Қазақстан Конституциясының 15 жылдық мерекесі күні Ордабасы тауындағы Бірлік монументі маңында “Бірлік басы – Ордабасы” атты жиын өтті. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген жұртшылық өкілдері алғаш 1726 жылғы көктемде осында болған Бірлік басқосуының бедерлерін бейнелейтін театрландырылған көріністі тамашалады.
Одан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз алды. Еліміздің бүгінгі жеткен биіктері көз алдымызда. Елбасымыздың бастауымен Отанымыз жаңа асуларға ұмтылуда. Осы орайда Ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстік Қазақстан облысы өз үлесін еселей түсуге тиіс. Әлеуметтік-экономикалық салалардағы табыстарға нақтылы мысалдар келтірген облыс басшысы руханият жөніндегі ұмтылыстарға да жан-жақты тоқталды. Солардың бәрі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, бірлігіміз бен ынтымағымыздың нәтижелері. Бірлік пен ынтымақ – қазақтардың, барша қазақстандықтардың қастерлі туы, көздің қарашығындай сақтайтын қасиетті қазынамыз. Ұлы бабалар аманаты да сол бірлік пен ынтымақ. Кешегі Ордабасы мұраты да, бүгінгі Қазақ елінің ұраны да – сол киелі қағидалар.
Соңғы кездері Оңтүстікте оңды, ұлағатты істер, келешегімізді кемелдендірер айшықты нақыштар көбейді. Түркістанда Ахмет Ясауидің даналық сөздері тастарға оймышталып жазылды. Шымкентте “Хакім Абай музейі” ашылды. Облыс орталығындағы Ордабасы алаңында Тәуелсіздік монументі, Абай саябағында “Даңқ” мемориал-кешені пайда болды. Күні кеше ғана “Шәмші әлемі” шаттық әнін әуелетті.
Өкінішке қарай, бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні белгілі. Облыс әкімі өз сөзінде өткір сын айтуға мәжбүрленді. Тәуелсіздік монументіндегі жазулардың әріптері ұрланып, “Даңқ” мемориал-кешеніндегі жұлдыз жұлынып алынған. Ескерткіштердің әлдебір тұстарын талқандап кету, мәрмәрларын бүлдіру сияқты басқа да бұзақылықтар жасалып жүр. Кейбір жерлерде домалақ арыз, өсек-аяң тарату, сырттай ғайбаттау, бөліп-жаруға иық берушілік белең алатын жағдайлар жоқ емес. Ондай-ондай құбылулар ономастика мәселесінен де көбірек көрінуде. “Атамның атын – ауылға, көкемнің атын – көшеге” дейтін әрекеттер үдей түскен аудандар бар. Жергілікті “қайраткерлердің” аты-жөндері орынсыз тықпаланады. Өз аталары мен көкелерінің есімдерін көшелерде ғана емес, мешіттердің маңдайларында да “мәңгілік” етпекке тыраштанатын фактілер азаяр емес.
Былтырғы Наурыз мейрамы күні Түркістанда, биылғы Наурызда Қазығұртта өткен “Ырыс алды – ынтымақ” басқосуларында басалқалы байыптаулар айтылып, көптеген ұтырлы ұсыныстар ортаға салынған еді. Рас, олардың әжептеуір әсері бар. Алайда, көп нәрселер сөз жүзінде қалып келеді. Жергілікті әкімдер мен әкімдіктер, мәслихаттар, толып жатқан атқарушы және өкілетті органдар, түрлі білім және мәдениет мекемелері, қоғамдық ұйымдар, ардагер ағалар мен ардагер апалар тарапынан белсенділік төмен. Жас өскіндер тәрбиесінде жіберіліп жатқан кемшіліктер, олқылықтар мен опыныстар, өкініштер басым. Жергілікті жерде шығатын БАҚ-тардың бірқатары тағылымға, тәрбиеге, руханиятқа шынайы қызмет етудің орнына топшылдық, жікшілдік жағын, өсек-аяң өрбітуге әуестеу.
Ордабасы биігінде ой қозғап, пікір бөліскен кентаулық қажы Рақым Балабиев имандылық иірімдері хақында әңгімелесе, белгілі кәсіпкер Ержан Құралов 1993 жылғы ұлы тойдан және 1997 жылы Бірлік монументі орнатылғаннан кейін Ордабасы тауының, “Қазақ рухының қағбасы” атанған киелі төрдің мүлде ұмыт қалғанына өкініш білдірді. “Ордабасы оттары” газетінің бас редакторы Нармахан Бегалыұлы Ордабасыда сақ дәуіріндегі бабалардың асыл сүйектері жатқанын, ұрпақтардың тарихи танымдарын тереңдете түспек жолда жүйелі тірліктер қажеттігін қозғады. Арыс өзенінің бойындағы “Ауыл” кешенінде облыс әкімі берген ауызашарда да осынау ой-пікірлер жалғаса түсті.
“Сын түзелмей, мін түзелмейдіні” қазақ бекер айтпаған. Осы жолғы Ордабасы басқосуында сынның көбірек мәністелуінде мән бар. “Тек сен жақсы, мен жақсымен” істің біте берместігі белгілі. “Егемен Қазақстан” газеті биылғы 14 сәуірдегі нөмірінде “Ордабасыны ойланайықшы” деген жанайқай мақала жариялап, Ордабасының озыңқы емес, тозыңқы тартып бара жатқанын, республикалық тиісті орындардың, облыс пен қаланың, аудандардың тарапынан тараңдық танытылып, сараңдық көрсетіліп келе жатқанын, жер-жерде таласа-тармаса орнатылып қойылған рулық, тайпалық тұғырларға жиі-жиі жиналып, ұлысымыздың, ұлтымыздың ұлы ұстыны – Ордабасыны ұмыт қалдырып жүргенімізді жазған еді.
Оңтүстікқазақстандықтар ойланып, Ордабасы басқосуын өткізді. Ұсыныстар жасалды. Ұзағынан сүйіндіргей. Баянды болғай. Сөзден іс туындағай. Келесі, 2011 жылы қазақ ұлтының, қазақ елінің, қазақ жерінің тағдыры шешілген Ордабасыдағы Бірлік басқосуына 285 жыл толады. Ордабасы мұраттарын жүзеге асырған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы атап өтіледі.
Мархабат БАЙҒҰТ, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген Талғат САДЫҚҰЛЫ.