14 Тамыз, 2010

Мұғалім беделі – ел абыройы

2223 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Тамыз мәслихаты қарсаңында

Қазақстан Республикасы орта мектепте және ішінара жоғары оқу орындарында шәкірт­тердің білім деңгейін бағалау үшін Бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесін енгізді. Бұған жеті жылдай уақыт болды. Алғашқы кезеңде әр­қа­лай пікір туындатқан бұл жұмыс бүгінде бір­ша­ма жүйеге түсіп қалғаны сезіледі. Қарапайым отбасынан шыққан талапты шәкірт жинаған жоғарғы балының нәтижесінде қалаған оқуына түсетін болды. Емтихан сұрақтарының даяр жауаптары мемлекеттік құпияға ендірілгелі алыпқашпа сөздер сап тыйылды. Биыл рес­пуб­лика бойынша 110118 оқушы тест сынағын тапсыруға ниет білдірді. Былтырғы орташа көрсеткіш 74,9 балл болса, биылғы орташа балл 84-ке жетіп жығылды. Бұрын мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін ке­мінде 45 балл жинау керек болса, биыл ол 50-ге көтерілді. Осының өзі-ақ бүгінгі таңда бұл сынақ әдісімізді өмір-уақыт та жеті жыл жан-жақ­ты сынақтан өткізгендей әсер қалдырады. Әрине, бұл жұмыс алдағы уақытта барынша же­тілдіріле бермекші. Бұған техникалық мүм­кін­діктер, “енді оқымаса болмайды екен” дей­тін шәкірт жүрегіндегі түсінік те көп көмектесетіні сөзсіз. Кейде бұл сынақ жүйесі балаға көбірек ақ­парат берумен шектеледі, олардағы интел­лек­туал­ды ойды дамытпайды деген пікірлер де есті­ліп қалады. Біздің білуімізше, баладағы білім қоры әртүрлі деңгейде, сан алуан маз­мұн­да ауысып тұрады. Бастауыш сыныпта шә­кіртке берілетін білім, білік, дағдыны қалып­тас­тыруға көбірек бейімделсе, жоғары сыныпта бұл мәселе одан да кеңірек, тереңірек қарас­ты­рылады. Осы ретте баладағы бар білім қоры, ақпараттық деректер, білім мен біліктілік, өмір тә­жірибесі артқан сайын жадында қайта жаң­ғырып, белгілі бір рухани құндылыққа айна­ла­ды. Мәселен, бастауышта жаттаған өлең адам санасында ғұмыр бойы сақталады. Ал адамзат баласы сол бір өлеңнің өзін жастық шақта бір бөлек қабылдаса, егде жаста дәл сол өлеңге басқа қырынан, басқаша көзқараспен қарайды. Міне, сол себептен Бірыңғай ұлттық тестілеу сұрақтары мен жауаптарын санада сақтай білген жасөспірім бүткіл ғұмырында сол дүние­лікті алуан формада, түрлі мазмұнда оның жаңа қырларын өзінше ашумен болады. Білмегенін толықтырады, жаттағанын жаңғыртады. Қазіргі ғаламтордың жайлаған заманында баланың еске сақтау қабілетімен ұштастырылған бұл сы­нақ жүйесі тұтас жырларды, дастандарды айта алатын біздің халқымыздың ұлағатты ұрпағы үшін аса қиын сынақ деп айта алмаймыз. Адам­зат баласында ақыл-сана, парасат-пайым категориясы кейіннен қалыптасатындықтан, әдепкідегі дерек көздері ретінде қарастыры­ла­тын сұрақтың жауабын табуға құрылған бұл үр­діс әзірге көптеген мемлекеттердің білім жүйе­сіне ендіріліп отыр. Көрші Ресей мемлекеті де осы үрдіске өте бастады. Бұл біздің ұстанған бағытымыздың дұрыстығын көрсеткен секілді. Бірыңғай ұлттық тестілеуге байланысты сынақ мерзімі жақындағанда бірқатар оқу­шы­лар ақылы қосымша сабақ алып жататыны белгілі жайт. “Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?!” дегендей, тестегі сұрақтың барлық жауабын дәріс беретін өз ұстазы ұғындырып жатса, бала басқа жақтан көмек сұрап қайтеді? Демек, ұстаздар қауымының өз білімі мен кә­сіби біліктілігін, мамандық мәртебесін көтеріп отыру – уақыт талабы десек, қателеспеген болар едік. Рас, білім беру дәрежесі ең алдымен мұға­лімнің біліктілігіне байланысты. Ендеше, ұстаз біліктілігін арттырудың ауадай қажеттілігі, оның абырой-беделінің негізгі көрсеткіші секілді екені айтпаса да түсінікті. Ол ұстаздан өз мамандығы бойынша білімін үнемі жетіл­ді­ріп отыруды талап етеді. Мұндай мұғалімдерді жаңаша тәжірибелермен, озық технология­лар­мен қаруландыру ордасы, дәстүрлі оқу-әдістемелік білім көздері – біліктілікті арттыру институттарының курстары. Айталық, қазіргі кезеңдегі қойылып отыр­ған әртүрлі тапсырыс-талаптарға сай тек рес­пуб­ликалық институтта (Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық инсти­тут) 2009 жылы мемлекет тапсырысы бойынша 3800 тыңдаушы курстық іс-шаралардан өткі­зілген болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 3900-ға артып отыр. Ал келесі 2011 жылдан бастап 4200-ге, одан соң жыл сайын 300 адамға артып отырмақ. Бұған қоса мұның сыртында сан алуан курсаралық іс-шаралар – кон­фе­рен­ция­лар, семинарлар, әдістемелік кеңестер, дөңгелек үстел басқосулары, интернет-форум, интернет-семинар, он-лайн кеңестер, жазғы мек­теп, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросы, ЮНИСЕФ, KATEV халықаралық қоры, Британ кеңесі, Германиядағы Федерал­дық әкімшілік ведомствосы, Гете институты, “TEMPUS”, “Сандж”, “ІFES” секілді т.б ха­лықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы игі істер әлі де түрлендіріле, жетілдіріле түседі. Осы ретте мұғалім беделінің төмендеуіне тіке­лей әсер ететін объективті және субъективті жайттардың қатарында олар білім алған жоғары оқу орындарының алар орнын ескерген дұрыс. Кеңес өкіметі келмеске кеткен тұста жеке­мен­шік жоғары оқу орындары жаңбырдан кейін жыпырлап шыққан саңырауқұлақтардай көптеп пайда болып, сапасыз мамандарды дайындады. Олардың ара-арасында, жасыратыны жоқ, жоға­ры оқу орнының табалдырығын аттап әуре болмастан-ақ, дипломға ие боп жатқандар да кездесті. “Сырттай оқу” бітіргендердің де біразы білім сапасына нұқсан келтірді. Тіршілік толқынында күнкөріс қамы үшін көптеген білімді мұғалімдер басқа салаға ауысты. Мектепке келетіндерді тәп-тәуір даярлық­тан өткізіп үлгіретін бала бақшаларының бірқатары “жекешелендіру” науқанына ілік­кен­діктен, бастауыш мектепте (сыныпта) оқитын­дардың білім сапасы біршама төмендеді, сөйтіп ол өз кезегінде, бүкіл орта мектепте алынатын білім деңгейіне айтарлықтай әсер етті. Білім беру ісіндегі кемшіліктерге себеп бо­лып отырған жоғарыда аталған факторлар мұғалімнің мәртебесін арттыруға әлі де кері ық­пал етіп келеді. Сондықтан білім беру сала­сында бірқатар жаңаша қадамдар жасау қажет. Атап айтқанда: - бүгінгі кеңестік теория мен практикаға негіз­делген білім беру жүйесін 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіру; - қағазбастылықты қысқарту немесе жою (мұғалімдер шығармашылықпен айналысудың ор­нына талап етілетін құжаттардан өзге, көп­те­ген керекті-керексіз есептер, папкаларды, хат­тамаларды толтыруға уақыттарын сарп етеді); - мектептерге ер мұғалімдерді көптеп тарту (озық елдердегі білім беру ұйымдарында ер мұ­ға­лімдер ұстаздар ұжымының жартысын құрайды); - ақылы оқу орындарын бітіріп келген жас маман үшін қосымша сынақ жүйесін ұйым­дастыру, - білім беру ұйымдарын жөнсіз тексеруге тыйым салу; - бағалау жүйесін қайта құру (шындығында бүгінгі “5” балдық бағалау жүйесі іс жүзінде “3” балдық жүйеге түсіп қалғаны жасырын емес, “1”, “2” бағалары тіпті қойылмайды десе де болады); - мұғалімдерді сайлау, санақ, құрылыс-жөн­деу, көше тазалау, т.б. секілді науқандық жұ­мыстардан босатып, тек шығармашылықпен жұ­мыс істеуіне жағдай жасау, аталған қоғамдық іс-шараларға өз еркімен ғана қатысқан жағ­дай­да үстеме жалақы қосу немесе лайықты сыйақы беру; - газет-журналға жазылу барысында әкімшілік орындардың мұғалімдердің жеке басының құқығына араласуына жол бермеу, ұстаздардың өздеріне қажетті газет-журналдарға ғана жазылуына мүмкіншілік туғызу. “Кенгуру”, “Золотое руно”, т.б. сияқты ақылы тест сұрақтарын мектептерге таратуға тыйым салу (өйткені, ақылы сұрақтарды оқушыларға таратып ақша жинау мұғалімдердің мәртебесіне нұқсан келтіреді). Қазіргі өмір талабы бойынша 2015-2016 оқу жылынан бастап, Қазақстан Республикасында білім жүйесінің 12 жылдық оқытуға көшуі жүзеге асырылады. Бүгінде әлемде 12 жылдық мектепке есептелген жалпы орта білімнің ха­лық­аралық стандарты құрылған. Орта мектеп қабырғасында 12 жылдық білім беру АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Франция, Герма­ния, Чехия, Италия, Швейцарияда – 13 жас­тан, Голландияда – 14 жастан бастап жүр­гі­зі­ле­ді. 12 жылдыққа көшуде негізгі жүзеге асы­ры­латын жұмыс – бейінді-бағдарлы оқу болуы керек. “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасына сәйкес 2014 жылға қарай “Бейіндік мектептерге” бейіндік оқыту бағдарламасы әзірленіп, сынақтан өткізілетін болады. Ал 2015 жылдан бас­тап, бұл бағ­дар­лама бейіндік сы­нып­тары бар жалпы білім беретін ауыл­дық мектептерде, лицейлерде, гим­на­зия­ларда, дарынды балаларға арналған, сондай-ақ, бейіндік және интеллек­туал­дық мектептерде іске асырылады. Орта білімнің инфрақұрылымын дамыту жалғастырылады және мектептер техникалық жарақ-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, яғни 30-40 бейінді мектеп, оның ішінде облыс орталықтарында жатақханалары бар бейінді мектептер, жаңа үлгідегі физика, химия, мате­ма­ти­ка, биология кабинеттерімен жарақтан­дырылған мектептердің үлесі 60 пайыздан 79 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Бейінді-бағдарлы оқытудың жетістігі мынада деп ойлаймыз: 1. Бейінді-бағдарлы оқыту оқушылардың қызығушылығының, қабілетінің дамуына жағдай жасайды және олардың өздері қалайтын болашақ мамандығына, кәсібіне бейімделуін қамтамасыз етеді. 2. Орта білім алған оқушылардың шама­мен 30 пайызы мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алу, ақылы оқу, колледждерде оқу сияқты мүмкіндіктерге ие болса, қалған 70 пайызы мамандығы жоқ болғандықтан оларға жұмыс табудың өзі қиынға соғады. Содан олар­дың біраз бөлігі кәсіптік білім алуға ұмтылады. Осы мәселені тиімді шешу үшін кәсіптік-бағдарлы білімнің берері мол. 3. 10 сыныпқа негізгі мектепті аяқтаған бар­лық оқушы емес, тек жоғары оқу орнына түсемін деген ниеттегі, білім деңгейі жақсы, белгілі бір мамандық иесі болуды таңдаған оқушы ғана баруы қажет. Басқа оқушылар өз қалауымен әр түрлі кәсіптік мамандықтарды, жеке кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосатын жұ­мысшы мамандықтарын алуға мүмкіндік алады. 4. Дамыған елдерде бейінді-бағдарлы оқы­ту жүйелі түрде 7-сыныптан басталады (Фран­ция, Голландия, Англия, Шотландия, Швеция, Финляндия, Норвегия, Дания және т.б.). Біз дүниежүзілік озық тәжірибені ескеріп, қажеттісін пайдалана білуіміз қажет. Елімізде техникалық және кәсіптік білім беруді одан әрі дамытудың бағдарламасы әзір­леніп, жүзеге асырылуда. Бұл мәселеге ерекше маңыз берілгендіктен бағдарламаны орындауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арнал­ған парламенттік тыңдау өткізілді. Бірнеше рет шағын бизнесті дамыту туралы мәселе көтерілді және ол бойынша тиісті шешімдер қа­былданды. Бұл мәселе бойынша да білім беру жүйесі өте ауқымды қызметтер атқаруы қажет деп ойлаймыз. Айталық, шағын кәсіп­кер­лік оларды ұйымдастырушылардан да, жал­дамалы жұмысшылардан да тиісті білім мен білік, дағдыны қажет етеді. Сондықтан кәсіби оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруды жүзеге асырған абзал. Ал кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары өз жұмыстарын осы бағыттарға орай қайта құрулары керек. Әсіресе, бұл мәселе ауылдық жерлерде өткір күйінде қалып отыр. Білім саласында мынадай жиынтық мәсе­лелерді кешенді түрде қарастырған орынды: - мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту; - отбасылық балабақшаларды, шағын жи­нақ­талған мектептердің базасында “мектеп-ба­ла­бақша” кешенін, шағын орталықтар, балалар бөбекжайын, балабақшалар, білім беру ұйымдарының базасында мектепалды топтар мен сыныптар ашу; - пән кабинеттерінің оқу-әдістемелік тұр­ғы­да қамтамасыз етілуін, қазіргі заманғы әлеу­меттік-экономикалық жағдайларға және оқу-тәрбие үрдісінің талаптарына сәйкестендіру; - оқу-әдістемелік және ғылым мен практика, инновациялық қызмет жаңалық­тарын білім беру ұйымдарына ақпараттық технологиялар жетістіктері арқылы тарату және жандандыру, инновациялық құрылымдағы білім беру ұйымдарының санын көбейту; - өз бетінше білім алу және оны практикада қолдану қажеттігі мен дағдысын қалыптастыру, не­гізгі құзыреттіліктерді игеруге бағдарлану; - педагогтардың кәсіби және тұлғалық өсуінің маңызды шарты ретінде біліктілікті арттыруды қамтамасыз ету; - информатиканы оқытуда мультимедия­лық, оңтайлы оқу-әдістемелік кешендер мен оқулықтар әзірлеу, электронды-интернет, ин­тер­активтік техно­ло­гия арқылы он-лайн режі­мінде ша­ралар ұйымдас­ты­руды жүзеге асыру; - 12 жылдық білім беруге көшуге байла­ныс­ты педагог кадрларды қайта даярлау және білік­тілігін арттыруға жағдай жасау, бұл үшін олардың мәр­те­бесін көтеру, ма­те­риалдық-тех­ни­ка­лық базаны күшейту, редакциялық-баспа өнімдерін дербес шығара алатындай дәрежеге жет­кізу, әсіресе педагог кадрларды қайта даяр­лауда атқарылатын қызмет түрлерінің мәні орасан зор; - мектеп жанындағы ата-аналар универ­ситетінің жұмысын жандандыру; - отбасы балаларды тәрбиелеу мен дамы­тудың әлеуметтік институты болғандықтан, оның қазіргі жағдайдағы тәрбиелік мүм­кіндіктерін арттыру жолдарын қарастыру; - қосымша білім беру жүйесінің мәні мен маңызын, жалпы білім берудегі рөлін арттыру; - мектеп басшыларына талапты күшейтіп, олардың қатарын жігерлі де белсенді жас ма­ман­дармен толықтырып, оларды тәрбиелеу, ірік­теу және орналастыру, басшы қызмет­кер­лер­ге резервтер әзірлеу шараларын ұдайы жүргізу; - “Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында тәрбие берудің 2006-2011 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын” басшылыққа ала отырып, жеке тұлғаны қазақ­стан­дық отаншылдыққа, толеранттылыққа, жоғары мәдениеттілікке тәрбиелеу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру; - мұғалімдер қауымы, ішкі істер бөлімі, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбекпен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру; - 12 жылдық білім беруге көшу жағдайын­дағы педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, бұл бағыттағы оқу-әдістемелік қыз­метті жетілдіру; - мектеп кітапханаларының жұмысын дамыту; - мұғалімнің шығармашылық әрекетіне басым бағыт беру; - тәрбие беру мәселелері бойынша мұ­ға­лімдер мен ата-аналардың жауапкершілік дең­гейін арттыру, отандық, ұлттық дәстүрлер мен әлемдік тәжірибе негізінде білім беру мен тәрбие мазмұнын жаңарту; - жаңашылдық бағыттағы бастама-тәжіри­белерді зерттеуге, таратуға және оны оқу-тәр­бие үрдісіне енгізуге жағдай жасау; - оқушылардың жеке тұлғасын қалып­тас­тыруда мектеп пен отбасының өзара бірлескен іс-әрекеттерін ұйымдастыру; - бала тәрбиесіне үкіметтік емес ұйымдар мен ардагерлер кеңесі мүшелерін қатыстыру; - кәсіптік бағдарлы білім беруді тиімді жүр­гізіп, оған бөлінетін мемлекеттік гранттарды көбейту; - білім беруді модернизациялау жағдайында педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға жаңаша көзқарас қалыптастыру. Бұл аталған жайттар барлығы үнемі назарда болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мұғалім мәртебесін сөз жүзінде емес, тиісінше жалпы ұлттық дәрежеге көтеру, мемлекеттік деңгейде жұмыла қолға алу ел болашағының жарқын кепілі болмақ. Өйткені, Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында жиі тілге тиек ететін экономикасы қарқынды дамып келе жатқан шығыстағы Жапония, Малайзия, Сингапур елдері даму стратегиясын алдымен білім саласын оңалтудан бастаған. Осы жерде Жүсіпбек Аймауытовтың “Ел ісін түзеуді білім беру ісін түзеуден бастау керек” деген даналы сөзі еске түседі. Дегенмен жаңарған Қазақстан үшін қиындық жылдары экономиканы ретке келтіріп алу қажеттілігі туындағаны белгілі. Енді бүгінгі таңда рес­пуб­ликамыз тұрақты даму жолына түсіп, әлемнің алпауыт елдерімен дәрежесі тең қарым-қатынас жасай бастаған тұста, ғаламдану ағынына төтеп бере алатын білім саласын жоғары дәрежеге, әлемдік стандарт талаптарына сай құру қажет­ті­гі байқалып отыр. Ол үшін мұғалімнің мәр­тебесін де дамыған елдердегі деңгейге жеткізу оқыту ісіндегі басым бағыт ретінде бағаланады. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтеріліп келе жатқан ұстаз мәртебесін көтеру мәселесі жайдан-жай әңгіме өзегі бол­ма­ғаны байқалады. Өйткені, бірқатар жайт­тар­дың салдарынан ұстаз мамандығының қадірі төмендегені жасырын емес. Айталық, еліміздің егемендігін алған тұстағы тоқырау, жалақының төмендігі, мұғалімдердің басқа салаға (сауда-сат­тық, коммерциялық құрылымдарға) жұмыс­қа кетуі, қағазбастылық, білім беру ұйым­дарындағы ер мұғалімдердің аздығы, оқулықтар сапасының төмендігі, теория мен практиканың ұштаспауы, сапасы сын көтермейтін ақылы оқу орындарының көптеп ашылуы, ақылы оқу орындарын бітіріп, жеткілікті дәрежеде кәсіби білім ала алмаған жас мамандардың мектепке келе бастауы, білім беру ұйымдарындағы жөн­сіз тексеру мен парақорлық, “5” балдық баға­лау жүйесінің тиімсіздігі, әкімшілік орган­дарының білім беру ісіне жиі араласуы (сайлау, санақ, құрылыс-жөндеу, көше тазалау сынды науқандық жұмыстар мен мәдени шаралар, т.б. мұғалімдерді оқу үрдісін ысырып қойып мәж­бүрлеп қатыстыру), т.б. оқу-тәрбие ісіне салқынын тигізді. Осы аталғандарға көңіл бөле отырып, мұ­ғалімдердің мәртебесін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көтерген, оның абырой-беделін өз дәрежесіне биіктеткен дұрыс. Бұл үшін заңның қабылдануы аздық етеді, сондықтан оның орындалуын қамтамасыз ету үшін мұғалімдердің мүддесін қорғайтын мемлекеттік дең­гейдегі арнайы қоғамдық кеңес құрып, қадағалап отырған орынды. Ал келесі 2011 жылды Ресейдегі секілді “Мұғалім жылы” деп атап, соған байланысты әзірлік іс-шараларын жүргізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бақтияр СМАНОВ, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының директоры,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор.