельс­кий мәлім етті. “Біз белгіленген кестеден екі апта алда келеміз”, – деді Леонид Стрель­­ский өз сөзінде. Нысан құры­лысына бүгінгі таңда 3 мыңнан астам адам, 147 арнайы техника және 165 автокөлік жұмылдырылып отыр. “Бетон төсеу жұмыстарында 16 жұ­мысшыдан жасақталған ауысым жұмыс істейді, олардың барлығы жергілікті тұрғындар. Олар арнайы оқудан өтіп, бетон төсеу үдерісін толық дерлік игеріп алды”, – дейді филиалдың директоры. *  Петропавлда жаңа емхана са­лы­нып жатыр. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының аясында салынып жат­қан ол күніне 500 адам қабылдауға есеп­телген. Құрылысшылар нысанды белгі­лен­ген мерзімнен ертерек тапсыруды жос­парлауда. Бас мердігер – “Фирма Строитель” ЖШС. Емхананың құрылысына республика­лық бюджеттен 1 миллиард 360 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2008 жылдың қараша айында басталды. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2010 жылдың желтоқсан айын­да аяқталуы керек. Бірақ, жоғарыда айтып өткендей, құрылысшылар жұмыс­ты ертерек аяқтағалы отыр. Облыстық органдардың қолдауымен құрылыс жұмыстарына оншақты суб­мердігер ұйымдар тартылды. Қазіргі таң­да емхана құрылысында 190 адам еңбек етуде. Нысанның кейбір корпустарына жаңа медициналық жабдықтар жеткізі­ліп те қойылды. Ағымдағы жылы бөлінген 250 миллион теңгенің қазіргі таңда 165 миллионы игерілді. Нысан тамыз айының соңында тапсырылмақ. * Астанада алдағы жылы 6 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы жур­на­листермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, Астанада осы уақытта 65 мемлекеттік мектеп бар. Олардың барлығы да жаңа оқу жылына дайын. Сонымен қатар Абай мен Тілендиев даңғылдарының бойында орналасқан жаңа мектеп те биыл іске қосылады. Бұған қоса биылғы жылдың соңына дейін Көк­тал, Ильинка ауылдары мен Тілендиев даңғылының оңтүстігінде, сондай-ақ Есіл­дің сол жағалауындағы әкімшілік орталығының маңайында орналасқан 4 мектеп те пайдалануға беріледі. “Егер жыл соңына дейін аталған мектептердің актілері мен қажетті құжаттарының барлығы дайындалатын болса, оқу жылының екінші жартысында біз осы білім ошақтарында балаларды оқыту жұмысын бастаймыз. Бұған біз қазірдің өзінде дайынбыз”, деді басқарма бастығы. * Қостанайда 12,2 миллиард теңгенің жобалары жүзеге асты. Бірінші жар­тыжылдықта қатарға қосылған олар 6 жобаны құрайды. Ал жылдың соңына дейін жалпы құны 7 миллиард теңгеден асатын тағы 5 жоба жүзеге аспақшы. Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің айтуынша, ағымдағы жылы жалпы құны 25 миллиард теңгенің 4 жаңа жобасын жүзеге асыру басталды. Ол сондай-ақ, бірінші жартыжыл­дық­тағы облыстың әлеуметтік-экономи­ка­лық даму көрсеткіштері, былтырғы кезең­мен салыстырғанда оң динамикаға ие екенін, облыс бойынша көптеген көр­сеткіштердің өсу қарқыны, респуб­ли­калық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екенін атап көрсетті. Ағымдағы жылы негізгі капиталға са­лынған инвестициялардың көлемі 54 мил­лиард теңгеден асып отыр, бұл был­тырғы жылғы деңгейдің 117,7 пайызын құрайды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 8,8 миллиард теңгесі игеріліп бітті, бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 1,5 есеге көп. “Егемен-ақпарат”. ЖОЛАМАННЫҢ ЖОЛЫ АМАН, СУЫ ТҰЩЫ Семейде қаламен жапсарлас кенттер баршылық. Соның көбінде негізінен өзіміздің қандастарымыз тұрады. Ал кешегі кеңес заманында сол елді мекендерге соншалықты көңіл бөлінбегені шындық. Сондай кенттердің бірі “Жоламан” деп аталады. Ертеректе мұнда келіп тұрақтағысы келмегендер әзіл-шыны аралас “Жоламанға  жоламан” десетін. Сөйтіп жүргенде құдай оңдап еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атандық. Ал тәуелсіздік жеңісі мен жемісі көп ұзамай-ақ сезіле бастаған. Яғни, бұрын мұндағы жеткіншектер Жаңасемейдегі қазақ мектебіне соншалықты қиыншылықпен барып, келіп оқыса, ендігі жерде Жоламанда жаңадан қазақ мектебі тездетіп қатарға қосылған. Соның шапағатына осы маңдағы Холодный ключ, Кирпичный кенттерінің жеткіншектері де бөленген. Ал одан кейін Жоламанда іле-шала аталған кенттің тумасы, белгілі кәсіпкер Марат Құрманбайдың қайырымдылық көмегімен жаңа мешіт салынып, іске кіріскен. Соңғы бір-екі жылдың жаңалығына келетін болсақ, мұнда ауыз толтырып айтарлықтай игі істер баршылық. Айталық, қалаға кіре берістегі кенттің жолы жөнделіп, жаяу жүргіншілер үшін тротуар салынды, жол жағалай ағаш егілді, аялдама жаңадан бой көтерді. Сөйтіп, кентпен бірге қалаға кіре берістің де өңі кіріп қалды. Балаларға арналған ойын алаңы да кенттің ажарын аша түсті. Бірақ, солай дейтұрғанмен, кент тұрғындарының көңіліндегі бір алаң жуырда ғана шешілді. Ол – ауыз су мәселесі. Бұл өзі артық-кемі жоқ алпыс жылға созылған, таусылып бітпейтін жыр еді. Соған енді қала әкімі Мейрамхат Айнабеков нүкте қойып отыр. Кент тұрғындары әкімнің жыл басындағы есебінде осы сұрақты алға тартқан-ды. Сонда әкім бұл мәселе биылғы жазда шешіліп қалатындығына сендірген. Шындығында Жоламанға су құбырын тарту жоспар бойынша 2012-2013 жылдарға белгіленген болатын. Сондықтан да мұндағылардың игі істің биыл атқарылатындығына сенімдері аз еді. Абырой болғанда, әкім де сөзінде тұрды. Осы жұмыс өздеріне сеніп тапсырылған “Семейводоканал”  мекемесі сенім үдесінен шыға білді. Осы орайда, жергілікті азаматтардың  аталған шаруаға өз еріктерімен қолғабыс тигізгенін айта кеткеніміз жөн. Яғни, ені өте тар көшелерге техника күші жете алмаған кезде жоламандық жастар қол күшімен көмекке келген. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген. Сөйтіп, шіліңгір шілдеде сусап отырған жоламандықтар ауыз суға жарып қалды. Мұны енді жергілікті басшылықтың шешімді іскерлігі, ең бастысы, ел тәуелсіздігінің арқасы демеске болмайды. Осындай береке-бірліктен соң мұндағылар бұрынғы ренішті сөздерінен тыйылып, енді “Жоламанның жолы аман, суы тұщы” деп әндететін болды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі            www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Индустрия және жаңа  технологиялар министрлігі  www.mіt.kz Статистика агенттігі                                   www.stat.kz