04 Қыркүйек, 2010

Түріктер тағы жеңіп кетті

638 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Көптен күткен Қазақстан – Түркия құрама командалары ара­сындағы бұл ойын кеше түнде ойналды. Осы күні Астананың “Ас­тана-арена” стадионына жиналған көрерменнің қарасы айтарлықтай көп болды. Сол көрермен қауым­ның ең негізгісі болып кешеннің төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев отырды. Жасыратыны жоқ, бәріміз едәуір үміт артқан матч 3:0 есебі­мен Түркия футболшыларының пай­дасына шешілді. Сөйтіп, түрік­тер тағы да мерейлерін асы­рып кет­ті. Бірақ бұл қалай дегенде бұ­дан бес жыл бұрынғы 6:0 деген есеп емес-тін. Оның үстіне біздің жігіт­тер тым нашар ойнаған жоқ. Бұл жерде жеке шеберліктері жоғары, коман­далық ойынның тәсіл­деріне тереңі­рек қанық осман­лы жігіт­терінің басым түсуі әбден заңды еді. Матч алдын ала белгіленген уақытта, тура түнгі 22.00 сағатта басталды. Біз халықаралық стан­дартқа да енді бейімделіп жүрген халықпыз ғой, Еуропа стадион­дарының бәрінде футбол ойындары осылай кеш өтетінін жаңа біліп жа­тыр­мыз. Бұл жұрттың жұмыстан кейін келіп көрулеріне де, үй­лерін­де отырып, көгілдір экраннан тамашалауларына да барынша қолайлы уақыт болып табылады. Мәселен, бізде түнде болған сол кездесуді Түркияның да, Еуропа құрлығындағы өзге елдердің де тұрғындары көріп шыққаны анық. “Бұл әнім бұрынғы әннен өзгешерек” демекші, біздің тап осы түрік қардаштарымызбен бұл жол­ғы қауышуды күткенімізге көп бол­ған. Бұл күтудің басы биылғы қыс­та Швейцарияның Ньон қаласында 2012 жылы Польша мен Украинада өтетін Еуропа чемпио­натының ірік­теу турниріне жеребе тартылғанда, біздің құраманың Түркия коман­дасымен бір топқа түскені белгілі болған шақтан да бұрын басталған. Дәлірегі, қыжыл­дың қызуы 2005 жылдың 8 маусы­мында Алматыда түрік футболшы­ларынан 0:6 есебі­мен күйрей жеңі­ліс тапқанымыздан кейін-ақ, көп ұзамай лып етіп көтерілген. Соның алдында, 2004 жылғы 9 қазанда Ыстамбұлда осы қарсыластан 0:4 болып тағы оңбай ұтылғанымыз да санамызда сартап болып тұрғанымен, екі ретте де мүлтіміз кетіп қалғандай көрінген. Енді ше, тап сол 2004 жылы Еуропа чемпионатына бару үшін Латвия­мен плей-офф шай­­қасын өткізіп, шешуші сәтте 0:1 есебімен еріксіз тізе бүккен түрік­терді де шалып жығатын тәсіл бар екеніне көңіл имен­бей иланатын. Ал бүгінде рейтин­гісі қанша жерден жоғары­лап кет­кені­­мен, латыштар кешегі кеңес кезе­­ңін­де бізден үйде де, түзде де кезек ұтылып жүр­ген елдің бүгінгі ұрпақтары болатын. Сондықтан енді қайта кез­дессек, түріктерге бұрын кеткен есеміз қайтып, көңіліміз тоғая­тындай көрінетіні шындық еді. Оның үстіне содан бері де біраз уақыт өтіп кетті. Біз түріктерге оңбай жеңілгенде, құраманың тізгіні жаттықтырушы ретінде ешқандай білімі де, білігі де жоқ Сергей Тимофеевте болды. Ол атқарған тірлігінен нәтижелі жеміс шығарудан гөрі, өзінен қалайда жауапкершілікті алшақ­татудың жайын алдымен ойлас­тырған қу жігіт болып шықты. Оның орнына голланд маманы Арно Пай­перс келгеннен соң барып, еуро­палық үрдіс пен үлгіде құрама ко­ман­далар қа­лай жатты­ғаты­нын біле баста­­дық. Расы ке­рек, ке­зеңінде жеңісі мен же­ңі­лісі қатар жүр­­ген бұл маман 2008 жылдың қазанында орынтағын бо­сат­қанға дейін қа­зақ футболын тура жол­­ға салуға біраз бағыт жасап кетті. Ал ол кеткеннен ке­йін неміс мама­ны Бернд Шторк шыл­­бырды шира­тып ұстай бастады. Жаңа бапкердің өзі де матч баста­лар алдында сол кілки ұтылыс­тардың ендігі кездесуде алға құлшына ұмтылуға үлкен себеп болатынын айтып еді. Бұған қоса сол аралықтан бері өткен біраз уақытта біз қанша­лықты деңгейде ілгері жылжи алдық, бұл матч соны да көр­сетуге тиіс болатын. Бұл – бір. Екіншіден, түрік құра­ма­сының тізгінін әлемдегі бағалы бапкер­лердің бірі Гус Хиддинк ұстады. Біздің “А” іріктеу тобында түріктер мен біздерден бас­қа тағы Германия, Австрия, Бель­гия және Әзірбай­­жан құра­малары бар екенін жанкүйер қауым жақсы біледі ғой деп ойлаймыз. Көзі қарақты оқыр­ман бірден бай­қаған шығар, бұл топ негізінен герман және түркі нәсілділер жұра­­ғатынан құра­лып отыр. Осындағы алты құрама­ның үшеуін немістер жаттықтыра­ды. Бізде Бернд Шторк бол­са, әзір­бай­жандарды Берти Фогтс, Герма­нияның өзінде Йоахим Лев бар. Сол сияқты неміс тілді Гер­мания мен Австрияны мәдениеті мен мен­тали­теті ұқсас Бель­гия толық­тырады. Ал қалған үш ел –Түр­кия, Әзірбайжан және Қазақ­стан түркі тілдес елдер болып табылады. Бір қызығы, Еу­ро­паның футбол қа­занында қайнаған бар-жоғы осы үш түркі елі болса, соның бәрі бұл жолы бір топтың торына тап келіп­ті. Мұның арғы жағында Шторк кезінде Қазақстанда туғанымен, Германияда өскен екі футболшыны құрамаға тартып отыр. Бұлардан бөлек, Алексей По­пов және Қазбек Гетериев сынды екі ресейлік ойын­шыны да қатарға қосқан жайымыз бар. Мұндай жағдайды Түркия құра­масы да қолданып жүр. Олар­да, мысалы, түбі бразилиялық Мех­мет Аурелио (шын аты-жөні Марко Аурелио) ойнайды. Бұдан бұрын сапта ағылшын Казим (Колин Ри­чардс) де болған. Бұдан қалды, құ­ра­ма­да­ғы біраз түріктің туған жер­лері басқа елдер болып келеді. Мә­се­лен, Хамит және Халил Ал­тын­топ, Нури Шахин, Хакан Балта және Омер Эрдоған – Германияда, Мәуліт Эрдинч – Францияда, ал Торғай Бахадир Австрияда туып-өскен. Енді тікелей матчтың өзіне келсек, ол түріктердің бірден бас салған жойқын шабуылымен бас­талды. Соның арқасында матчтың 1-ші минөтінде-ақ біздің қақпаға бұрыштама айып добы ба­ғытталды. Осы жағдай 5-минөтте та­ғы қай­та­лан­ды. Бірақ таяу­­да Оман құра­ма­сы­мен осы ста­­дионда жол­дастық кездесу өт­кізіп, онда 3:1 есебімен же­ңіске жетіп, кәдімгідей қораз­данып қалған біздің жігіттер бұған ыға салмады. Арасында олар да алға доп асырып, қарсылас­тарының тамырын басып көріп жатқандай әсер қалдырды. Сондай бір сәт­терде біздің Сергей Оста­пенко түрік Онур Реджеп Киврак қор­ға­ған дарбазаны баспен ныса­наға алды. Дегенмен, мықты­ның аты мықты ғой, түріктердің ойлы шабуылы барған сайын қауіпті бола түсті. Мәселен, ойын­ның 10-шы минөтінде біздің қақпашы тіке ұрылған допты әзер қағып үлгерді. Келесі қиын соққы 13-ші минөтте жасал­ды. Оны қор­ғаушы Сабри Сары­оғлу алыстан қия­лай тартты. Бұдан кейінгі сәт­тердің бірінде Мех­мет Аурелио біздің қақпа алаңын­да екі қорғау­шының ел-селін шығарса, келесі­сінде атақты Нихат Кахведжи сол маңнан сәл бол­ма­ғанда гол соғып жібере жаздады. Оны да қорғаушы­ларымыз әупірім әлегімен қайтарды. Бұдан кейін де түріктер қайта-қайта біздің қорғаныстың мазасын ала берді де, арасында алаң иелері қарсы шабуыл ұйымдастырып тұр­ды. Бұл жерде Нұрбол Жұмас­қалиевтің қақпа алаңына қарай көлбей тастаған добына Сергей Остапенконың шамалы ғана жет­пей қалғаны есте жақсы сақталды. Ал есеп тіпті де күтпеген жерден ашыла кетті. Осы тұста ойын бір­шама саябыр тапқандай болып көрініп еді, сөйтсек, онысы дауыл алдындағы тыныштықтай ғана бола салған екен. Алдымен Хамит Ал­тын­топ біздің қақпаға қарай доп зырлатты. Онысы қақпашы Андрей Сидельниковтің жанынан жанай өтіп, қақпаның оң жақ бағанына барып соғылды да, кері қарай көлбей қайтты. Міне, сол допқа он­сыз да ойын басталғалы шабуыл­да белсенділік танытып жүрген Түнжай Шанли бұрын жетті. Ол аяғын тоса қойғаны сол еді, дома­ланған доп қақпаға қарай күмп ете түсті. Сірә, біздің жігіттер түйін осы­лай ойламаған жерден бірден шеші­ле салады деп күтпесе керек, мына голдан кейін әп-сәтте бо­жырады да қалды. Тәжірибелі түріктер бұл жағдайды өте тамаша пайдалана білді. Сөйтіп, арада бар болғаны екі минөт өткеннен кейін есепті 2:0-ге жеткізді. Түріктер құра­мындағы ең атағы зор екі фут­болшының бірі болып табылатын Хамит Алтынтоп өзіне қарай зуыл­дап ұшып келе жатқан допты ша­ма­мен 25 метрдей жерден тоқтат­пас­тан қақпаға қарай ұрды да жіберді. Кездесудің екінші таймы да қонақтардың басымдығымен өтті. Бірақ бұл біздің құраманың гол соғуға мүмкіндігі болмады деген сөз емес. Ондай жағдайлар бізде бір емес, бірнеше рет болды. Алайда, бірде шеберлігі жетіспеген, бірде қатты толқып кеткен ойыншы­ларымыз олардан нақтылы нәтиже шығара алмай жатты. Оның орны­на түрік Нихат Кахведжи матчтың 74-ші минөтінде өзіне тән шебер­лікпен екі-үш қорғаушыны алдап өтті де, ойын есебінің соңғы нүкте­сін қойды. Түріктердің бұдан кейін де гол соғатын мүмкіндіктері болды. Біздің бағландар да одан құралақан қалған жоқ. Ойын сонымен бітті. Бұл ойын Түркия құрамасының топтан озып шығатын екі коман­даның бірі болуға әбден лайық екенін көрсетіп берді. Енді топтар­дағы келесі ойын 7 қыркүйек күні ойналады. Бұл күні Қазақстан құрамасы Венада Австрия команда­сымен кездеседі. Серік ПІРНАЗАР, Астана. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.