27 Тамыз, 2010

Еревандағы қазақ орталығы

592 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Достық дәнекері

Жақында Армения астанасын­дағы Ереван мемлекеттік универси­тетінде қазақтың тілі мен тарихын, сондай-ақ мәдениетін насихаттай­тын орталық ашылды. Оның ашы­лу рәсіміне армениялықтармен қа­тар, бір топ қазақстандық ғалымдар да қатысты. Салтанатты рәсімде Ереван мем­лекеттік университетінің ректо­ры А.Симонян, Л.Н.Гумилев ат­ын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің ректоры Б.Әбдірайым және Қазақстанның Армениядағы Төтен­ше және өкілетті елшісі А.Бозжі­гі­тов сөз сөйлеп, бұл орталықтың қа­зақ-армян қатынастарын әрі қарай дамытуға ықпал ететінін атап өтті. – Егер тереңге үңілетін болсақ, біздің қарым-қатынасымыздың тарихы орта ғасырлардан бастала­ды, – деді Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Бақытжан Әбді­райым қазақ-армян мәдени байла­ныс­тарына тоқтала келіп. – Жау­гершілік заманда біздің бабалары­мыз – қыпшақтар Кавказ аумағы­на ат шалдырып, осы жерде армян-қыпшақ сөздіктерін, тарихи кітап­тарды қалдырған. Сөйтіп, қайта­ланбас еуразиялық архитектураның қалыптасуына ықпал еткен. Бүгінде Қазақстанда бір қауым армян этносы да тұрып жатыр. Ба­қытжан Әбдірайым сөз арасында осыған да тоқталып өтті. “Қазақ же­рінде армян этносының пайда болуы ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталады, – деді ол осы туралы. – Ар­мян халқының қазақ жерінде елеулі еңбек еткен көрнекті өкіл­дері аз емес. Солардың бірі қиын ке­зеңде ел басқарып, қарапайым ха­лықтан көмегін аямаған Левон Мирзоян еді. Ол 1933-1937 жылы Қа­зақстанды басқарды, “қазақ ұлт­шылы” ретінде саяси қуғын-сүр­гін­ге ұшырады. Қазақ халқы оның ел­ге сіңірген еңбегін құрметтеп “Мыр­зажан” деп атаған”. Салтанатты шарадан соң, қа­зақ­стандық және армениялық ға­лым­дар Ереван университетіндегі қазақ орталығын аралап көрді. Оны Қа­зақ­станның Армениядағы елшілігі жа­сақтаған, ал оның ғылыми тұр­ғы­дан қамтылуын Еуразия ұлттық универ­ситеті қамтамасыз етіпті. Ор­талықтан Абай, Ахмет, Мағжан, Мұхтар бас­таған қазақ данала­ры­ның еңбекте­рі­мен танысып, қазақ халқының өт­кені мен бүгіні туралы мол мағлұмат алуға болады. Сон­дай-ақ орталықта ғылыми, әдеби еңбектермен қатар, қазақтың бай тілін­ оқып-үйренуге қажетті кітап­тар мен электронды оқулықтар, сөз­діктер қойылған. Еуразия ұлттық университетінің рек­торы Б.Әбдірайым, Ш.Уә­ли­ха­нов атындағы Көкшетау мемле­кет­тік университетінің ректоры Ш.Ыбы­раев, ЕҰУ-дің оқытушы ға­лымд­ары З.Қабылдинов және С.Дүй­сенғазин Ереван мемлекеттік уни­версиетінің кезектен тыс ғы­лы­ми кеңесінің отырысына қатысты. Соңынан Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеті мен Ереван мем­лекеттік университеті ара­сын­да­ғы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Онда екі жоғары оқу орнында профес­сор­лар мен студенттер алмасу, бір­лесіп ғылыми зерттеулер жүргізу, конференциялар өткізу қарасты­рылған. – Саяси-экономикалық үдеріс­тер­де аса зор табысқа жеткен, бү­гін­де әлемдік қоғамдастық мой­ын­даған Қазақстанмен экономикалық қана емес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту Армения үшін аса маңызды, – деді ғылыми кеңестегі сөзінде Ереван мемле­кет­тік университетінің ректоры А.Си­мо­нян. – Бұл орталық біздің жас ға­лымдарымыздың Армения мұра­ға­тындағы қазақ халқы туралы құн­ды еңбектерді індете зерттеулеріне септігін тигізетін болады. Ал Бақытжан Әбдірайым ар­мениялық ғалымдарды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан реформалар барысымен таныстырды. Оның ішінде білім мен ғылым саласын дамыту да бар. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.