11 Тамыз, 2010

Күрежолда күрмеу болмайды

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің аймағында “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күрежолы барынша қар­қынды жүргізілуде. Оған облыстық әкім­дікте осы автокөлік жолы құрылысына байланысты өткізілген республикалық штабта өрбіген әңгіме барысында көз жет­кіздік. Штаб отырысына Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков және жергілікті билік бас­шылары мен жауапты мекеме, мердігер шет­елдік компаниялар басшылары қаты­сып, осы алып құрылыс аясында атқа­рыл­ған ауқымды шаралар мен алда тұрған міндеттерді жан-жақты айшықтады. Республикалық штабтың оты­рысын ашқан облыс әкімінің мін­детін атқарушы Рзақұл Нұр­таев екі құрлық арасын жал­ғай­тын күрежол құрылысының Сыр аймағында серпінді де сапалы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етсе, республикалық автокөлік жолдары комитеті облыстық де­пар­таментінің директоры мінде­тін атқарушы Шанжархан Мыр­за­бай халықаралық дәліз құры­лы­сы бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылған ауқымды жұ­мыс­тардан хабардар етті. Осыған байланысты саралап айтар болсақ, Сыр аймағынан өте­тін 817 шақырымды халық­ара­лық транзит дәлізінің бүгінгі күнге 242 шақырымы бірінші техникалық, 575 шақырымы екін­ші техникалық деңгейге жет­кізілген. Сондай-ақ, облыс көле­мінде 336 шақырым жоғары құ­нар­лы жер төсемі алынып, жал­пы ұзындығы 107 шақырым ай­налма жолдар салынған. Қазіргі күнге дейін 4229 мың текше метр жер төсемі төселген. Сондай-ақ, күрежол бойына 32 су өткізетін құбырлар орналастырылған. Егер жол-құрылыс материалдарын дайындау деректеріне жүгінер болсақ, 810 мың тонна құм-қиыр­шық тас қоспасы мен 691 мың тонна қиыршық тас дайын­далып, күрежол бойына төселуде. Осы бір алып құрылысқа 1738 дана техника жұмылдырылып, 15171 адам еңсере еңбек етуде. Айта кету керек, осыншама адам­ның жартысынан астамы жергілікті тұрғындар болып табылады. Сөз орайы келгенде айта ке­тейік, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күрежолы құрылысының жүргізілуі Сыр аймағының ай­шық­тануына да сүбелі үлес қосу­да. Жол құрылысы қалай бастау алды, солай Сыр елінде жаңа өн­діріс орындары тұсауларын кесіп, жүздеген адам жұмысқа тар­ты­ла бастады. Яғни, ауылша­руа­шылықты аймақ өндірісті аймақ­қа айнала бастағаны көп көңіліне қуаныш ұялатуда. Атап айтар болсақ, “Шалқия” кен орнын­да­ғы қиыршық тас шығаратын зау­ыт пен “УАД” ЖШС-нің битум зауыты толықтай іске қосылып, толымды жұмыстар атқаруда. Бүгінге дейін жоспарланған 20 асфальт-бетон зауытының 8-і жүйелі жұмыс жасауда. Штаб отырысында облыс кө­лемінде жұмыс жүргізіп жатқан “Салини” “Аккорд - Окан”, “Им­преза” және “Тодини” шет­елдік компанияларының басшы­лары Арнальдо Ди Верджило, Явуз Уйсал, Мастрогинкуе Ми­ке­ланжело, Алманьо Фабио сөз алып, өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баян етті. Десе де, осынау шетелдік ком­па­ниялар жұмысында күрмеуі қиын мәселелер жоқ емес көрінеді. Атап айтқанда, шетелдік мерді­гер­лердің кейбірі өздеріне тап­сырылған аумақтағы жұмыстар­ды мерзімінен кешіктіріп, қол­бай­лау жасап жатқан сыңайлы. Сондай-ақ, кейбір компания­лар жергілікті жұмысшыларға әлеу­мет­тік- тұрмыстық жағдай жасауда да кемшіліктер жіберуде. Осынау келеңсіздіктер жайлы Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков атал­ған, яғни “Аккорд – Окан”, “Импреза”, және “Тодини” ком­па­ниясы басшыларына сын-ес­керт­пелерін қадап айтты. Өкі­ніш­тісі сол, вице-министрдің сали­қалы сауалдарына шетелдік­терден тұшымды жауап болмады. Содан да вице-министр күрежол құры­лысы құзырлы органдар тарапы­нан әрдайым басты бақы­лауда болатынын баса айтты. Яғни, күрежол құрылы­сында күрмеуі қиын мәселелер болмауы керек. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.