Астанада дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті
Тәуелсіздіктің баянды, қоғам іргетасының бекем болуы ізгілікті де жасампаз істерімен астасып жатады. Алайда бәрінің басында білім мен ғылымның тұратынына ешкім де таласа қоймас. Ғылымы мен білімі жетілген елдің ғана әлемнің ұлы көшінен қалып қоймайтындығын қоғамның даму тарихынан жақсы білеміз. Сондықтан да қай елді алып қарасаңыз да бәрі дерлік халқының білім деңгейлерін үнемі толықтыруға, әсіресе жастардың сапалы біліммен сусындауына баса назар аударып отырады.
Жақында америкалық “News week” атты қоғамдық-саяси басылымы тәуелсіз сарапшылардың бастарын қосып, 100 мемлекетті бес түрлі өлшем бойынша сараптап, зерттеген болатын. Соңғы нәтижелеріне көз жүгіртсек, “Әлемнің ең үздік мемлекеттері” тізімінде Қазақстан 61-орында тұр екен. Ал “Білім беру сапасы” тізімінде біздің ел 14-орынды иеленіпті. Оның артық бояуы жоқ, нақты әрі әділ баға екеніне ешкімнің күмәні бола қоймас. Мұндай жағымды жаңалық әрине, көңіл қуантады. Егер, осы қалпымызбен білім саласындағы күш-жігерімізді одан әрі арттыра түссек, сөз жоқ, көп ұзамай бұдан да гөрі алдыңғы қатарлардан көрініп қалуымыз ғажап емес. Сол себепті де, білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларды белсенді алға бастырудың маңызы зор.
“Ұстазы заманынан озық елдің бүгіні де, болашағы да зор”, деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқанындай, білім саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ұстаз қауымының қосар үлесі айтарлықтай зор. Жыл сайын жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен ұстаздардың ерен еңбектерін бағалап, мектептердің оқу үлгерімдерін таразы басында өлшейтін дәстүрлі тамыз кеңесі өтеді. Осындай басқосу таяуда Астанада да болып өтті.
25 тамыз күні Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен өткен Астана қаласы білім саласы қызметкерлерінің Тамыз кеңесіне қаладағы барлық оқу орындарының басшылары мен мұғалім-ұстаздар, жергілікті мәслихат депутаттары қатысты. Кеңесте көтерілген негізгі әңгімелер 2010-2011 жаңа оқу жылына дайындық пен білім беру жүйесін дамытуға арнаған “Астаналық білім беру жүйесін қазіргі заманғы дамыту стратегиясы: жаңа талаптар, жаңа мүмкіндіктер” атты тақырып төңірегінде өрбіді.
Елордалық Тамыз кеңесінің алғысөзін Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина өз баяндамасымен бастады. Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын айта келе, Ә.Бимендина елімізде білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты дүниетанымы жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеп өсіру деп атап көрсетті. Баяндаманың негізгі бағдары Астанадағы білім беру мекемелерінің оқу үлгерімдері мен шығармашылық жетістіктері жайында болды. Мәселен, биылғы жаңа оқу жылына елордалық 80 мектеп оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізбек. Олардың 65-і мемлекеттік, қалған 15-і жеке меншіктегі оқу орындары болып табылады. Қала бойынша 19 мемлекеттік тілдегі мектеп болса, орыс тілде оқытатын мектептер саны – 10, ал аралас мектептер саны 36-ны құрайды. Биыл мектеп табалдырығын 6449 бала аттамақ. Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша елорда мектептерінің орташа баллдары да өсіп келеді. 2004 жылы ҰБТ қорытындысының орташа баллы 61,2 болса, биылғы жылдың көрсеткіші 97,4-ке дейін көтерілген. 2010 жылы мектеп бітіруші 90 түлек өз білім деңгейлерін дәлелдеп, “Алтын белгі” иегері атанғандықтары да елорданың мерейін үстемдей түскені сөзсіз. Елорда командасының республикалық ғылыми жарыстарға қатысулары да өте белсенді. Республикалық ғылыми жарыстардың ІV кезеңінің қорытындысы бойынша Астана қаласының командасы жалпыкомандалық есепте І орынға және “Үздік команда-2010” атағына ие болды. Астана қаласының оқушылары 2005 жылдан бері тұрақты түрде бірінші орын мен “Үздік команда” атына ие болып келгені де көңілге қуаныш ұялатады.
Сонымен қатар “Алтын белгі” иегерлерінің де саны өсіп жатқандығы анық байқалады. Егер 1998 жылы 1 ғана түлек осы белгімен марапатталған болса, 2007 жылы 65 түлек, 2009 жылы – 73, ал 2010 жылы 90 түлек өз білімдерін дәлелдеп шықты.
Бүгінгі таңда елордалық білім беру мекемелерінің 100 пайызы интернет желісіне қосылған. Жыл сайынғы білім саласына арналған қалалық бюджеттің көлемі де артып келеді. 1998 жылы елорданың білім саласына 2 млрд.теңге бөлінген болса, ал 2010 жылғы қалалық білім бюджетінің 11 млрд.теңгені құрағаны оқушылардың жан-жақты жетілулеріне толық мүмкіндік ашатындығы айтпаса да түсінікті. Шәкірттердің білім деңгейлерін нығайтумен қатар, олардың шығармашылық бейімдері мен ізденістерін еселеу үшін көптеген қосымша үйірмелер ашылып жатыр. Бұл да болса оқушылардың шығармашылық әлеуеттерін арттыруға елеулі ықпал ететіні белгілі.
Қазақстандық білім беру жүйесінде негізгі пән ретінде аптасына 1 сағат көлемінде “Өзін-өзі тану” сабағының енгізілуі биылғы жаңа оқу маусымының ең басты жаңалығы болды. Сол себепті де оқу жылы басталмай тұрып-ақ еліміздегі барлық білім беру мекемелері аталған пән бойынша қажетті оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталып үлгерген. Көптеген елордалық оқушылар биыл жаңадан салынған мектептерге сабаққа бара алады. “100 мектеп, 100 аурухана” құрылысы мемлекеттік жобасы аясында 6800 орынға арналған 6 оқу нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал 1 қыркүйекте 1200 орындық екі мектеп салтанатты түрде алғашқы қоңырауларын соғуға дайындалуда. Тағы 4 мектептің ағымдағы жылдың аяғына дейін берілетіндігін Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина ерекше атап өтті.
Білім басқармасы бастығының баяндамасынан кейін елордалық білім сапасының жоғарғы деңгейге көтерілуіне қаржыны да, күш-жігерін де жұмсап келе жатқан қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі. Қала әкімі Астананың үздіксіз өсуіне әрі сапалы білім кеңістігін құру қажеттігіне орай алға қойылып отырған басым міндеттерге тоқталды. Алдағы үш жыл ішінде елордалық білім беру мекемелерінің саны тағы да 15-ке көбейетіндігін тілге тиек ете келіп, әкім 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптар оқушылары үшін қалалық бюджет есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіндігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар И.Тасмағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген “Балапан” бағдарламасының да жемісті жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды. “Бағдарлама аясында ғана өткен толық емес жыл ішінде қалада 13 мыңнан астам жаңа балабақша ашылды деді елорда әкімі.
Одан кейін Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, білім саласындағы соңғы жетістіктер мен кейбір шешімі толық табылмай жатқан мәселелерді ортаға салды. Педагогика қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында, мемлекеттік бюджет есебінен оларды шетелдерге шығарып, тәжірибе алмасуларына жағдай жасалатындығын, сонымен қатар мұғалімдердің мәртебелерін көтеру мәселелері де жан-жақты қарастырылатындығына тоқталды. Соңғы уақыттарда мектеп бітіруші талапкерлердің араларында педагогика мамандығына деген сұраныстың күрт төмендегендігі ерекше назар аударатын мәселе екендігін, жас талапкерлердің тек мемлекеттік грантты жеңіп алу үшін ғана аталмыш мамандыққа оқуға түсетіндігін, жастардың осы мамандыққа қызықпайтындығын ашына айтты. Сондай-ақ мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін әр өңірдегі әкімдердің өз бюджеттері есебінен ұстаздарды ынталандыру іс-шараларын жүргізіп жатқандығын да атап көрсетті.
Кеңес соңында “Үздік мектеп сайты” байқауының қорытындысы бойынша І, ІІ, ІІІ деңгейлі дипломдар табыс етілсе, ерен еңбегімен ерекшеленген ұстаздарға пәтер кілттері тапсырылды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
________________________
Суреттерді түсірген Сұлтан СЕЙІТОВ.