14 Тамыз, 2010

Елдің қуаты – бірлігінде

551 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Көгілдір Байрағымыз бен Әнұранымыз көк күмбезінде еркін қалықтаған қазіргі кезде халқымыз елі мен жерінің болашағын Елбасының сарабдал саясатымен байланыстырып, әлемнің барша мемлекеттерін тітіренткен қаржы дағдарысының салдарына қайыспас қайсарлықтарын қарсы қойып, биік белестерді бағындырумен келеді. Осындай сәттерде өмір болған соң кездейсоқ апаттар орын алып, қиындық алдан шығатыны бар. Ақсу ауданының Қызылағаш ауылындағы биылғы су тасқыны елді мекен халқына күтпеген жерден қасірет әкелді. Адамдар опат болып, жұрт баспаналарынан айырылды. Міне, бұл жағдайға барша қазақстандықтардың қабырғасы қайысып, ежелгі жомарт пейілінен айнымай, қолдағы барын беріп, ыстық ықыластарын білдірді. Қызылағаштықтар қиындықта жалғыз қалмайтынын танытып, еліміздің барша адамдары қайырымдылық көрсетуден шет қалмай, жұдырықтай жұмылды. Көптің ісі қашанда берекелі болған ғой. Жермен-жексен болған бүтін бір ауыл қысқа мерзімде ертегідей жаңарып шыға келді. Осының өзі-ақ еліміздегі көп этносты халықтың ынтымағы мен бірлігін, достық ниетін дәлелдеді. Қандай қиын жағдайда болсын бірліктің жеңбейтіні жоқ екенін көрсетті. Осылайша берекелі елдің бетін ешкім қақпайтын жақсы қасиет орнығуымен ерекшеленді. Қызылағаштықтар бүгінгі күні көрген қиындықтарын ұмытып, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайтуда. Сәулетті елді мекендегі атқарылған жұмыс “Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі, жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі” деген халқымыздың жақсы сөзінің шындығы жаңа қырынан жарқырай танылды. Ауыл тұрғындары Елбасымен кездесуі кезінде де елдің береке, бірлігі, ынтымағы жайлы айтып, алдағы күндерге деген ұмтылыс айқын көрініс берді. Биыл бүкіл республиканы әбігерге салған су тасқынынан кейінгі лай көшкініне көмілген Қызылағаш бар-жоғы төрт айда жаңарып, жасарды. Елді мекен тұрғындары бастарына қиындық туған сәттегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандықтардың қам­қор­лық қолдауын ешқашан ұмытпайды. Облыс басшысы Серік Үмбетов қиын-қыстау кезде қуанышты күндердің көп күттірмейтінін, оны жақындатуға бүкіл халық болып атсалысатынын айтқан еді. Сөз бен істің арасында алшақтық бол­мады. Шілденің соңында соңғы қо­ныс­тойлары өтсе, күрделі жөндеу жүргізіліп, мүлде жаңарған орта мектеп пен емхана, полицияның тірек қосыны, Мәдениет үйі, үш қабатты ескі мектеп-интернат сәбилерге лайықталып, қайта жасалып, балабақша болып ашылуын ата-аналар қуанышпен қабылдады. Қамыс пен саман кірпіштен салын­ған ескі үйлердің орнына сымбаты мен салтанаты келіскен, соңғы құрылыс мате­риалдары пайдаланылып салынған сәулетті үйлер кімді болса да риза­шы­лыққа бөлейді. Көшелер реттеліп, бақ отырғызылып, жолдар асфальтталды. Көшелердегі арықтарда су сылдырап ағып жатыр. Әр үйге ауыз су жеткізілді. Ауылға кіргеннен-ақ шатырлары күнмен шағылысқан, жасыл желек көмкерген Қызылағаш көзге оттай басылады. Ке­шегі жабырқаған көңіл, мұңайған жүздерге қуаныш үйірілді. Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепке келген Нұрсұлтан Әбішұлын білім шаңырағындағы ұстаздар үлкен қошеметпен қарсы алды. Осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Аман­дық Баталов және Төтенше жағдай­лар министрі Владимир Божко тасқын­нан кейінгі Қызылағаш ауылын қалпына келтіру жұмыстары және жалпы түскен қаржы мен гуманитарлық көмек, ауыл­дың бас жоспары туралы мағлұмат берді. Елбасы білім шаңырағындағы орыс тілі мен бастауыш сынып, мультимедия, ма­тематика кабинеттерінің жабдықталуын көрді. Білім шаңырағындағы оқу кор­пус­тарына қосымша бір қабатты оқу орны мен қазандық жөнделіп, жаңаланыпты. Сондай-ақ физика, биология, химия, информатика, саз кабинеттері осы за­ман­ғы оқыту құралдарымен толық қам­ты­лып­ты. Бұрын технология сабағына арналған кабинет болмаса, қазір жас шеберлерге арналған арнайы сынып ашылған. Жаңаланған спорт залы мен жиынжай оқушылар мен ұстаздардың көңілінен шыққаны олардың жүздерінен байқалды. Мектепті тасқыннан кейін қалпына келтіру жұмыстарының жобасын “Ар­лан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаса, қалпына келтіруді “АСК Ауыл­құрылыс” ұжымы қолға алып, ғима­рат­тың іргетасын қайта нығайту, қабыр­ға­ларының іші мен сыртының сылағын қырып, сырлау, әрлеу жұмыстары қо­мақ­ты қаржы мен көп күш жұмсау нә­тижесінде сәулетті ғимаратқа айналған. Осылайша күрделі жөндеуге бөлінген 226 млн. теңге белгіленген мерзімде тиімді игеріліп, шілденің соңына шаруаны тия­нақтаған құрылысшылар мектепті пай­далануға берді. Мектеп аумағы толықтай абаттандырылып, гүлзарлармен көмке­ріл­ді. Мектеп жанындағы ашық алаңда баскетбол, волейбол, футбол алаңдары жасалды. Бүгін атқарылған жұмыстарға көңіл толады. Кеңестер Одағы кезінде мұнда сәбилер мекені болмапты. Мектепке дейінгі балалар мекемесі жекешелендіру кезінде қолдан-қолға ауысып, жұмысын тоқтатқан екен. Тасқыннан кейінгі ауылды қалпына келтіру жұмыстары басталғанда осы мәселеге көңіл бөлген облыс басшылығы жергілікті тұрғын­дардың балабақша жайлы ұсыныстарын қолдаған еді. Нәтижесінде қараусыз қал­ған үш қабатты мектеп-интернат үйінің екі қабаты балабақшаға, үшінші қабаты жас мамандарға баспана ретінде қайта жасалды. Осы мақсатқа бюджеттен 180 млн. теңге бөлінген. Ғимараттың төменгі екі қабатындағы “Нұршуақта” алты топ­қа лайықталып жасалған балабақшада саз сабағына арналған бөлме, медицина­лық кабинеттер, асхана, кір жуатын орын, тұрмыстық қызмет көрсету және әкімшілік бөлмелері орналасқан. Аулада балалардың ойын алаңы бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев орта мектеп пен “Нұршуақ” ба­ла­лар бақшасына жаңа “Газель” авто­кө­ліктерін сыйға тартты. Жас ұрпақтың ұлт­тық дәстүрге сай тәрбие алуы осын­дай мекемелерден бастау алатынына тоқталды. Қызылағаш – көп этнос тұратын ауыл. Осындағы қасірет кезінде халық бірлігі, бейбітшілік, келісім және ынты­мақтастық қағидаттарына адал барлық этностар зардап шеккендерге көмек көрсетуге кірісті, әлеуметтік нысандарды салуға өз үлестерін қосты. Әсіресе рес­пуб­ликалық ұйғырлар мәдениет орталы­ғын, түріктердің “Түркия” қоғамын, әзір­байжан мәдени-қоғамдық бірлестік­тері конгресін айрықша атап өткен жөн. Олардың өкілдері мол ақша қаражатын қосумен қатар құрылыс жұмыстарына тікелей қатысты. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдағы көп ұлтты, әрі көп балалы отбасы­ла­рын­да болды. Қызылағаш ауылындағы Бауыр­жан Момышұлы көшесінде тұра­тын Зайцев Владимир Николаевич көп жылдан бері “Квитко” шаруа қожалы­ғын­да механизатор болып істейді. Азамат­тың отбасы көп ұлттың өкілінен құралса, бүгін бәрі үлкен шаңыраққа жиналыпты. Өзі поляк, әйелі Людмила ­украин ұлтының өкілі, қызы Александра қазақ жігіті Жандоспен тағдырын қосса, Олесясы кәріс жігіті Вадимге тұрмысқа шығыпты. Тағы бір айта кететін жай Владимирдің атасы Дмитрий, шешесі Галина осы Қызылағашта өмірге келген жандар екен. Екі қызынан немере сүйген олар бүгінгі күні төрт ұрпақтың басын қосқан. Отбасындағы жарастыққа адам қызығатындай. Владимирдің әкесі Ни­колай және өзі, балалары Қызылғаштағы мектепте білім алыпты. Елбасының арнайы отбасына келге­ніне қуанышын жасырмаған Владимир мен Людмила өздеріне жасалған қам­қорлыққа ризашылықтарын білдірді. – Су тасқыны болған сәтті ұмыт­пай­мыз. Апатқа шамамен жарты сағат қал­ғанда құжаттарымызды ғана алып, ауыл­дан кетіп қалдық. Біз ғана емес, барша ауыл тұрғындары жапа шекті. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тікелей тап­сырмаңызбен төрт айда ауыл қайтадан қалпына келтірілді. Өзім тұрған үйдің ор­нына тамаша баспана салынды. Осыған қоса тұрмысқа қажеттіліктердің барлы­ғымен қамтамасыз етті. Бүгін-ертең мал әкеліп бермек. Бұдан артық қандай жақсылық болады, – деді отағасы. Мемлекет басшысы Жастар көшесін­де тұратын көп балалы Айдар Байзу­лин­нің шаңырағындағы шаттыққа ортақ­тас­ты. Бір айта кетерлігі, олар жақында ғана ұлы Айдынды үйлендіріпті. Бұл – Қы­зылағаштағы алғашқы қуаныш. Жаңа отаудағы екі жас “Дипломмен ­– ауылға” бағдарламасы аясында осындағы орта мектепте қызметке кірісіпті. Нұрсұлтан Әбішұлы олардың жаңа қоныстарына құтты болсын айтса, шаңырақ иелері ал­ғыстарын білдіріп, ыстық ықыластарын арнады. Облыс әкімі Серік Үмбетов Елбасын күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі­нің жұмысымен таныстырды. Нұрсұлтан Әбішұлы әсем ғимаратты аралап көріп, оның қызметкерлеріне сәттілік тіледі, ауыл өнерпаздарына пианино сыйға тартты. Мемлекет басшысы бұдан соң ауыл­дың шығысындағы тасқыннан бақилық болған жандарға қойылған ескерткіш-монумент жанындағы қызылағаштық ардагерлер мен жалпы жұртшылықпен кездесті. Ескерткіш-монументке гүл шоғын қойып, тағзым еткен Елбасын халық асқан риза пейілмен қарсы алды. – Құрметті халайық, қадірлі жер­лес­тер! Бүгінгі сапардың мән-жайын біле­сіздер. Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде түрлі табиғи апаттар орын алып, қаншама халық зардап шегіп жат­қаны белгілі. Қызылағаштағы жағдайдан кейін Үкіметке жедел тапсырма беріп, арнайы комиссия құрылып, үлкен жұ­мыстардың тиянағы келтірілді. 8 млрд. тең­геден астам қаржыға атқарылған жұ­мыс нәтижесінде ауыл қайта түледі. Бұл, біріншіден, мемлекет тәуелсіздігінің арқасы, екіншіден, оның күш-қуатын білдірсе, үшіншіден, елдің бірлігі мен ынтымағының нәтижесі деп бағалаған жөн. Барша халық бір жеңнен қол шы­ғарып, жұмылуының арқасында қандай жұмыс жасалғанын көрдіңіздер. Со­нымен қатар “Нұр Отан” партиясының бастамасымен әр адам бір күндік жал­ақыларын аударса, мемлекеттік компа­ниялар қорға қомақты қаржы құйды. Үкіметтің, облыс әкімінің, аудан бас­шы­ларының менің тапсырмамды орын­дауы­ның және Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктері жауапкерші­лік­ті түсініп, жедел іс-әрекет етіп, тех­никаларды топтастыруының арқасында бүгін бір ауыл қалпына келтіріліп, жа­ңарды. Бар болғаны төрт айдың ішінде барлығы жаңадан 467 үй қайта салынды. Жалпы, қазіргі әлемдік қаржы жүйе­сінде дағдарыс бар. Бос жатқан қаржы жоқ. Бірақ, мемлекет соған қарамастан, баршаңызға көмектесті, жағдай жасады. Осыны балаларыңызға, немерелеріңізге айтып, олардың елі үшін еңбек етулеріне атсалысуларыңыз керек. Ауылдағы ха­лықтың жартысына жуығы ежелгі ата­мекенін аңсап, оралған қандастарымыз. Қазақстан әлемге шашырап кеткен қандастарын атамекеніне шақырып, басын қосып, бауырына тартып жатқан бірден бір мемлекет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Әрине, шеттен оралған ағайындардың Қазақстанның бүгінгідей гүлденіп, өсіп-өркендеуіне еңбектері сіңе қойған жоқ. “Жаман айт­пай, жақсы жоқ” деген қазақтың сөзі бар. Мұндай үйлерде тұрамын деп ойла­ған жоқ шығарсыздар. Жер жаннаты Же­тісудың жаннат жерінде тұрып жатыр­сыздар. Ендігі жерде ел ішіне сіңісіп, үйреніп, бала-шаға өсіріп, жақсы өмір сүруге, осы елдің жарқын болашағына үлес қосуға ұмтылады, деп сенеміз. Қызылағаш қазір ауыл емес, қаланың деңгейіндегі елді мекенге айналды. Ендігі айтарым, ауылды көркейтуді, абаттан­ды­руды одан әрі жалғастырыңыздар. Мем­лекетке қол жайып, қарап отыратын уа­қыт кетті. Сондықтан маңайлары­ңыз­дағы жерге егін егіп, тіршілік жасаңыз­дар. Жақын күндерде әр отбасына жылқы, ірі қара, 10 қойдан беріледі. Мемлекетімізді сүю, Қазақстанның патриоты болу, тәуелсіздігімізді қолдау, жастарымызды оны қасық қаны қал­ғанша қорғауға тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Біз сіздермен қасиетті Рамазан айын­да кездесіп отырмыз. Алланың бізге де­ген шапағаты ешқашан таусылмасын. Бейбітшілік пен ел ішіндегі тыныштық­тың арқасында, Қазақстанның байлығын халықтың алдына салудың арқасында біздің болашағымыз өте зор болады. Бәріміз соған атсалысып, қолдан келгенше тер төгіп, көмектесуіміз керек. Жастарды білімді болуға, жақсы оқуға тәрбиелеу керек. Себебі, бүгін білім бәсекесінен озған ғана табысқа жетеді. Білімді, білікті жастары көп мемлекет қана озық болады. Әйтпесе біз тағы да артта қаламыз. Алдымызда жұмысымыз көп. Мінеки, индустриялық бағдарлама жасап, Қазақстанды тек қана жер қойнауының байлығына қаратып қоймай, өңдеу саласы өркендеген елге айналдырайық деп талпынып, жаңаға бетбұрыс жасап жатырмыз. Алматы облысының өзінде 16 жоба іске асырылуда. “Жол картасы” бағдар­ла­масымен жолдар салынып, елді ме­кен­дерге ауыз су әкелініп жатыр. Осылайша халық жұмыспен қамтылуда. Жыл сайын жалақы мен зейнетақы көтерілуде. Бірде бір мемлекет мұндай ауқымды жұмысты жасап жатқан жоқ. Елімізді түрлі этнос­тар мекендеп, қанша көп дін болғаны­мен, бірлігімізден айныған жоқпыз. Соның арқасында дүние жүзіне белгілі болдық. Алдағы кезде де осы құндылы­ғымызды сақтайық. Қазіргі кезде Қазақстан өзге мемлекеттермен терезесі тең ел болды, ешкімнен кем емеспіз. Алдағы уақытта әлем мемлекеттері басшыларының басы қосылып, ЕҚЫҰ-ның үлкен Саммиті өтпекші. Мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасы. Қазақты ешкім танымаса, бүгінде әлем мойын­дады. Қазақстанның дәрежесі, қазақтың дәрежесі өсті. Сондықтан ата-баба­мыз­дың төгілген қаны ақталып, ойдағы арманы орындалды. Қоныстарыңыз құтты болсын деп айтқым келеді. Өткенге салауат айтып, алдағы жақсы істерге ұмтылайық. Тәуелсіз Қазақстан жасасын! Қазақтың көкбайрағы биікте желбіресін! Қазақтың маңдайындағы жұлдызы ешуақытта сөнбесін, деп тебірене сөйледі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықпен кездесуінде. Көпшілік алдында Ақсу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Қа­сымбеков сөз алып, биылғы көктем­де­гі су тасқынынан зардап шеккен қы­зылағаштықтарға көрсетілген қамқор­лық­қа алғысын білдіріп, Елбасының кел­ген қадамына сәттілік тілеп, жинал­ғандар атынан алғысын жеткізді. Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің студенті, ауыл тұрғыны Лескен Әлбатыр­ұлы жырдан шашу шашты. Қызылағаш қасіретін еңсеру, аз ғана уақытта жаңа ауыл салып шығу барлық этностардың қазақстандық патриотизмі­нің және азаматтық топтасқандығының жоғары деңгейін көрсетті. Жаңа ауыл бой түзеп, мұнда жаңаша қарым-қатынас қалыптасуы Мемлекет басшысы бүкіл тәуел­сіздік жылдары жүргізіп келе жат­қан ұлттық саясат елдің көп этносты тұр­ғындарын біртұтас халыққа біріктіргенін іс жүзінде дәлелдеп берді. Бүгінде Қазақ­станның біртұтас халқы ортақ мақсат­тармен және міндеттермен тыныстап, ортақ құндылықтарды негізге алып, өмір сүруде. Қызылағаштықтар да барша қазақ­стан­дықтар секілді ертең Спорт күнін атап өтеді. Сондықтан да Елбасы кешегі жұмыс күнін Талдықорғанның көрікті ғимараттарының қатарынан саналатын жаңа әмбебап Спорт сарайын көруден бастады. Оның алдына жыр дүлділі Жамбылдың ұстазы, ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы деген құрметке ие Сүйінбай Аронұлының ескерткіші орнатылған. Елбасы облыс әкімі Серік Үмбетов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин бастаған өзге де ресми адамдармен спорттың көптеген түрінен жаттығулар мен жарыстар, салтанатты жиындар мен концерттер өткізуге лайықталған және жабдықталған сарайды аралады. Сарайдың екінші қабатындағы дзюдо залындағы спортшылардың кезекті жаттығуын өткізу сәтін көрді. Оқу-жаттығу ойындарын өткізген “Жетісу” кәсіпқой волейболдан қыздар командасының ойынын тамашалап, осында ауыр атлетикадан Қазақстанның құрама командасы мүшелерімен пікірлесті. Олардың арасынан алтыннан алқа тағып, көгілдір туды әлемдік олимпиадалар төрінде желбіреткен әлем чемпиондары Владимир Седов, Мая Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин бар. Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов түсінік беріп жүрді. Архитектуралық жағынан көз қызықтырған сарайдың ішкі, сыртқы келбетіне ризашылығын білдірген Президентке спортшылар әлі де талай додаларда ел мерейін өсіретіндіктерін айтып, сендірді. Күмісжан БАЙЖАН. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.