Экспорт көлемі – 8 млн. тонна астық
Үстіміздегі жылы орын алған төтенше құрғақшылық салдарынан алынатын астықтың азаю ықтималдығына қарамастан, Қазақстан эспортқа шығаратын бидайдың көлемін бұрын межелеп қойған мезіреттен кеміткелі отырған жоқ. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл жоспарына Кеден одағындағы әріптестерінің бірі – Ресей үкіметінің сыртқа астық шығаруға тыйым салып отырғаны да әсер етпейтін түрі бар.
Аталмыш сала баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Ақылбек Күрішбаев таяуда Ақмола облысына жасаған сапарының барысында алдағы егін жинау науқанында жиналып алынатын дән мен ағымдағы жылы экспортқа жіберілетін астық турасындағы өз болжамдарын білдірген. Жоба бойынша осы күзде 13,5-14,5 млн. тонна шамасында астық қамбаға құйылып қалуы тиіс. Бұдан жыл басында белгіленген көлемде 8 млн. тонна бидай сату көзделуде. Соның ішінде 4 млн. тонна астық Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жөнелтілетін болса, тағы 3 млн. тоннасы Кавказ елдеріне, Ресей Федерациясы мен Иранға аттандырылады.
Сөздің сыңайында еліміздің экспорттық әлеуетіне әл беріп отырған фактордың бірі қамбаларымызда өткен жылдан біраз астықтың қалғандығы екенін де айтуымыз керек. Нақтылап айтқанда, былтырдан ауысып келе жатқан 6 млн. тонна астық қоры осы сенімділікке серпін беріп отыр. Ал 8 млн. тонна астықты экспортқа шығару біздің еліміз үшін де бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш болғалы тұр. Бұл сауданың сорабы осы кездерден басталып кетті. Жақында Қазақстанның көрші қырғыз еліне, көлік шығынын қоспағанда, шамамен сомасы 21,5 млн. теңге мөлшеріндегі қаржыға 150 мың тонна азық-түліктік бидай сатуға келісім бергені белгілі болды. Жалпы, Қырғызстан жыл сайын Ресей мен Қазақстаннан 300-350 мың тонна бидай сатып алып тұрады екен. Жыл басынан бері айырқалпақтылар елі бізден 160 мың тонна астық алып та үлгеріпті. Ал жоғарыдағы астықты жылдың соңына дейін әкеткілері бар.
Министрдің пайымдауынша, бұл жерде сонымен бірге мынадай да проблеманың тууы ғажап емес. Әңгіме біздің көптеген шаруа қожалықтарымыздың өнім мөлшерін нақтылы саннан артық көрсетіп, “қосып жазуға” бейімделіп қалғанында болып отыр. Мұндай көзбояушылық талай жерден әлі кезігуі мүмкін. Сондықтан 6 млн. тонна астықтың түгел қоймада жатқанына жүз пайыздық сенім жоқ. Аталған сапары барысында Ақылбек Күрішбаевтың кейінгі кездері бірқатар астық өндірушілердің жинап алған дәнді дақылдары жөнінде нақты цифр көрсетуден бас тарта бастағанын ауызға алуында да осыны дәлелдейтін нышандар бар. Сол себепті министрлік мұндайларға өз әлуетінше қарсы әрекет етуге ұйғарым жасады. Астық көлемін дәл көрсетуден бас тартушылар ендігі жерде мемлекеттік субсидиялардан толық қағылады. Министр сонымен қатар бұдан былай астықты есепке алу жөніндегі мониторинг жүйесінің айрықша қатаң тәртіппен жүретінін де атап өтті.
Осы жерде тоқталмай өтпейтін тағы бір жәйт бар. АҚШ-тың Ауылшаруашылық департаменті біздің республикада биыл жиналып алынатын астықтың ауқымы 11,5 млн. тонна ғана болатынына болжам жасауда. Ал “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының коммерциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Дәулет Уәшевтің пікірінше, мұхиттың арғы жағалауындағы елдің тиісті департаменті барлық жағдайда дерлік дәл болжам білдіріп жүр. Оның айтуынша, америкалықтар жасаған осы 11,5 млн. тонна астыққа енді өзімізде былтырдан бері келе жатқан 3,2 млн. (!) тонна қорды қоссақ, министрлік көрсеткен 14-15 млн. шамасындағы жалпы мөлшер шығады. Байқап қалған болсаңыздар, корпорация басшыларының бірі қоймадағы астықты 6 млн. емес, 3,2 млн. тонна етіп көрсетіп отыр. Бұл елеулі айырым. Сол себепті де ол біздің биылғы жылы 6 млн. тонна ауқымында астық шығара алатынымызды алға тартады. Ал Ауыл шаруашылығы министрі айтқан мөлшерде бидайды экспортқа шығара алатын болсақ, Қазақстан тағы 1,5-2 млн. тонна алтын дәнді Ресейдің азиялық бөлігіне – Челябі, Омбы облыстарына жөнелтер еді. Мұның арғы жағында 1,2-1,3 млн. тонналық Әзірбайжан, 800 мың тонналық Грузия қажеттіліктері тұр.
Қазір бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары әлемнің көптеген мүйістерінде құрғақшылық, өрт пен су тасқыны орын алуынан астық бағасының күрт өсіп кетуіне байланысты біздің астық өндіруші компанияларымыз ұзын ақшаның соңынан қуып, жинаған өнімдерінің барлығын дерлік экспортқа шығаратын шығар деген сыңайда қауіп білдіруде. Корпорация атқарушы директоры болса, өз сөзінде мұндай қатердің де негізі жоқ екенін журналистерге бірден кесіп айтты. Қазірдің өзінде ондай жағдайдың орын алмау шаралары қарастырылып жатқан көрінеді. Бүгінде аймақтарда корпорациямен меморандумға отыру рәсімі басталып кетті. Оларда әрбір облыс өзіне керекті астықтың мөлшерін нақтылап атап көрсетеді. Содан кейін өңірлер жыл бойына осы құжатта белгіленген тапсырыс мөлшерінде ұн алып тұратын болады. Корпорацияның негізгі міндеті осымен тұйықталады. Ол ішкі рыноктағы тұтынымды реттеп отырады. Ал ыстық пен құрғақшылықтың Қазақстанды да айналып өтпегені белгілі. Сондықтан астықтың белгілі бір мөлшері солтүстік өңірлерден аптаптың зардабын көбірек тартқан батыс аймақтарға аударылады.
Биылғы ауа райының ыстық болуының астыққа тигізіп жатқан пайдалы жақтары да бар екен. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы атқарушы директорының айтуынша, осы ыстық бидайдың қамырлылығын едәуір көтеріп жіберген. Мәселен, Қостанайдағы егіннің бірінші бастырылымы мұнда биыл клейковинаның 30 пайыз құрағанын көрсеткен. Ал Ақмола облысында 26-28 пайызға барған. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында бұдан сәл төмендеу көрінгенімен, бәрібір қалыптағы деңгейден едәуір жоғары болған.
Дегенмен, әлемдік рынокта Қазақстан астығының алатын орны оншалықты үлкен бола бермейтін сияқты. Мұның есесіне экспортқа астық шығару жөнінен АҚШ былтырғы (26,8 млн.) деңгейінен асып жығылатын түрі бар. Қалай дегенде де, біздің еліміздің егіншілері қазіргі қиын жағдайдың өзінде тұйықтан шығып кетудің барынша тиімді жолдарын қарастырып үлгерді. Экспортқа астық шығару – екінші кезекте тұрған мәселе.
Бізді тұйықтан жақсы шыға алатынымыз қуантады.
Серік ПІРНАЗАР.
“ЭКО SERVІCE” мұнай қалдықтарын кәдеге жаратады
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында елімізді 2020 жылға дейінгі индустрияландыру бағыттары айқындалды. Оның ішінде Сыр өңірінде жүзеге асырылатын жобалар да аз емес. Олардың негізі Оңтүстік Торғай иінінде жерасты қазба байлықтарын игеріп жатқан шетелдік компаниялардың облыс игілігі үшін қызмет жасайтын жобаларына қатысты.
Әлбетте, жалпы құны бірнеше ондаған млрд. теңгені құрайтын бұл жобалар облыс экономикасын серпінді дамытып, аймақтың әлеуетін арттырумен бірге жергілікті жердегі шағын және орта бизнестің дамуына оңды ықпал жасайтыны белгілі.
– Облыс үшін қызмет жасайтын бұл жобалар республиканың индустрияландыру картасына енгізілген, – дейді “Эко Servіce” фирмасының директоры Мусиф Жарылқасынұлы. – Ал бұл ауқымды жобалар ондаған шағын және орта бизнес өкілдерін өзіне тартып, өңірде жаңа салалардың өркендеуіне мүмкіндік береді. Осының барлығы Елбасының Жолдауында атап көрсеткеніндей, елімізде индустрияландырудың жаңа бағытта қарқынды дамып, шикізаттық емес саланың дамуына ерекше мүмкіндік жасайды.
Фирма директоры өз кәсібінің қыр-сырынан былайша мәлімет береді. Мысалы, Қызылорда өңірінде Ақшабұлақ кенішінде газ-турбиналы станса салынуда. Жоба бойынша ілеспе газды өңдеп, тұтынушыларға жеткізу шаралары қолға алынуда. Газ өңдейтін қондырғының екінші кезегі пайдалануға берілгенде Сыр өңірінің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Осылардың негізінде облыс орталығына тартылатын жоғары электр желісі экологиялық тиімді жұмыс істейтін фирмалардың өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Айталық, мұнай өндірудің қазіргі деңгейін сақтап немесе оның көлемін ұлғайту жөніндегі межелерді жүзеге асыру жаңа мұнай ұңғымаларын ұдайы іске қосумен сабақтасып жататыны заңдылық. Ал мұндай жұмыстарды атқару кезінде жергілікті жердің экологиялық талаптары бұзылуы әбден мүмкін. Құмкөл кен орнын алғашқы игерген жылдары мұндай келеңсіздіктерге оншалықты мән беріле қойған жоқ. Фирма директорының пікірінше, қазір Үкіметтің экологиялық заңдылықтарды сақтауға қатысты талаптары күшейе бастады. Осыған орай мұнай компаниялары мұнай қалдықтарынан бүлінген жер бедерін осы зиянды заттардан тазарту үшін жаңа технологияларға жүгінуге мәжбүр болуда.
– Ал біздің фирма нақ осындай мұнай қалдықтарынан бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру үшін жаңа технологияларды енгізу бағытында жұмыс істемекші, – дейді ол әңгімесін жалғастырып. – Біздің мамандар бүлінген топырақ қабаттарын мұнай қалдықтарынан тазартып қана қоймай, оларды жергілікті жердің инфрақұрылымына пайдалануға мүмкіндік алмақшы. Осыған орай Қызылорда-Құмкөл автомобиль жолының 175 шақырымында біз құрамында мұнай аралас қалдықтарды залалсыздандырып, оны тазартып, қайта өңдейтін қондырғыны орналастырамыз. Сөйтіп, біз Қазақстанда Крот-5 атты қондырғыны пайдалану арқылы мұнай қалдықтарын өңдеу технологиясын бірінші рет қолға алғалы отырмыз.
Фирма директорының айтуынша “Эконафт” технологиясы табиғи компоненттерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан бұл химиялық қондырғының зияны жоқ. Бұл Ресей ғалымдарының Курск қаласындағы экологиялық қауіпсіздік институтында жасап шығарған технологиясы болып табылады. Аталмыш технологияны енгізу үшін фирма мамандары Курскіден дайындау технологиясын ғана алдырады. Ал оны өндіруге қажетті компоненттер Қазақстанның аймақтарынан жеткізіледі. Негізгі компонент – минералды қышқылдар. Бұл сөндірілмеген әк немесе доломит, хром қышқылы болуы мүмкін. Осы үш құрамның жиынтығы негізгі компоненттің өзін құрайтын болады. Былғары өндірісінің, ет комбинаттарының, май зауыттарының және осыған ұқсас өндірістердің май құрамдас қалдықтары технология үшін қажетті шикізат болып табылады. Фирма директоры жаңа жобаны жүзеге асыру мақсатында қажетті шикізаттар табылатын өндіріс орындарымен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Фирма сөндірілмеген әкті Оңтүстік Қазақстан облысынан сатып алуды жоспарлап отыр. Бірақ оны Жаңақорған ауданында өндірудің мүмкіндіктері де қаралуда. Әзірге Жаңақорған ауданында өзіндік әк өндіруге немесе Шиелі ауданында доломитке қол жеткізуге ертерек. Бірақ, “Эконафт” технологиясының тиімділігі сол, бұл өндірісті ерте ме, кеш пе жергілікті жердің шикізаты арқылы жолға қоюға әбден болады.
Биылғы жылы басталған “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автодәлізінің құрылысын салуға жүздеген фирмалар тартылуда. Ал жоғарыда айтылған технологияны пайдалана отырып, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу жолға қажетті құм-гравий қоспасына арналған шикізатты өндіріп шығаруға мүмкіндік береді. Бұл асфальт-бетон жамылғысының беріктігін едәуір арттырады. Жаңа технологияның бір қондырғысы жылына 15 мың текше метр қалдықты өңдей алады.
Сөйтіп, жергілікті кәсіпкерлер мұнай қалдықтарын өңдеп, өңіріміздің табиғи ахуалын жақсартып қана қоймай, оларды кәдеге жарату бағытында да жаңа технологияны батыл қолға алып отыр.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ. Қызылорда облысы.