03 Қыркүйек, 2010

Әкімдер есебінің орындалуы қалай?

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сіз не дейсіз? Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің “Жергілікті атқарушы ор­гандардың басшыларының тұрғын­дар­мен есеп беру кездесулерін өткізу туралы” 2005 жылғы 6 сәуірдегі Жар­лығына сәйкес облыста биылғы жылдың 18 қаңтары мен 12 ақпаны ара­лығында барлық деңгейдегі әкім­дердің есеп беру кездесулері болып өтті. Оның біршамасына өзіміз де қатысып, мақалалар жазғанбыз. Жақ­сы бір дәстүрге айналған ой қорыту алаңдарында тұрғындар тарапынан көптеген ұсыныс-тілектер айтылғанын білеміз. Бұл өңір ахуалын одан әрі жақсартудан туған сұраныстың өскендігін аңғартады. Уәденің орындалуы, жағдайдың етек алысы қай деңгейде? “Егемен Қазақстанның” тілшісі Бақберген АМАЛБЕК Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Болат ЖҰПЫНОВҚА: – Сіз бұған не дейсіз? – Барлығы 695 кездесу өткізіліп, оған 79447 адам қатысты. Соның ішін­де 2111 адам мінберлерден сөз алып, 1761 ұсыныс-тілек енгізді. Мұның басым көпшілігі, яғни 98,9 пайызы әлеуметтік тұрғыдағы мәсе­лелер. Бізде әкім ғана емес, оның командасы түгел есеп беретіндіктен, сұрақтардың 1662-сіне сол заматта түсінік беріліп, көптеген мәселелер қолма-қол шешімін тапты. Ал, ең өзекті деген 99 сұрақ арнайы бақы­лауға алынып, олардың орындалу барысына күні бүгінге дейін тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Мәселе негізінен қаржыға ті­ре­ле­тіндіктен, барлық ұсыныстарды қаржыландырудың әртүрлі көздері айқындалды. Осының нәтижесінде ел игілігіне жаратылған дүниелер аз емес. Айталық, аудан орталығы Ар­ша­лының Митченко көшесін, Ас­тра­хан ауданы орталық қонысының ішкі жолдарын жөндеп, абаттан­ды­руға облыстық бюджеттен әрқай­сы­сына 10 миллион теңгеден бөлінді. Сондай-ақ, Арнасай ауылындағы дәрігерлік амбулатория ұйымдық техникамен жарақтандырылды. Атбасар қаласында халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақ­сатында тереңге қойылатын сорғы­лар сатып алынды. Оған аудандық бюджеттің 3541 мың теңге қаражаты жаратылды. Республикалық бюджеттен 40,2 миллион теңге қаржы бөлінуінің арқасында Ақкөл ауданындағы Алек­сеев орман шаруашылығы елді мекенін электр қуатымен қамта­ма­сыз ету, сондай-ақ, “Алексеев электр желілері” нысанының құрылысын аяқтау мәселесі шешімін тапты. Қорғалжын ауданында құны 142 миллион теңгелік Аманкелді ауыл­дық мектебі салынып, осы аудан­дағы гим­назия құрылысына бөлінген 27,8 мил­лион теңге қаржының игерілуі қам­тамасыз етілді. Жар­қайың ауда­ны­ның Костычев орта мектебі, Шой­ындыкөл және Баран­көл негізгі мек­тептерінің оқушы­лары жаңа оқу жылын көтеріңкі көңілмен бастады. Ірі кәсіпорындар, бизнес қауым­дастығы мен шаруа қожалықтары да ел тілегін орындаудан қалыс қал­май­ды. Бір ғана мысал айтайын. Ақ­мола облыстық телекоммуникация дирек­ция­сының қаржысы есебінен Ерей­мен­тау ауданының Изобиль­ный, Жақсы ауданының Новокиев­ка, Та­расовка, Калинин, Сандықтау ауда­нының Богородка ауылдарында сан­дық телефон стансалары орнатылды. Тұтастай алғанда, алғашқы жар­ты жылдықта ұсыныс-тілектердің 25,2 пайызы толық орындалды. Ал, 5,1 пайызының орындалу мерзімі кешеуілдеп отыр. Бұл жөнінде нақты ша­ралар қолданылатын болады. Жалпы, осы мәселелерге қатысты не­ғұрлым толығырақ ақпарат алғысы келген жерлестеріміздің облыс әкімі­нің сайтын пайдалануына болады. Ақмола облысы.