04 Қыркүйек, 2010

Судья – мемлекет пен қоғамның ірі тұлғасы

651 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мемлекеттік мәселе Өткен жылдың соңында жаңадан заң қабылданып, әр облыста, Алматы мен Астана қалаларында және Қазақстан Республикасы Әскери сотында бір-бірден тек аса ауыр қылмыстарды қарайтын мамандандырылған ауданаралық соттары құрылып, осы жылдың басынан бастап өз қызметтеріне кірісті. Соның ішінде ҚР қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының қарауына Қазақстан Республикасы аумағында жасалған аса ауыр әскери қылмыстар жіберіледі. Егер сотқа тартылған адам, яғни сотталушы өзіне қатысты қылмыстық істі алқа билердің қатысуымен қаралуын өтін­се, онда заң тәртібімен таңдап алын­ған 10 алқабидің (тағы да екі қосалқы би) қатысуымен қарауға міндетті. Бұл істерді қараудағы мамандан­ды­­рыл­ған әскери сот үшін қиыншы­лық­тардың негізі олардың бүкіл рес­пуб­лика аумағы бойынша іссапармен барып қаралуында және де сотталу­шының өтініші бола қалған жағдайда 12 алқабиді облыстық мәслихат құрған тізім бойынша таңдап алу, әрі солар­дың қатысуымен істі қараудың заңдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да, уақыт тұрғысынан да қиындығы мен күрделілігі бары рас. Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен, қазіргі кезде ұмыт қалған билер соты – дала демократиясының нағыз үлгісі болғаны, түрлі дау-дамайларды әділ шешіп, қара қылды қақ жарғандай етіп әділ билік айтуда теңдессіз болғанына таң қалмасқа шараң жоқ. Ал қазіргі алқабилер туралы айтар болсақ, оның қарапайым халықты сот билігіне, сот төрелігін жүргізуге тарту мақсатында игі оймен қатар кемшін тұстары да жетерлік. 2007-2009 жылдары аралығында республика бойынша алқабилердің қатысуымен барлығы 256 тұлғаға байланысты 137 қылмыстық іс қаралыпты. Оның 26-сы ақталған. Осының өзі бұл институттың біздің елімізге кіргізілуі әлі де болса ерте екендігінің айғағы. Сонымен қатар, бұған біз заңдық тұрғыдан да, азаматтардың құқықтық санасының даму деңгейі тұрғысынан да, психологиялық тұрғыдан да, республика аумағының өте кеңдігі тұрғысынан да, осы тер­риторияға орналасқан халықтың тығыздығы­ның аздығы тұрғысынан да әлі дайын емес екендігімізді көрсетеді. Сотталушының өтінішімен оған қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қа­рау кезде, заң негізінде жасалған алқабилерге үміткерлер тізімі бойынша сот мәжілісіне қаты­насатын азаматтардың 60-80-ін сотқа шақыр­тып, оның ішінен, заң талаптары негізінде, 12 алқабиді іріктеп таңдап алу уақыт шығынын ғана емес, біршама материалдық шығынның жұмсалатындығы да жасырын емес. Құқықтық хабарламаның әлі де болса жеткіліксіздігі, қоғамда азаматтар арасында ал­қабилер туралы заңды түсіндіру жұмыстарының жоқтығы, азаматтардың құқықтық сана дең­гейі­нің төмендігі, судьяға үміткерлерді дайын­дау сапасы мен кадрды таңдап алудағы кемші­ліктер мен жөнсіздіктерді де айтпай кетуге болмайды. Әрбір алқабиге сот процесіне қатысқан күндеріне заң талабына сәйкес төрағалық етуші судьяның күндік жалақысының 50 пайызы төленуі қажет. Бұл күніне шамамен 5 мың теңге. Мысалы, бір қылмыстық іс бойынша сот талқылауы үкім шығарған күнмен қоса алғанда 10 күнге созылса, онда 50 мың теңге бір алқа­биге, ал оны 12-ге көбейтсе, барлығы 600 мың тең­ге көлемінде болады екен. Сонда бір қыл­мыстық іс бойынша осыншама қаржы жұм­салса, бүкіл республика бойынша қаншама қар­жы жұмсалатындығын есептей беріңіз. Ал осыған жұмсалған қаржыны кәсіби судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жалақысын ұлғайтуға, сот ғимараттарын салуға, олардың материалдық-техникалық жағын дамытуға жұмсаса, құба-құп болар еді. Бұрындары екі халық заседательдерін тауып, оларды жұмыстарынан, қызметтерінен босаттырып, іске қатыстыру – судьяның онсыз да қымбат уақытын алатын іс болатындығы көпшілік заңгерлерге белгілі жәйт. Ал енді жер көлемі қашық облыс аумағында тұратын 50-ден 100-ге дейінгі адамды сотқа шақыртып, олардың ішінен 12 адамды заңға сәй­кес таңдап алудың өзі – су­дья­ның көп уақы­тын ала­тын­дығы, онсыз да қарай­тын істің көптігі­нен, қан­шалықты қи­ын­дық туғыза­тын­ды­ғы айтпаса да түсі­нік­ті. Бұл – бір. Екіншіден, сот процесіне төраға­лық етуші судья ал­­қа­билерге айып­тың мазмұнын, айып­керге тағы­лып отыр­ған қыл­мыс­­тық заңның бап­­т­а­рына жеке-жеке тоқ­талып, қа­лай дә­режелене­тіндігін, белгіле­рін, жаза түр­лерін және де қыл­мыстық істер жүргізу ко­дексі­нің осыған қатысты барлық баптарын және де басқа да мән-жайларды тәптіштеп түсіндіріп беруі керек. Ал заңнан хабары аз немесе хабары жоқ алқабилерге бұны түсіну, әрине, үлкен қиындық тудырары сөзсіз. Сот тергеуінің нәтижесі мен тараптардың жарыссөздері негізінде төрағалық етуші алқабилердің шешуіне жататын үш сұрақты: 1) әрекеттің орын алғаны дәлелденді ме? 2) бұл әрекетті сотталушының жасағаны дәлелденді ме? 3) бұл әрекеттің жасалуына сотталушы кі­нәлі ме деген және басқа сұрақтарды әрбір сотталушыға қатысты жеке, жазбаша түрде тұ­жы­рымдап, алқабилерге оқып, солардың қа­рауы­на береді. Осыншама көп сұрақтарға сауатты жауап қайтару, техникалық жағын айт­па­ғанның өзінде, заңдық білімі жоқ, мәдениеті мен ой өрісі әртүрлі алқабиге мүше адамдар үшін қаншама қиындық туғызатындығы айт­паса да түсінікті. Үшіншіден, алқабилер тарапынан қылмыс­тық істе қаралған әртүрлі мән-жайлардың сырт адамдарға жайылмауына, олардың осы іске мүдделі бөтен адамдармен байланыс жа­самауына, кеңесу бөлмесіндегі құпияның жария етілмеуіне кім кепілдік бере алады? Кепілдік тек олардың заң алдындағы, сотқа қаты­сушылар алдындағы ар-ұяты ғана. Төртіншіден, осы айтылғандарды, яғни алқабилер заңда белгіленген міндеттерін бұзған жағдайда оларды дәлелдеп, жауапкершілікке тарту да оңай емес. Осыншама процедурадан кейін, заңда көрсетілгендей, судья алқабилермен қосылып үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне бірге барып, оларға басшылық жасай отырып, сотталушының кінәсінің дәлелденгендігі немесе дәлелденбегендігі, айыбына тағылып отырған қылмысты жасағаны немесе жаса­мағаны, қылмыстық іс-әрекеттерін дәрежелеу және жаза тағайындау секілді мәселелерді бірге отырып шешу жағы онша қисынға келе бермейді. Кеңесу бөлмесінде алқабилер ешкімнің қатысуынсыз өз пікірлерін айтса дұрыс болар еді. Алқабилердің әрқайсысы сотталушының болашақ тағдырын шешетін би болғандықтан, кем дегенде, қаралып жатқан іске қатысты заң нормаларынан хабары болса игі еді. “Әділ бидің елін дау араламайды, әділ ханның ауылын жау араламайды” деген екен дана халқымыз. Әділдік жоқ жерде бәрі бе­кер­шілік. Әділдіктің, ақиқаттың жолы қашанда өте ауыр болған. Әділетсіздіктің ең сорақысы, заң жолымен жасалған әділетсіздік деп білемін... Әділетті болу, шындықты айту, шындықта тұру, заңды үкім, әділ шешім шығару үлкен біліктілікті, білімділікті, бір беткейлікті, қажырлылықты, керекті жерінде мінез танытуды, мықты денсаулықты қажет етеді. Осылардың бәрі судьяның, бидің жүйкесіне, денсаулығына ауыр сызат түсіретіні даусыз. Өйткені, кейбір адамдар шындықты ауызша айтуға келгенде алдына жан салмағанымен, бетпе-бет, жеме-жемге келгенде тайқып шыға келеді. Шындықтың көзіне тура қарай алмайды, себебі ол адамның өзі жүрек түкпірінде шындықты, әділдікті жақсы көрмейді. Алайда, өзінің ділінде жоқ әділеттілікті басқа жақтан іздегісі келеді. Шындықты басқадан іздемес бұрын, адам өзінің ісінде, сөзінде әділетті болуы керек. Адам бір былғанбау керек. Былғанса болды-ақ, сол бір жаман, лас әдетке үйір болып қала береді. Сот билігі мемлекеттік биліктің бір тармағы. Сондықтан да сот Төрелігін әділ жүргізу қоғамды, елді, адамдарды жақсылыққа апаратын төте жол. Демек, өте үлкен жауапкершілікке тиісті жалақы да болғаны абзал. Мысалы, көршіміз Ресей мен Түркиядағы біз сияқты судьялар біздерден екі-үш есе артық жалақы алатындығы белгілі. Қазақстан жерінің асты да, үсті де байлыққа тұнып тұрған бай ел, соны тиімді пайдаланса, республика бойынша барлық саны шамамен 2500-дей болатын судьяларды, ешнәрсеге, ештеңеге алаңдамайтындай материалдық жағынан лайықты қамтамасыз етуге болады ғой. Себебі, “сананы тұрмыс билейді” деп К.Маркс айтқандай, егер алар жалақысы жоғары болса, өз отбасының мұқтаж-талаптарын белгілі бір мөлшерде еркін қанағаттандыра алса, онда ар-ұятын ойлайтын саналы судья жемқорлықтың, парақорлықтың ауылынан алыстау жүретіндігіне кәміл сенімім бар. “Халыққа бай құт емес, би құт”деген екен Төле би. Және де ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның ары мен білімі болады депті. Осыларды терең зерделесек, ел, жұрт, халық алдында судьяның орны да, қызметі де зор екенін анық байқаймыз. Судья, би, шын мәнінде, мемлекет пен қоғамның, заңның өте ірі тұлғасы. Сондықтан да, осыған байланысты менің жеке пікірім, судьяға үміткер адам өмірлік те, кәсіби де мол тәжірибесі бар, жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білетін, жасы 30-35-ке толған, жоғары заң білімі бар, ары таза, мәдениетті, әділетті шешім қабылдауға жаны құмар, заңсыздыққа басқызатын қоқан-лоқы әрекеттерден жасқанбайтын, парасатты адам болуы қажет. Облыстық сотқа 40-45 жасқа, ал Жоғарғы Сотқа 50-55-ке толған, төменгі сот инстанцияларында кемінде 5-10 жыл судья болып қызмет істегендер арасынан іріктеліп, таңдалып алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, судьяға үміткермен бірге қызметтес болған, оны адами, кәсіби жағынан жақсы білетін екі-үш беделді заңгерлер немесе тікелей бастықтары жазбаша мінездеме (рекомендация) берсе және сонысына олар белгілі бір дәрежеде жауапты болса. Елбасы Н.Назарбаев та былтырғы жылы қарашада өткен Қазақстан Республикасы су­дья­ларының 5-съезінде судья қызметіне орна­ласу үшін жас мөлшерін көтеруді, ал қазіргі заңда көрсетілген 25 жасты тым аз санай­тындығын қадап айтты. Судьялық қызмет, құқықтық-демократия­лық елді құру және дамыту барысында, әділ заң негізінде дұрыс билік айтуды талап ететін, әрі сот шешімі мен үкіміне соңғы болып нүкте қоятын, заң саласының ішіндегі ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте зор, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым деп есептеймін. Ондай лауазымды, зор мәртебелі мемлекет­тік судьялық таққа отырған тұлға қазақтың тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиетін біліп, шариғатты таныған иманды азамат болса. Дана Абай “Иманның тазалығын шын ұқтырмай, сыртын қанша жуса да іші оңбаған” деген екен. Бізде иман жеткіліксіз. Тазалығы болмаған адам, мейлі білімді, мейлі ақылды, кім болса, ол болсын, ешкімге опа бермейді. Өйткені ең жоғарғы сот – ол адам бойындағы ар соты. Заңсыз үкім шығарған судья өзіне-өзі үкім шығарғанмен тең. Соттың, жалпы сот жүйесінің абыройы мен беделі әрбір судьяның ар тазалығы мен білімділігінен, парасаттылығынан құралады демекпін.