27 Тамыз, 2010

Тұғырында тұрсын тіліміз

696 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз

Тіл туралы осымен үшінші рет мемлекеттік бағдарлама қабылданғалы отыр. Алдыңғы екі онжылдыққа арналған бағдарламаларда да көп нәрсе қамтылған болатын. Солардың бәрі толықтай орындалып, түбегейлі шешімін тапты деп айту қиын. Әрине, оның әртүрлі себептері бар екені рас. Қисын тұрғысынан келсек, жұртшылыққа ұсынылып отырған үшінші онжыл­дыққа арналған бағдарлама алдың­ғы­ларының жалғасы болуы керек. Сабақтастықты сақтай отырып, өзінен бұрынғы бағдарлама­ларда қамтылмаған тың, жаңа нәрселерді де көтергені жөн. Алдағы онжылдықтағы мем­лекеттік тіл саясатының барысын, іске асырылу жайын белгілейтін маңызды құжат болғандықтан, бағдарлама жобасымен мұқият танысып шықтым. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сы­ның ұтымды, жағымды жақтары көп. Пішіні жағынан да, мазмұны жағынан да алдыңғы бағдарламаларға қарағанда ерекшеліктері бар. Тіл саясаты жөніндегі әлемдік тәжірибелердің зерттелгені, олардың қажетті тұстарының іріктеліп алынғаны байқалып тұр. Мұнда да бүкіл іс-шаралар легі әуелгі бағдарламаларға негіз болған үш арнаға тармақталған. Олар мемлекеттік тіл – қазақ тілінің рөлі, орыс тілі­нің мемлекеттік тілмен жарыса тең қол­данылуын қамтамасыз ету және елдегі өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерінің сақталуына жағдай жасау. Бұл қағида Ата Заңымыздан бастау алып, Тіл туралы заңда көрініс тапқан еді. Бағдарламаларымыз да осы шеңберден шыға алмай тұр. Аталған көзқарастың белгілі бір тарихи кезеңде қажет болғандығы сөзсіз. Алайда өмір бір орында тұрмайды ғой. Соған сәйкес заман талабына орай көзқарастың да, қолға алар іс-шаралар мен амал-тәсілдердің де өзгеруі табиғи жағдай. Оның үстіне қазақтар­дың елдегі үлес салмағы да ресми мәліметтер бойынша 64 пайызға жетті. Бұған қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері мен түрік тектес халықтарды қосыңыз. Сондықтан бұдан былайғы уақытта орыс тілін бөле-жарып көрсете беруіміздің қисыны қалай болар екен. Осы жәйтті жаңа бағдарламада ескеру керек. Осы орайда есіме Елбасының Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының екінші құрылтайында айтқан бір сөзі түсіп отыр. “Несіне жалтақ­таймыз. Тек қана қазақ тілін қалдырмаймыз ба. Қашанғы күте береміз?” деп қызбаланғаны­мызда, Елбасы шешіле, көсіле сөйлеп: “Шыдау керек. Көпірден өтетін кез көп қалған жоқ. Тағы бір жиырма жылда жағдай басқаша болады. Қазақтың саны елдің жетпіс пайызына жеткен кезде бәрі де өзгереді” деген болатын. Бұл 1992 жыл еді. Елбасы көреген екен. Айтқаны келді. Құдайға тәубе, жиырма жылда қазағымыздың саны жетпіс пайызға жуықтады. Бірақ жағдай өзгергенмен, сананың өзгеруі қиын екен. Заман өзгеріп, уақыт алға жылжыса да атқамінерлеріміз артқа қарайлауын қояр емес. Ескі дағдыға бой алдырып, әлі де орыс тілінің ықпалынан арыла алмай келеді. Жоғарыда сабақтастықты сақтау туралы сөз қозғаған едім. Ұсынылып отырған бағдарла­маның жетістіктері мен олқы тұстарын сөз етуден бұрын алдыңғы бағдарламаларға аз-кем тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Өйткені олардың басы-қасында болып, біраз жәйтке тікелей куә болған жайым бар еді. Алғашқы бағдарлама 1990 жылы қабыл­данды. Ол “Қазақ тілін және Қазақ ССР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдар­ламасы” деп аталды. Қазақ КСР Министрлер Советі Президиумының 1990 жылғы 28 мау­сымдағы №14-ІХ шешімімен бекітілді. Сөй­тіп осы бағдарламаны орындау жөніндегі жұмыс­тарды ұйымдастыру үшін Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесін құру көзделген еді. Сөзбұйдаға салы­нып, бұл кеңес құрылмай қалды. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының бұл мәселені қайта-қайта көтеріп, табандылық танытуының нәтижесінде Тіл комитетінің құрылуына қол жеткізілді. Бұл бағдарламаның кемістігі ол Кеңес өкіметі әлі тарамай тұрғанда әзірленген бола­тын. Соның өзінде ол талай үрдісті мәселені қамти алды. Бағдарлама бойынша барлық облыс 2000 жылға дейін іс қағаздарын қазақ тіліне толықтай көшіріп шығуға тиіс болатын. Олардың нақты мерзімдері көрсетіліп, арнайы кестесі дайындалған еді. Тиісті пәрмен де берілген болатын. Бірақ құндылықтардың өзгеріп, алмағайып замандардың басталуына байланысты көрсетілген көп дүние іске аспай қалды. Оның үстіне Министрлер кабинетінің сол кездегі төрағасы Ұ.Қарамановтың екі тармақтан тұратын қаулысы шықты да, жұрттың көңілін су сепкендей басты. Жұрт­шылықтың мемлекеттік тілге деген пікір ауаны өзгеріп шыға келді. Осы кезге дейін атқарған істеріміз зая кеткендей болды. Бұл бір елдің сеніміне селкеу түсірген жағымсыз жәйт болды. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы халықтық ұйым ретінде осы бағдарламаның іске асырылуына қоғамдық қадағалаушы рөлін атқарды. Бұл қызметі бағдарламада арнайы көрсетілді. Соған сай Қоғам Қазақстанның жер-жерінде қызу жұмыс жүргізді. Қоғам мүшелерінің белсенді әрекетінің арқасында рес­публика бойынша бүкіл облыс, қала дең­гейінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөнінде өздерінің жергілікті бағдар­лама­лары жасалды. Біршама жүйелі жұмыстар атқарылды. “Қазақ тілі” қоғамының “Тіл сарайын” салу туралы ұсынысы да бағдарламада көрініс тапты. Ол бойынша бағдарламада “Қазақ ССР Жоспарлау комитетіне Алматыда “Тіл сарайы” ғылыми-мәдени кешенін салу туралы мәселе қарау тапсырылады, онда мыналар ашылып, жұмыс істеуі тиіс еді: 1990-2000 жылдары “Сөз өнері” халық университеті; 1991-1995 жылдары оқу-методика орталығы; 1990-1992 жылдары республика халқы үшін қазақ тілін және басқа тілдерді тұрақты оқытып-үйрету институты (облыс орталықтары мен қалаларда филиалдары болады); 1990-1991 жылдары қоғамның республика­дағы тіл жағдайын лингвистикалық-социо­логиялық тұрғыдан зерттеуі үшін аппаратура сатып алу көзделеді; 1991-1993 жылдары шетелдік фирмаларды тарта отырып, Түркістан қаласында мәдени орталық ұйымдастыру белгіленді” делінген болатын. Қарап отырсақ, қазіргі таңда осылардың көпшілігі тап сол күйінде болмаса да, әртүрлі нысанда орындалды. Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің ыж­даға­тымен “Тіл сарайын” салу идеясы іске асып, көпшіліктің кәдесіне жарап отыр. Серік Үмбетовтің бұл атқарған еңбегіне ризашы­лығымызды білдіре отырып, елге, жұртқа қажетті дүниелерді атқаруда аянып қалмайтын осындай қайраткер, отаншыл әкімдеріміздің қатары көбейе берсе екен деп тілейміз. Түркістан қаласында ашылған Қазақ-Түрік университеті де мәдени өміріміздегі елеулі жаңалық деуге болады. Алғашқы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарының І бөлімі “Қазақ тілі” деп аталып, оның қолданылуы бойынша мынадай нақты шаралар белгіленген еді. Онда: “Қазақ КСР-нің барлық мекемелерінде, кәсіпорындарында және ұйымдарында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қолданылуы қамта­масыз етілсін” делінген. Ал орыс тілі жайында “Ресми шаралардың материалдары мен оларда жасалатын баяндамалар, сөйленетін сөздер мемлекеттік өкімет пен басқару органдарының, қоғамдық ұйымдардың актілері және басқа құжаттар қажет болған жағдайда орыс тіліне аударылуы жүзеге асырылсын”. Міне, осы екі бап әлі күнге өз деңгейінде орындалмай келеді. Ресми құжаттардың қажет болған жағдайда орыс тіліне аударылсын деген талабы өрескел бұрмалануда. Бізде құжаттың алдымен орыс тіліндегі нұсқасы даярланады да, ол қазақ тіліне аударылады. Бұл қазақ тілді мамандардың құқығын бұзуға алып келіп отыр. Шетелден келген қандастарымыздың да алдына көлденең жатып алған кедергі осы болды. Іс жүзінде бұл мүлдем керісінше болуы керек. Жиырма жыл өтсе де біз осыған қол жеткізе алмай келеміз. Соның салдарынан біржақты­лыққа ұрынып отырмыз. Орыс тілін қатар қолданудан арылу мүмкін болмаса, онда заң талабын ескеріп, кез келген құжаттың алдымен қазақ тілінде дайындалуын, содан кейін ресми құжаттардың қажет болғанда ғана аударма­шының көмегімен орыс тіліне аударылуын міндеттейтін тәжірибені іске асыруымыз керек. Мұны жиналыстарға да пайдаланған жөн. Осы арқылы тіпті болмағанда қазақ тілін орыс тілінің қолданылу дәрежесіне жеткізіп, шын мәніндегі қос тілділікке тырысайық. Бұлай болмаса, қазақ тілінің қосалқылық сипаттан арыла қоюы мүлде қиын. Бағдарламадағы 2000 жылға дейін іс қағаздарын толықтай мемлекеттік тілге көшіреміз деген сөз қағаз жүзінде қалды. 2001-2010 жылдарға арналған екінші бағдар­ламада да 2010 жылға дейін бүкіл облыстардың толықтай іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне көшіру міндеті белгіленген болатын. 2010 жыл аяқталып келеді. 2011 жыл қыр астында. Ал жағдайымыз бәрімізге белгілі. Осы жерде сұрақ туады. Елбасы қол қойған ресми құжатта көз­дел­ген бірқатар шаралардың уақтылы орын­дал­мауына кім жауап беруі керек? Осы кезге дейін тіл заңы мен мемле­кеттік бағдар­ламада көздел­ген кейбір талап­тардың орындалмағанына жауап берген жан баласын көрген жоқпыз. Талап болмаған соң, табанды іс те болмайтыны бел­гілі ғой. Сондықтан жаңа бағдарламада жауап­кершілік жағына айрықша көңіл бөлінсе екен деймін. Бұларды тізбелеп айтып жат­қа­ным, жақсымыз­ды ешкім тартып әкете қоймас, кеміс тұстарымыз қағыс қалмасын деген ой. Үшінші онжылдыққа арнап жасалып отырған бағдарламаның көптеген жақсы жақтары бар. Онда алға қойылып отырған міндеттер белгіленіп қана қоймай, соларды бағалау­дың нақты индикативтік көрсеткіш­терінің жасалуын жақсы нышан деп бағалауы­мыз керек. Дегенмен, бұл ретте жалаң статис­тикаға, құрғақ санға әуестеніп, сапаны ұмыт қалдырамыз ба деген де қауіп жоқ емес. Осы жағына абай болуымыз керек. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы­ның мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту әрі қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуы мен өрісінің ұлғаюын қамтамасыз ету. Болашақта қазақ тілін жалпыұлттық, ортақ тілге айналдыру мақсаты тұрғанын біз де ашық айтуға тиіспіз. Еліміздің экономикасы тұрақталып, әлеу­мет­тік ахуалдың беті бері қараған қазіргі­дей жаңа кезеңде мемлекеттік тіл саясаты да жаңа пәрмен алуға тиіс. Оған жүйелі, кешенді тұрғы­дан келуіміз керек. Бағдарламада мүмкін­дігінше қазақ тілін кеңінен қолдану мін­детке алынып, нақты тетіктерге баса назар аударылып отыр. Бағдарламаның басты ерекшелігі – әлемдегі үздік тәжірибелерді ескере отырып, заман талабына сай тілдік ортаны барынша қалыптастыруға күш салып, мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру. Құжатта төрт мақсат белгіленген. Сол мақсаттардан туындайтын міндеттердің ішінде қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде менің көңіл аударғым келіп отырғаны мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жүйесін дамыту міндеті. Оларды аккредиттеу мәселесінің ескерілгені. Демек, біз енді мемле­кеттік тілді оқыту мәселесін кез келгеннің үлесіне салмай, тікелей мемлекеттік реттеуге алмақшымыз деген сөз. Бағдарламада қазақ тілін қай салада, қай ортада болсын, яғни халықаралық қарым-қатынаста, ақпараттық технологияларда, тіпті ойын-сауық саласында да, сондай-ақ ғылым, заң және жаңа технологиялар тілі ретінде дамытып, қолдануға да баса назар аударылып отыр. Біздің қоғамымызда, әсіресе жастар ара­сында, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуға тиіс. Көбінде олай бола бермейді. Осы пиғыл­ды өзгерту мақсатында бағдарламада мемлекет­тік тілде сөйлеушінің жағымды бейнесін қа­лыптастыру мәселесіне баса назар аудары­лып, оны қоғамдық санаға орнықтыру мәселесінің көтеріліп отырғаны – қуантатын іс. Әсіресе, мемлекеттік тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейту, көрнекі және жарнамалық ақпарат құралдарында қазіргі әдеби қазақ тілінің орынды қолданылуына бақылауды күшейту, тілдік ортаны қалыптастыруда БАҚ-тардың рөлін күшейту, шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін оқып-үйренуде саяси дипломатиялық, әдістемелік және ұйымдас­тырушылық қолдау көрсету бүгінгі бағдарламаның жетістігі болып табылады. Түркі жазуына арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру біраз түрколог мамандардың үнемі айтып жүрген мәселесі болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру да аталмыш бағдарламада көрсетілген. Сондай-ақ осы уақытқа дейін басты назар мемлекеттік органдардағы тілдік ахуалға аударылғаны мәлім. Ендігі мәселе мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдарды, референттік топтарды, мемлекеттік тілді меңгерген басқа ұлт өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі оңтайлы шешімдер орталығын құруға бағытталып отыр. Қазіргі кезде мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қызметі әр өңірде әртүрлі екені белгілі. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту мақсатында орталықтардың аккредиттелген желісін құру мәселесі олардың қызметін бағалауды енгізу алғаш назарға алынып отырғаны да жөн. Сондай-ақ сынақ-біліктілік орталықтары желісін құрып, оқытушыларды аттестациядан өткізіп, олардың деңгейін анықтайтын сертификаттарды “Қазтест” жүйесі арқылы ұштастыру оңтайлы шешім деп білеміз. Біздің көңілімізге кірбің түсірген нәрсе бұл бағдарламада да орыс тілі жарысып жүр. Орыс тілінің функциясын сақтау деген бапты түсінбедік. Қазақстанда қай кезде орыс тілінің функциясы төмендеп еді. Төмендемек тұрмақ, әлі күнге үстемдігін жоғалтпай, қазақ тілінің адымын аштырмай келе жатқан жоқ па? Біз тіпті қос тілділікке, тілдер теңдестігіне жеткен жоқпыз. Екі тілділер тек қазақтар ғана. Екі тілді орысты тауып беріңізші маған. Жоқ. Олар тек бір ғана тілді. Олай болса, бағдарламада орыс тілін бөле-жарып көрсетіп, 2020 жылдарға қарай ел халқының орыс тілін меңгерген ересек тұрғындарының үлесін 90 пайызға жеткізу дегенімізге жол болсын. Шынтуайтына келгенде Қазақстанда орыс тілі – диаспораның тілі емес пе? Оған айрықша мәртебе беру өзге диаспоралардың көңіліне келмей ме? Ендеше, мұны бағдарламадан басы бүтін алып тастау жөн бе деп есептейміз. Әрине, Елбасының тілдердің үш тұғырлы­лығы жобасын дұрыс түсінеміз және елдің де оны дұрыс түсінгенін қалаймыз. Үш тұғырлы­лық тілдерді жарыстыру немесе теңдестіру емес. Әр тілді өзіне лайықты орнына қарай меңгеру және қолдану. Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілінің орны бөлек, оның басым тіл екендігіне ешкімнің де дауы болмауы тиіс. Соңғы кездері ел тізгінін ұстаған ұлықтарымыз бен шенеуніктеріміз үш тұғырлы тілді желеу етіп, қазақ тілін шетке ығыстыра бастаған сыңайы ашық байқалып жүр. Бұған жол беруге болмайды. Таң атпайын десе де, күн шық­қанын қоймайды демекші, қазақ тілінің бел алып, барынша басымдық танытып келе жатқаны шындық. Бұл үрдісті енді ешкім де тоқтата алмайды. Сондықтан ел тізгінін ұстаған үлкенді-кішілі шенеуніктеріміздің, жекеменшік компаниялар мен кәсіпорындар басшылары­ның, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар жетекшілерінің осынау үрдісті ескергендері, өз ұстанымдары мен бағыттарына тиісті түзетулер енгізгені жөн деп есептеймін. Бағдарламада атқарылатын шараларға нақты жауаптылар анықталып, оған қоғамдық бақылау, қоғамдық тыңдау, қоғамдық қадаға­лау, қоғамдық сараптама жасау бойынша іргелі халықтық ұйым ретінде – Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының орнын арнайы белгілесе, бағдарламаның өз деңгейінде іске асырылуына оң әсері тиеді деп білеміз. Қазіргі кезде “Нұр Отан” партиясы әрбір мекемеде жергілікті бақылау постарын орнатқанын білеміз. Осы орайда партия басқа мәселелермен бірге сол мекемедегі іс қағаз­дарының қазақ тілінде жүргізілуін де қоса қадағаласа, нұр үстіне нұр болар еді. Ғылыми жұмыстарды қазақ тілінде қорғау жағы әлі де көңіл көншітпейді. Гуманитарлық салада болмаса, жаратылыстану саласындағы ғылыми қорғаулар негізінен орыс тілінде. Сондықтан бағдарламада ғылыми жұмыстарды қазақ тілінде қорғау бөлімі туралы да қамтылу керек. Осыны индикативтік көрсеткіштерге енгізген жөн. Сонымен бірге, білім беру мекемелеріндегі аса зәру мәселенің бірі – қазақ тіліндегі сапалы оқулықтардың тапшылығы. Бағдар­ламада осы жағына да көңіл бөлу қажет. Қазақ тілінде оқулықтар жазуды, ғылыми зерттеулер жүргізуді ынталандыру тетіктері ойлас­тырыл­ғаны абзал. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдарлама алдыңғы онжылдық бағдарламадағы қамтыл­маған, іске асырылмаған шаралардың орнын толтыратын, жан-жақты қамтылған, мемле­кеттік тілді сапалы және жетік меңгергендер қатарын арттыруға мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама болады деп үміт артамын. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті,  академик.